Пайызсыз ислам ипотекасы арқылы баспана алғысы келетіндер нені білуі керек

Пайызсыз ислам ипотекасы арқылы баспана алғысы келетіндер нені білуі керек

Амангүл Тілейқызы
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда шариғат талаптарына сай баспана сатып алуға мүмкіндік беретін ислам ипотекасын енгізу жоспарланып отыр. Дәстүрлі тұрғын үй несиесінен айырмашылығы – мұнда қарыз алушыға пайыз есептелмейді. Алайда бұл сатып алушы артық төлем жасамайды дегенді білдірмейді. Ислам ипотекасының қандай ерекшеліктері бар және оны рәсімдеу кезінде нені ескеру керек?

Дәстүрлі ипотека қалай жұмыс істейді?

Дәстүрлі ипотека рәсімдеу кезінде банк клиентке белгілі бір пайызбен несие береді. Мәселен, сатып алушы құны 30 млн теңге болатын пәтердің 20 пайызын, яғни 6 млн теңгесін бастапқы жарна ретінде төлесе, қалған 24 млн теңгені банктен алады.

Осы сомаға пайыз есептеліп, ай сайынғы төлемнің бір бөлігі негізгі қарызды өтеуге, қалғаны банк алдындағы сыйақыны төлеуге жұмсалады.

Аннуитеттік төлем жүйесі бойынша алғашқы айларда төлемнің басым бөлігі пайызды өтеуге кетеді. Уақыт өте келе негізгі қарыз азайып, оған есептелетін пайыз мөлшері де төмендейді.

Осы жүйеге байланысты 15-20 жылға рәсімделген ипотеканың артық төлемі пайыздық мөлшерлемеге қарай бастапқы несие сомасынан 1,5-2 есе асып кетуі мүмкін.

Ислам ипотекасының ерекшелігі неде?

Ислам ипотекасында көбіне «Мурабаха» қаржыландыру тәсілі қолданылады. Бұл жүйе бойынша банк клиент таңдаған жылжымайтын мүлікті өзі сатып алып, оған алдын ала белгіленген үстеме баға қосып, бөліп төлеу шартымен қайта сатады.

Шетелде ислам ипотекасының басқа да түрлері қолданылады. Мәселен, «Иджара» жүйесі баспананы кейін сатып алу құқығымен жалға алуды көздейді. Ал «Мушарака» жүйесі бойынша баспана банк пен сатып алушының ортақ меншігіне рәсімделеді. Кейін клиент банктің үлесін біртіндеп сатып алады.

Пайыз болмаса, банк қалай пайда табады?

Ислам ипотекасында негізгі қарыздың қалдығына пайыз есептелмейді. Оның орнына банк жылжымайтын мүліктің бастапқы құнына үстеме баға қосу арқылы пайда табады.

Мәселен, банк 30 млн теңгеге пәтер сатып алып, оны клиентке 45 млн теңгеге сатуы мүмкін. Бұл жағдайда 15 млн теңге банктің үстеме ақысы болады (шартты мысал).

Баспананың соңғы құны мен ай сайынғы төлем мөлшері келісімшартқа қол қою кезінде бекітіліп, төлем мерзімі аяқталғанға дейін өзгермейді.

Ипотеканы мерзімінен бұрын өтеу тиімді ме?

Дәстүрлі ипотекада қарызды мерзімінен бұрын өтеу арқылы банкке төленетін пайыз мөлшерін азайтуға болады. Ал ислам ипотекасының «Мурабаха» жүйесінде жағдай басқаша.

Банк баспананы алдын ала бекітілген бағамен сататындықтан, клиент қосымша төлем жасау арқылы қарызын өтеу мерзімін қысқарта алады. Алайда баспананың келісімшартта көрсетілген жалпы құны өзгермейді. Яғни сатып алушы артық төлемді азайта алмайды.

Дегенмен исламдық қаржыландыруда «Ибра» деген ұғым бар. Бұл – клиент қарызын мерзімінен бұрын өтеген жағдайда банктің өз еркімен үстеме ақының бір бөлігінен бас тартуы. Алайда мұндай жеңілдік барлық клиентке беріле бермейді.

Ай сайынғы төлем кешіктірілсе не болады?

Ислам ипотекасы бойынша да төлемді уақытында жасамаған клиентке айыппұл салынуы мүмкін. Алайда одан түскен қаражат, әдетте, банктің табысына емес, қайырымдылық мақсаттарына жұмсалады.

Бұл исламдық қаржыландыру қағидаларымен байланысты. Оған сәйкес қаржы ұйымы клиенттің қаржылық қиындыққа тап болуынан пайда көрмеуі тиіс.

Айта кетейік, 2026 жылғы қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанда ислам ипотекасының нақты талаптары әлі жарияланған жоқ. Сондықтан оның дәстүрлі ипотекадан қаншалықты тиімді екенін жаңа бағдарлама ресми түрде іске қосылғаннан кейін ғана бағалауға болады.

Оқи отырыңыз

{