Жаңалықтар

Павлодарда дәрігерлерге пышақ кезеген адамды қандай жаза күтіп тұр

11.06.2026 11:45
Көктем Қарқын
Фото: коллаж AI / El.kz

Павлодарда көшеде жатқан ер адамға көмек көрсетуге келген жедел жәрдем қызметкерлері күтпеген жерден шабуылға ұшырады. Күдікті дәрігерлерге пышақпен қоқан-лоқы көрсетіп, жүргізушіні ұрып, реанимобильді бүлдірген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Реанимобильді ойрандап, жүргізушіні ұрған

Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының мәліметінше, жедел жәрдем бригадасына жасалған шабуылдан кейін зардап шеккен медицина қызметкерлері полицияға арыз жазған.

Оқиға Назарбаев даңғылы, 89-үйдің ауласында болған.

10 маусым күні сағат 14:57-де жедел жәрдем қызметінің диспетчерлік пультіне көшеде белгісіз ер адамның жерде жатқанын хабарлаған тұрғыннан қоңырау түсті. Дәрігерлер оған көмек көрсетуге тырысқан кезде ер адам агрессия танытып, бригада мүшелеріне пышақпен қоқан-лоқы жасап, оларға шабуылдаған, – деп хабарлады «103» қызметінің баспасөз қызметі.

Белгісіз азамат жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін ұрып, кейін реанимобиль салонына кіріп, медициналық көліктің ішін ойрандаған. Ол дәрі-дәрмек ампулаларын сындырып, медициналық құрал-жабдық салынған сөмкені көліктен сыртқа лақтырып жіберген.

Оқиғадан зардап шеккен медицина қызметкерлері полиция шақырып, шабуыл фактісі бойынша арыз жазды.

Медицина қызметкерлерін қорғайтын заң бар

Соңғы жылдары елімізде медицина қызметкерлеріне жасалатын шабуылдың жиілегені белгілі. Осыған байланысты Қазақстанда ақ халаттыларды қорғауға бағытталған жаңа заң қабылданған болатын. 2026 жылғы наурыздан бастап дәрігерлерге күш көрсету немесе қоқан-лоқы жасау үшін арнайы қылмыстық жауапкершілік енгізілді.

Енді медицина қызметкеріне күш қолданамын деп қорқытқан адамға миллиондаған теңге көлемінде айыппұл салынуы немесе бірнеше жылға бас бостандығы шектелуі мүмкін. Ал денсаулыққа зиян келтірген жағдайда жаза одан да қатаң. Егер шабуыл медицина қызметкерінің өміріне қауіп төндірсе, кінәлі тұлға 5 жылдан 10 жылға дейін, ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Заңның мақсаты қандай?

Заңның басты мақсаты – дәрігерлерді ерекше мәртебесі бар маман ретінде қорғау. Өйткені олар төтенше жағдайда, жол апатында, ауруханаларда немесе шақырту кезінде адамдардың өмірін сақтап қалу үшін жұмыс істейді.

Павлодардағы жағдай жаңа заңның қаншалықты өзекті екенін тағы бір рет көрсетті. Өмірін құтқаруға келген адамға шабуыл жасау тек моральдық тұрғыдан ғана емес, енді құқықтық тұрғыдан да ауыр қылмыс саналады.

Оқи отырыңыз