23 Қараша, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?GLP-1 гормонының рецепторларына әсер ететін, салмақ тастау үшін жиі қолданылатын препараттар сүт бездерінің маммограммадағы көрінісіне әсер етуі мүмкін. АҚШ радиологтары осындай қорытындыға келді.
Зерттеушілер әйелдердің дәрі қабылдағанға дейінгі және бір жылдан кейінгі маммограммаларын салыстырып, қатысушылардың басым бөлігінде сүт безі тіндерінің тығыздығы өзгергенін байқаған. Ал кейбір әйелдерге қосымша тексеруден өтіп, биопсия жасату ұсынылған.
GLP-1 препараттары қалай әсер етеді?
Семіздікті емдеу кезінде дәрігерлер дұрыс тамақтану мен дене белсенділігін арттыруды ғана емес, дәрілік препараттарды да тағайындайды. Кейінгі жылдары GLP-1 гормонының рецепторларына әсер ететін, салмақты азайтуға көмектесетін дәрілер кеңінен қолданыла бастады.
Олардың қатарында семаглутид негізіндегі «Оземпик» пен «Вегови» препараттары бар. Семаглутид – ағзадағы глюкагон тәрізді пептид-1 (GLP-1) гормонының аналогы. Бұл гормон тәбетті, қандағы глюкоза деңгейін реттеуге қатысады әрі асқазанның босау жылдамдығына әсер етеді. Препарат GLP-1 рецепторларымен байланысып, олардың белсенділігін арттырады.
Алайда салмақтың едәуір азаюы адамның сыртқы келбетіне ғана емес, сүт безіндегі әртүрлі тіндердің арақатынасына да ықпал етуі мүмкін.
Сүт безінің тығыздығы неліктен маңызды?
Сүт безі негізінен майлы және фиброгландулярлық тіндерден тұрады. Фиброгландулярлық тіннің құрамына безді құрылымдар – сүт безінің бөліктері мен сүт өзектері, сондай-ақ дәнекер тін кіреді.
Маммограммада бұл тіндер әртүрлі көрінеді. Сондықтан сүт безіндегі фиброгландулярлық және майлы тіндердің арақатынасы оның рентгенологиялық тығыздығын анықтайды. Фиброгландулярлық тін майлы тінге қарағанда көбірек болса, маммограммадағы тығыздық та жоғары болады.
Бұл көрсеткіштің маңызы зор. Біріншіден, сүт безі тіндерінің жоғары тығыздығы қатерлі ісікке шалдығу қаупінің артуымен байланысты. Екіншіден, тығыз тіндер маммограмма арқылы ісікті анықтауды қиындатады.
Мұның себебі – тығыз фиброгландулярлық тін мен көптеген ісік түзілістері рентген суретінде ақшыл болып көрінеді. Соның салдарынан олар айналасындағы тіндермен бірігіп, дәрігерге анық байқалмауы мүмкін.
Бір жылда 18 келі салмақ тастаған
АҚШ-тағы Бостон қаласындағы Brigham and Women’s Hospital радиологтары осы мәселені зерттеуге кірісті. Ева Гомбос (Eva Gombos) бастаған мамандар GLP-1 рецепторларына әсер ететін дәрілерді қабылдап, салмақ тастаған әйелдердің сүт бездерінде қандай өзгерістер болатынын анықтауға тырысты.
Зерттеуге 34 пен 79 жас аралығындағы 107 әйел қатысқан. Оларға «Оземпик» немесе «Вегови» препараттарын қабылдауды бастамас бұрын және бір жылдан кейін маммография жасалған. Дәрігерлер екі кезеңдегі суреттерді салыстырып, сүт бездерінің тығыздығын бағалаған.
Зерттеу нәтижесінде әйелдердің 62,5 пайызында сүт бездері рентген суретінде бұрынғыдан тығыз көрінген.
Ғалымдар мұны салмақ тастаудың ерекшелігімен байланыстырады. Зерттеуге қатысқан әйелдер орта есеппен 18 келі салмақ жоғалтқан. Соның нәтижесінде кеуде көлемі де кішірейген. Алайда сүт безіндегі тіндер көлемі дәл осындай көлемде азаймаған: майлы тіндер фиброгландулярлық тіндерге қарағанда көбірек қысқарған.
Осылайша, сүт безінің жалпы көлемі азайғанымен, оның құрамындағы фиброгландулярлық тіннің үлесі артқан. Зерттеушілер маммограммада тығыздықтың жоғарылауын осы өзгеріспен түсіндіреді.
Кейбір әйелдерге қосымша тексеру ұсынылған
Зерттеу барысында қатысушылардың шамамен 17 пайызында сүт безі терісінің қалыңдағаны байқалған.
Ева Гомбостың айтуынша, салмақ азайған кезде тері қатпарланып, оның астындағы дәнекер тіндер маммограммада айқынырақ көрінуі мүмкін.
Сонымен қатар әйелдердің 22,4 пайызында рентген суреттерінен әдеттен тыс көрінетін, қосымша тексеруді қажет ететін аймақтар анықталған. Осыған байланысты оларға тереңірек зерттеуден өту ұсынылған.
Төрт әйелге биопсия жасау қажет болған. Алайда барлық жағдайда оның нәтижесі теріс болып шыққан: қатерлі ісік белгілері анықталмаған.
Маммография алдында дәрі қабылдайтыныңызды ескертіңіз
Зерттеушілер пікірінше, «Оземпик» және осыған ұқсас препараттардың көмегімен жылдам арықтау сүт бездерінің маммограммадағы қалыпты көрінісін өзгертіп, қосымша тексерулерге себеп болуы мүмкін.
Сондықтан мамандар әйелдерге маммографиядан өтер алдында салмақ азайтуға арналған осындай дәрілерді қабылдап жүргенін дәрігерге хабарлауға кеңес береді. Бұл маманға салмақ тастағанға дейінгі және кейінгі рентген суреттерін салыстырғанда тіндердегі өзгерістерді ескеруге көмектеседі.
23 Қараша, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?23 Қараша, 09:02
Қасқыр мен жылқының дауысын айнытпай салатын қазақ қызы көпшілікті таңғалдырды19 Қараша, 15:00
Алты жыл күткен тарихи оқиға: Қазақстанда UFC турнирі қашан өтеді?12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік