15 Қазан, 14:55
Мұхит ортасындағы мегаполис: өзге елдерден ең оқшау орналасқан Гонолулу шаһарыҚазақстанда Отбасының цифрлық картасы арқылы азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы бағаланып, мемлекеттік қолдауға мұқтаж отбасылар анықталады. Жүйеде 20,6 миллион азамат туралы мәлімет қамтылған. Ал бұл деректердің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Осы сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бақтияр Жазықпаев жауап берді.
Вице-министрдің айтуынша, Отбасының цифрлық картасындағы азаматтардың жеке және қаржылық мәліметтері мемлекеттік қызметкерлерге толық көлемде қолжетімді болмайды.
«Қаржылық ақпараттың барлығына толық қолжетімділік берілмейді. Азаматтың тегі көрсетіледі, өйткені қызметкер жәрдемақыны кімге тағайындап отырғанын білуі керек. Алайда біз атап өткен барлық мәліметті ол көре алмайды», – деді Бақтияр Жазықпаев.
Оның түсіндіруінше, жүйе мемлекеттік ақпараттық базалардан алынған деректерді автоматты түрде талдап, отбасының әлеуметтік әл-ауқат санатын анықтайды.
Ал аумақтық департамент қызметкері тек өтінішті және әлеуметтік төлем тағайындауға қажетті ақпаратты ғана көре алады. Азаматтың барлық банк операцияларын, мүлкін немесе жылжымайтын мүлікке қатысты толық мәліметтерін жеке-жеке қарауға мүмкіндік берілмейді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасында 6,2 миллион отбасыға біріктірілген 20,6 миллион азамат туралы ақпарат бар.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істейтін жүйе әр отбасының цифрлық бейінін қалыптастырып, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалайды.
Бағалау Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесіп әзірленген әдістеме негізінде жүргізіледі.
Отбасылардың әл-ауқаты 8 негізгі бағыт пен 59 көрсеткіш бойынша анықталады. Олардың қатарында табыс деңгейі, жылжымайтын мүлік, автокөлік, жер учаскелері, жұмыспен қамтылу, несие берешегі және кәсіпкерлік қызмет туралы мәліметтер бар.
Жүйе кешенді бағалау нәтижесінде отбасыларды бес санаттың біріне жатқызады:
А санаты – әл-ауқаты жоғары отбасылар;
В санаты – ауқатты отбасылар;
С санаты – әл-ауқаты қанағаттанарлық отбасылар;
D санаты – экономикалық тұрғыдан осал отбасылар;
Е санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар.
Мысалы, А санатын анықтауда отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыстың жеті күнкөріс минимумынан, яғни шамамен 350 мың теңгеден кем болмауы ескерілуі мүмкін. Сонымен қатар тұрғын үй, коммерциялық жылжымайтын мүлік, бизнес және қымбат автокөліктердің болуы да назарға алынады.
Дегенмен отбасының санаты бір ғана көрсеткішке байланысты белгіленбейді. Барлық әлеуметтік-экономикалық мәліметтер жиынтық түрде бағаланады.
Отбасының құрамы мен әлеуметтік әл-ауқат деңгейі ай сайын қайта есептеледі.
Азаматтың табысы өзгерсе, мүлкі сатылса немесе сатып алынса, отбасы мүшелерінің саны көбейсе, бұл өзгерістер мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы цифрлық картада ескеріледі.
Егер азамат өз отбасына берілген санатпен келіспесе, тұрғылықты жері бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тиісті аумақтық департаментіне немесе жергілікті атқарушы органның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жүгіне алады.
Қате мәліметтер бастапқы мемлекеттік дерекқорда түзетілгеннен кейін цифрлық картаға автоматты түрде енгізіледі. Келесі бағалау кезінде отбасының санаты қайта анықталады.
Министрліктің түсіндіруінше, жүйенің басты міндеті – әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарды дер кезінде анықтап, оларға мемлекеттік қолдау шараларын өтініш бермей-ақ ұсыну.
Бұл ретте азаматтардың жеке деректерін қорғау маңызды мәселелердің бірі болып қала береді.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, әлеуметтік төлемдерді тағайындайтын қызметкерлерге азаматтардың толық қаржылық ақпараты ашылмайды. Қажетті талдауды цифрлық жүйе автоматты түрде жүргізеді.
Осылайша, Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыруға және мемлекеттік қолдауды нақты мұқтаж отбасыларға бағыттауға арналған.
15 Қазан, 14:55
Мұхит ортасындағы мегаполис: өзге елдерден ең оқшау орналасқан Гонолулу шаһары15 Қазан, 11:03
Дәрігерлерді қорғаудың жаңа жолы: Қазақстанда кімдерге 13 млн теңге төленеді14 Қазан, 18:14
АПВ-ға қарсы вакцина жүктілікке қалай әсер етеді? Ғалымдар зерттеу нәтижесін жариялады13 Қазан, 12:09
Албанияда бұлтқа ұқсайтын ерекше ғимарат салынады