15.05.2026
09:47
155
Жаңалықтар

Пcевдопсихологтар көбейген қоғамда менталды саулықты қалай сақтаймыз?

Әлеуметтік желіде психолог іздеген адам бүгін жүздеген ұсынысқа тап болады. Бірі «ішкі блоктарды ашамын» дейді, енді бірі «бір курста өмірің өзгереді» деп уәде береді. Дағдарыста жүрген адам үшін мұндай сөздер үміт сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ психологиялық көмек пен әдемі жарнаманың арасы әрдайым бірдей емес.

фото: gov.kz 

Психологияға сұраныстың артуы тек әлеуметтік желідегі тренд емес. Соңғы жылдары психикалық денсаулық мәселесі әлемдік деңгейде де, Қазақстанда да жиі талқылана бастады. Бұған пандемиядан кейінгі күйзеліс, жалғыздық, мазасыздық, әлеуметтік қысым және адамдардың психикалық саулық туралы ашық айта бастауы әсер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 пандемиясының алғашқы жылында әлемде мазасыздық пен депрессияның таралуы 25 пайызға өскенін хабарлады. ДДҰ-ның 2025 жылғы дерегіне сүйенсек, елдердің 80 пайызынан астамы төтенше жағдайға жауап беру жүйесіне психикалық денсаулық пен психоәлеуметтік қолдауды енгізген, яғни бұл сала жаһандық саясаттың да маңызды бағытына айналып отыр.     

Қазақстанда да психологиялық қолдауға жүгінетіндер саны аз емес. 2025 жылдың 9 айында еліміздегі психологиялық қолдау орталықтары 23 мыңнан астам азаматқа көмек көрсеткен. Сонымен қатар елде 43 жоғары оқу орны психолог мамандарын дайындайды, бакалавриат, магистратура және докторантураны қосқанда бұл бағытта 17 мың студент білім алып жүр, ал жыл сайын шамамен 3,5-4 мың түлек диплом алады.                                                                            

Психолог, әлеуметтік ғылымдар магистрі, Назым Бозымбаева да қазіргі таңда психологқа жүгінетіндер аз емес екенін айтты. 

Иә, психологиялық көмекке жүгінетіндер саны аз емес, бірақ әр психологтың қабылдайтын адам саны, өз нормасы болады. Сонымен қатар әр психологтың айналысатын сұрақтары мен тақырыптары бөлек. Мысалы, менің жұмыс бағытымнан бөлек мәселе болса, адамды басқа әріптестеріме жіберемін, – дейді.

Маманның айтуынша, оның тәжірибесінде адамдар көбіне қарым-қатынас мәселесімен келеді. Әсіресе тұрмыс құрмаған қыздар мен жігіттер жиі жүгінеді. Бірақ жігіттер қыздарға қарағанда сирек келеді және көбіне жағдайы күрделенген кезде ғана маман көмегін іздейді.

Жігіттер көбіне критикалық жағдайда келеді. Ондай кезде мен психиатрға жүгінуге кеңес беремін. Қажет болса, стационарлық ем алғаннан кейін ғана психологиялық жұмысты бастауға болатынын айтамын, – деді психолог.

Сұраныс артқан жерде ұсыныс та көбейеді

Психологияға қызығушылық артқан сайын, бұл тақырып әлеуметтік желіде де кең тарала бастады. Қазір цифрлық кеңістікте өзін «психолог», «ментор», «коуч», «сананы ашушы», «травма емдеуші» деп таныстыратын адамдар көбейді. Олардың кейбірі нақты кәсіби білімін көрсетсе, енді бір бөлігі қысқа курстар мен жеке тәжірибесін негізгі дәлел ретінде ұсынады.           

Осы тұста «псевдопсихолог» ұғымын нақтылау маңызды. Назым Алтайқызының айтуынша, мұндай адамдар көбіне кәсіби білім мен жеке өмірлік тәжірибенің арасын ажырата бермейді.

Фото автордан

Псевдопсихолог дегеніміз – ең бірінші, жоғары білімі жоқ адам, яғни осы мамандық аясында бакалавр, магистратура немесе басқа кәсіби дипломы жоқ адамдар. Айтып отырған псевдопсихологтар көбіне өмірінде неше түрлі жағдай болып, қандай да бір өмірлік кезеңді бастан кешіріп, «менің тәжірибем бар, мен адамдарға керекпін» деп оны әлеммен бөліскісі келетін жандардың арасынан пайда болады. Олар тек бөлісіп қана қоймай, психолог ретінде консультация бастап жатады. Бұл тұрмыстық деңгейдегі психология (житейская психология) деп аталады. Ал мұның ғылыми психологиядан айырмашылығы жер мен көктей, – дейді психолог.

Маман «бұл жерде адами фактордан бөлек, қысқа курстар  жасап, сертификат берушілер санының артуы да мәселені ушықтырып тұр», - дейді.

Бұдан бөлек, осындай жандарды қолдайтын орталықтар, ассоциациялар, курстар ашылып жатыр. Мысалы, «сертификатыңды ала ғой, енді сен коучсың» дейді. Ал адам бір айда немесе бір жылда қандай маман болып шығады? Ешқандай квалификациясы жоқ, – деді Назым Алтайқызы.

Курстар мен сеанстар

Әлеуметтік желідегі мұндай қызметтер жеке консультациямен ғана шектелмейді. Кей парақшаларда «рухани практика», «ішкі энергиямен жұмыс», «трансформация», «жаңа деңгейге шығу», «ішкі блоктарды ашу» сияқты атаулармен түрлі сеанстар, марафондар мен курстар ұсынылады.

Назым Алтайқызының айтуынша, мұндай ұсыныстардың ішінде психологиядан гөрі философиялық немесе идеологиялық бағытқа жақын дүниелер де кездеседі.

Қазір «Балидағы рухани практика» деген секілді курстар толып кетті. Кейде басқа елден идеологиялық, мүмкін философиялық түрде қандай да бір жаңа дүниені бізге ілім ретінде көрсететіндер бар, – дейді психолог.

Маманның айтуынша, оның тәжірибесінде күмәнді сеанстар мен курстардан кейін жағдайы нашарлаған адамдар кездескен.

Өзім бір өткен тренингті бақыладым. Ер адамдарға арналған тренинг болған. Ондағы тапсырмалары: бір күн көшеде қайыр сұрау, адамдардан тамақ алып беруін сұрау немесе бір күн далада түнеу сияқты тапсырмалар болған. Әлеуметтік желіде де бұл тренинг туралы жазылып, резонанс туындаған. Кей қатысқан адамдар осыдан кейін психиатриялық клиникаға жатып қалған, – деді Назым Алтайқызы.

Назым Алтайқызы мұндай форматты психологиялық көмекпен шатастыруға болмайтынын айтады.

Мұндай тренингтерді өткізуге мүлде болмайды. Бұл психологияны бизнеске айналдырудың көрінісі деп ойлаймын. Себебі әр адамның психикасы әртүрлі болғандықтан, бұл дұрыс емес. Психика – әйнек секілді өте нәзік. Онымен өте нәзік жұмыс жасау керек. Сондықтан қандай да бір техникамен жұмыс жасаған кезде әр ұсақ нәрсені зерттеу қажет, – деп түсіндірді Назым Алтайқызы.

Заң жобасы нені реттемек?

Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде де көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында халықты алдап, ақша тауып жүргендерді бақылауға алуды тапсырды.

Қазір жұртқа ақыл айтып, ақша табатын жалған психологтар мен «коучтардың» саны көбейіп кетті. Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Маған бұл мәселеге қатысты көптеген шағымдар түсті. Жауапты органдар бұл мәселені де назарға алуы тиіс, – деді президент.

Ескерту кейін заңнамалық деңгейдегі талқылауға ұласып, 2026 жылғы 8 сәуірде Мәжіліс «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы бойынша арнайы реестр құрылмақ. Аталған тізілімге тиісті дипломы немесе сертификаты бар білікті психологтар енгізіледі. Заң талаптарына сәйкес, реестрге енбеген мамандар психологиялық қызмет көрсету құқығынан айырылады.

