«Отандық стилистерді таңдайды»: Елена Рыбакинаның фотосессиясы АҚШ жұртын тәнті етті

«Отандық стилистерді таңдайды»: Елена Рыбакинаның фотосессиясы АҚШ жұртын тәнті етті

Айзат Айдарқызы
Фото: Jordan Bank / Getty Images for WTA

Елена Рыбакина өткен аптада US Open турнирінде топ жарды. Бұл – әлемдегі маркетингі озық, көп жарнама әкелетін, теннис жұлдыздары көптен күтетінін жарыс. Қазақстандық теннисшіге қазір бүкіл әлем көз тігіп отыр. Соның айғағындай Рыбакина Эмпайр-Стэйт-Билдинг ғимаратында чемпиондық фототүсірілім жасады. Оның стилі мен сұңғақ бойына қызықпағандар кемде кем. 

Елена Рыбакина «Үлкен дулыға» санатына кіретін үшінші турнирде топ жарды. Иә, қазақстандық теннисшіге US Open турнирі бағынбай жүрген бір белес еді. Бұған дейін алғашқы айналымда есе жіберіп жүрді. 2025 жылы төртінші айналымнан үйіне қайтты. Биыл АҚШ-тың ашық чемпионатында жергілікті жанкүйерлердің көзінше Коко Гауффты қапы қалдырғанында көпшілік таңдай қақты. Ал финалда бітіспес қарсыласы Арина Соболенконы жеңіп, турнирдің үздігі болды. Сөйті де, әлемнің бірінші ракеткасы деген айбарлы атаққа қол жеткізді.   

Ұйымдастырушылар дәстүрге сай теннисшіні Эмпайр-Стэйт-Билдинг ғимаратына апарып, чемпиондық фототүсірілім жасады. Түсірілімге аталған ғимаратты таңдауда үлкен мән жатыр. Кешеннің биіктігі 443 метр десек, түсірілім 102 қабатта өтті. Бұл «әлемнің бірінші ракеткасының орны биікте» немесе «чемпиондар тек биіктен қарайды» дейтін мағына берсе керек. Елена болса фототүсірілімге US Open титулы мен бірінші ракеткаға беретін статуэтканы ала келіпті. 

Фототүсірілімге қара түсті қымбат тастармен көмкерілген көйлек пен қызыл түсті қысқа көйлекті таңдаған. Теннисшінің байсалды образына көйлек жараса кеткен. Әлеуметтік желі қолданушылары да Еленаның қос образын да ұнатып, оң бағасын берді.

Әсіресе, теннисшінің қара түсті миди ұзындықтағы көйлегі бірден көзге түседі. Аксессуарлары да көзжауын алады. Көйлектің жеңі мен жағасындағы қымбат тастардың түсіне ұқсас аяқкиімі мен сырғасы жараса кеткен. Сондықтан әлеуметтік желіде оқырмандар «Рыбакина жақсы стилист таңдаған», «ақыры жақсы маман тауыпты» дейтін пікір жазған. 

Оған қоса қазақстандық теннисші АҚШ-тағы танымал таңғы шоу СBS Morning бағдарламасында қонақ болды. Мұнда танымал адамдар келіп, өміріндегі маңызды жаңалықты айтып береді. Елена Рыбакина да турнир туралы, әлемнің бірінші ракеткасы атанғаны туралы айтып, Мария Шараповамен кездесу жайында баяндап берді.

Еленаның стилисті кім?

Елена Рыбакинаның командасында бірнеше адам жұмыс істейтінін білеміз. Оның бапкерлері – Стефано Вуков пен Станислав Хмарский. Физиотерапевті – Стефан Дюлль. Фитнес тренері – Альдо Киари. Оның спаринг-жұбы – Адам Джонс. Теннисшінің менеджері – Николас Цекос. Ал Рыбакинаның жеке стилисі бар ма?

 Жеке стилисі туралы толық мәлімет жоқ. Десе де Елена 2024 жылы Дубайдағы фототүсірілімде стилисі ретінде Ажар Елеусізованы шақыртқан. Tenniscore стиліндегі түсірілімге Sandro, Dior, Celine брендтері демеуші болды. 

Ал 2022 жылы Астанада өткен фототүсірілімде стилисі ретінде Нұрсұлтан есімді маманды көрсеткен. Аталған екі түсірілімді де өзбекстандық фотограф Тимур Өтешбеков түсірген. 

Қазір Елена Рыбакинаның еншісінде Уимблдон, Australian Open, жылдың қорытынды турнирі, Indian Wells Open,  Римде өткен WTA-1000, Штутгарт (екі рет) трунирі бар. Биыл жылдың басында Australian Open-де жеңіске жетсе, жылдың аяғына таман US Open-де топ жарды. Осылайша, бір жылда екі рет Grand Slam санатындағы турнирде жеңіске жетті. Енді Францияның ашық чемпионатында (Ролан Гаррос) көш бастаса, төрт ірі турнирді жеңген теннисшілердің қатарына кіреді.  

Оқи отырыңыз

{