05.05.2026
17:20
155
Жаңалықтар

Өскемендегі оқиға: жарылыстан кейін қалада не болып жатыр?

Бүгін Өскемендегі «Қазмырыш» цехында жарылыс болды. Түтінсорғышты тазалау барысында жарылыс болып, салдарынан өрт шығып, ғимараттың бір бөлігі құлады. ТЖМ Стратегиялық жоспарлау орталығының базасында жедел штаб құрылды. 

Ауа сапасы нашарлады

Өскемен тұрғындарын кәсіпорында жағдайға  шошытты. Сол маңнан қою түтін түтін шығып, көкке  көтерілген. Куәгерлердің таспалаған кадры әлеуметтік желілерде тарап кетті. Қазір  Қазгидромет мамандары қаладағы ауа сапасына тексеру жүргізіп жатыр. Мамандар күкірт қышқылы, күкіртсутек, күкірт диоксиді, хлорсутек, азот диоксиді, азот оксидіне сынамалар алған.

Бірінші нүкте – Белинский көшесі, 3 мекенжайы бойынша жүргізілген тексеріс нәтижесінде хлорсутек бойынша шекті рұқсат етілген мөлшерден 1,8 есе артық екені анықталды. Екінші нүкте – Асқар тау көшесі, 11 мекенжайында күкіртсутек шекті рұқсат етілген мөлшерден– 1,7 есеге, ал көміртек тотығы – 3,6 есеге асып кеткен. Үшінші нүкте – Широкая көшесі, 16 мекенжайында тікелей өлшеу әдісі бойынша шекті мөлшерден асу фактілері тіркелген жоқ", – деп жазылған зерттеу нәтижесінде. 

Жедел желі қосылды

ТЖМ ақпаратына сәйкес, өрт электролиз цехының балқыту бөлімінде шыққан. Құтқарушылар келген сәтте бөлім өртеніп жатқан. ТЖМ қызметкерлері  120 шаршы метр аумақтағы өртті толығымен сөндірген. Сондай-ақ 220 шаршы метр аумақта цех құрылымдары опырылып түскен. 

7 адам зардап шекті, оның ішінде 2 адам қаза тапты, 2 адам ауруханаға жатқызылып, 3 адам үйіне жіберілді, - деп хабарлады ТЖМ.

Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Апат салдарын жоюға жеке құрамнан 80-ге жуық адам мен 18 техника, кинологиялық есептоптар, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері, командалық-штабтық машина және ТЖМ-нің ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды. Қазіргі уақытта үйінділерді тазарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Қалада ТЖД-де жедел желі телефоны жұмыс істейді: 8 (7232) 55-38-19.