Бұл мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов пікірін былай білдірді.

Мысал ретінде айтайын. Ажырасқан, күйзелісте жүрген адам, қолында балалары бар, көмек іздейді. Ол әлеуметтік желіден өзін психолог деп таныстырған адамды табады. Әдемі парақша, белгісіз онлайн курстардан алынған сертификат, мыңдаған жазылушы. Ол маманға соңғы ақшасын беріп, айлап барады, бірақ жағдайы жақсарудың орнына, керісінше нашарлайды. Егер аспаз адамды улап қойса, мейрамхана жабылады, жауапкершілік бар, іс қозғалады. Ал егер аталған психолог адамның тағдырын, өмірін тас-талқан етсе ше, кім оған жауапты? Осындай жағдайларға байланысты біз бұл заң жобасын әдейі әзірледі, – деді ол.

Заң жобасына сәйкес реестрге енбесе де, өзін психолог ретінде таныстырып, курс сатқандар алаяқтық бабы бойынша жазаланады. Дипломы бар мамандар да қайта даярлау сабақтарынан өтіп, кемі бес жылда бір рет емтихан тапсыруға міндеттеледі. Тізілім электронды форматта жүргізіліп, деректердің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Психологиялық көмекке жүгінген әрбір азамат маманның біліктілігін тексеріп, сенімді әрі кәсіби психологты таңдай алады. Бұдан бөлек, психологтың кеңесінен кейін күйзеліс үдей түссе, сотқа жүгінуге болады.        

Маңызды нормалардың бірі – психологтарға медициналық қызмет көрсетуге және дәрілік ем тағайындауға тыйым салынды. Сонымен қатар қызмет нәтижесіне кепілдік беруге немесе жалған ақпарат таратуға жол берілмейді. Аталған ережелерді бұзғаны үшін жеке әкімшілік жауапкершілік енгізу және айыппұл санкцияларын қарастыратын түзетулер де талқыланып жатыр.

Психолог Назым Алтайқызы заң жобасын әлі де нақтылауды қажет ететін құжат деп санайды.

Шынымды айтсам, бұл заңнама әлі шикі материал сияқты. Психология бір бағытта ғана жұмыс жасамайды, оның бағыттары өте көп. Әрқайсысы әртүрлі деңгейде жұмыс істейді. Сондықтан бәрін бір жалпы талаппен реттеу қиын. Реестрге келсек, ол жерде барлық ақпараттың ашық болуы қаншалықты дұрыс? Бұл жеке ақпарат қой. Екінші мәселе – мемлекет оны қалай реттейді? Диплом алған адамның бәрі керемет психолог болып кетпейді. Кейбір маман терең терапиядан өтпеген, супервизия алмаған немесе нақты тәжірибесі аз болуы мүмкін. Егер психологтар емтихан тапсыруы керек болса, ол емтиханды кім және қалай бақылайды? Әр психологиялық бағыт бойынша бөлек кәсіби комиссия қажет болуы мүмкін. Сондықтан қазіргі заң жобасы тым жалпылама көрінеді. Кейін нақты жағдайларға келгенде түрлі қайшылықтар пайда болуы әбден мүмкін, – деді Назым Алтайқызы.

Психолог бұл ретте көрші Қытай елінің тәжірибесін ескеруіміз қажет дейді.

Мысал ретінде Қытай тәжірибесін айтуға болады. Онда әлеуметтік желіде белгілі бір тақырыпта блог жүргізу үшін сол салаға қатысты біліміңізді дәлелдейтін құжат қажет. Егер адам фуд-блогер болса, тамақтану немесе тағам қауіпсіздігі саласында белгілі бір білімі болуы керек деген талаптар талқыланған. Талапқа сай келмесе парақшасын бұғаттайды. Осындай тәсілді әлеуметтік желідегі псевдомамандарға қатысты да қолдануға болады, – деді ол.

Заңнама тұрғысынан мәселе тек парақшаны бұғаттаумен шектелмейді. Психолог атауын кім қолдана алады, маманның біліктілігі қалай тексеріледі және клиент құқығы қалай қорғалады деген сұрақтар да маңызды. Осы тұрғыдан шетелдегі тіркеу, лицензиялау және кәсіби атауларды қорғау тәжірибесі назар аудартады.

Австралияда өзін «psychologist» ретінде таныстырып, осы атаумен кәсіби қызмет көрсету үшін маман ресми тіркеуден өтуі керек. Ресми деректе жалпы тіркеуге үміткер маман әдетте алты жылдық білім мен кәсіби дайындықтан өтетіні көрсетілген: төрт жыл аккредиттелген психология бағдарламасы және одан кейін екі жыл бекітілген кәсіби дайындық. Кейбір жағдайда ұлттық психология емтиханын тапсыру да талап етіледі.

Ұлыхбританияда жалпы «psychologist» сөзі барлық жағдайда толық реттелетін атау емес. Бірақ «clinical psychologist», «counselling psychologist», «forensic psychologist», «educational psychologist» сияқты нақты кәсіби бағыттар бойынша өзін маман ретінде таныстыру үшін адам арнайы реестрде болуы керек. Бұл Қазақстан үшін маңызды ескерту: егер заң тек бір атауды ғана реттесе, псевдомамандар басқа атаумен қызметін жалғастыруы мүмкін

АҚШ-та психологтарды лицензиялау штаттар арқылы жүргізіледі. Мысалы, Нью-Йорк штатында психолог ретінде лицензия алу үшін докторантура деңгейіндегі білім, бақылаумен өткен кәсіби тәжірибе және емтихан талап етіледі. Ал Калифорнияда психолог лицензиясы үшін 3000 сағат бақылаудағы кәсіби тәжірибе қажет, оның 1500 сағаты докторлық деңгейден кейін жиналуға тиіс.

Канададағы Онтарио провинциясында адам өзін «psychologist» немесе «psychological associate» ретінде таныстырып, психологиялық қызмет ұсынуы үшін арнайы кәсіби колледжге тіркелуі қажет. Ресми заңнамада бұл атаулардың қысқартылған немесе басқа тілдегі баламасын да тіркелмеген адамның пайдалануына шектеу қойылған. 

Біз көбіне өзімізді Америка немесе Еуропамен салыстырамыз. Америкада психологқа бару қалыпты жағдай, адамдар менталдық саулыққа көбірек мән береді. Бірақ салыстыру кезінде әр елдің даму деңгейін, мәдениетін және қоғамдағы психологиялық сауат деңгейін ескеру керек. Сондықтан шетел тәжірибесін толық көшіріп алу емес, Қазақстан жағдайына бейімдеп қолдану маңызды, – деп түсіндірді психолог.

Психолог таңдағанда нені ескеру керек?

Психолог таңдауда тек әлеуметтік желідегі парақшаға, пікірлерге немесе сертификаттарға сүйену жеткіліксіз. Назым Алтайқызының айтуынша, ең алдымен адам сеанстан кейінгі ішкі күйіне назар аударғаны дұрыс.

Психологиялық білімі жоқ адамға психологтың қаншалықты білікті екенін бірден түсіну қиын. Менің ойымша, ең бірінші белгі – адамның сеанстан кейінгі ішкі күйі. Егер адам психологтың бір сеансынан кейін аз да болса жеңілдік сезінбесе, керісінше, одан сайын ауыр ойларға батып, өзін қиын сезінсе, бұл дұрыс емес белгі деп ойлаймын. Білікті психолог сұрақтарды өте мұқият қоюы керек. Әр айтқан сөзін сүзгіден өткізуі қажет. Егер психолог адамға: «сіздікі дұрыс емес», «осы жағдайда сіз былай істеуіңіз керек еді» немесе «сенің проблемаң проблема ма?» деген сияқты сөздер айтса, мұндай психологтан қашу керек, – дейді.

Назым Алтайқызы психолог таңдағанда маманның білімі мен тәжірибесін тексеруден ұялмау керек екенін айтады.

Авторы: Асылжан Ерболатқызы