Өсімге бастар мың мүмкіндік: «Атамекен» іскер әйелдер қауымдастықтарын біріктірді

Өсімге бастар мың мүмкіндік: «Атамекен» іскер әйелдер қауымдастықтарын біріктірді

Асқар Таудай
Фото: Ашық дереккөзден

Түркістан қаласында өткен «1000 әйел – 1000 мүмкіндік» ұлттық конгресіне Қазақстанның барлық өңірінен мыңға жуық кәсіпкер әйел жиналды. Жиында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, бизнесті қаржыландыру, өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа нарықтарға шығу мәселелері талқыланды.

Дүниежүзілік әйелдер кәсіпкерлігі күніне орай ұйымдастырылған ұлттық конгресс өңірлік іскер әйелдер кеңестерін, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығын, салалық бірлестіктер мен кәсіпкерлік қоғамдастықтарды бір алаңға тоғыстырды. Іс-шараны «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту комитеті ұйымдастырды.

Кәсіпкер әйелдердің басым бөлігі алғашқы қадамын өзі тұратын елді мекенде жасайды. Алайда бизнесті одан әрі өркендету үшін өндіріс қуатын арттыруға қажетті қаржы табу, өнімді өткізу нарығын кеңейту және өңірден тыс тұтынушыларға жол ашу маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпорындарды ұзақ мерзімді қаржыландыру мен ауылдық жерлердегі өндірушілердің өнім өткізу мүмкіндігін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударған болатын. Түркістандағы басқосуда осы түйткілдер жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың тәжірибесі негізінде талқыланды.

Қазақстан Республикасы Құрылтайы Төрағасының орынбасары, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева конгресте негізгі баяндама жасап, әсіресе ауылдық жерлер мен аудандарда кәсіп бастаған әйелдердің алдында тұрған кедергілерге тоқталды. Оның айтуынша, кәсіпкер әйелдер кепілдікке қоятын мүліктің жеткіліксіздігі, несие алудағы қиындықтар, әкімшілік жүктеме және өнім өткізу нарықтарына қолжетімділіктің шектеулігі сияқты мәселелерге жиі кезігеді.

Осыған байланысты ол әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған арнайы тұжырымдама әзірлеу бастамасын көтеріп, бизнесті қолдауға бағытталған заңнамалық ұсыныстарды ілгерілетуде Құрылтайдағы әйелдердің рөліне назар аударды.

Елімізге мемлекеттік қолдау шараларын біріктіретін және әйелдер бизнесін дамытудың нақты тетіктерін айқындайтын кешенді құжат қажет деп санаймыз, - деді Дания Еспаева.

Ол ұсынылып отырған тұжырымдамада несиеге кепілдік беру, стартаптар мен өндірістік жобаларды қолдау, мемлекеттік сатып алулар мен экспортқа жол ашу, цифрлық дағдыларды дамыту және ауылдық жерлердегі кәсіпкер әйелдерге арналған арнайы бағдарламаларды қарастыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ құжатты әзірлеуге әйелдер бірлестіктері мен салалық қауымдастықтарды тартып, әрбір шараның қаржыландыру көлемін, іске асыру мерзімі мен тиімділік көрсеткіштерін нақты белгілеуді ұсынды.

«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев әйелдердің экономикадағы рөлі тек компания басшылығымен шектелмейтінін атап өтті. Оның сөзінше, әйелдер отбасылық шешімдер қабылдау арқылы да тұтынушылық сұраныстың қалыптасуына ықпал етеді. Жаңа ұрпақтың өсіп-жетілуімен бірге білім беру, тұрғын үй, медицина және қызмет көрсету салаларына деген қажеттілік те артып келеді.

Осы орайда балалардың денсаулығына, біліміне және кәсіби даярлығына салынған инвестиция демографиялық өсімді экономикалық өрлеуге айналдыруға мүмкіндік береді. Қанат Шарлапаев әйелдер кәсіпкерлігінің болашағы туралы сөз қозғай отырып, кәсіпкер әйелдерге кез келген салада компания құруға, өндірісті дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және жасанды интеллект негізінде өз шешімдерін әзірлеуге мүмкіндік берілуі керектігін жеткізді.

«Атамекеннің» міндеті – бизнес ашу кезіндегі кедергілерді азайтуға көмектесу, қаржыландыру мен инвестицияларға жол ашу, шағын кәсіпорындарды ірі тапсырыс берушілермен байланыстыру, - деді Қанат Шарлапаев.

Ол ауылдық жерлер мен шалғай аудандардағы кәсіпкерлік қоғамдастықтарды қолдаудың маңызын да атап өтті. Бұл ретте кәсіпорындарға қажетті стандарттарды меңгеруге, өнім сапасын арттыруға және экспорттық нарықтарға шығуға дайындалуға жәрдемдесу қажет. Оның пікірінше, атқарылған жұмыстың нәтижесі ашылған жұмыс орындары, кәсіпорындардың өсуі, игерілген жаңа нарықтар мен жүзеге асырылған инвестициялық жобалар арқылы бағалануы тиіс.

Ал «Атамекен» ҰКП Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту комитетінің төрағасы Лейла Күленова ұлттық конгрестің еліміздегі әйелдер ұйымдарын ортақ мақсатқа жұмылдыратын маңызды алаң екенін атап өтті. Түркістандағы жиында өңірлік қауымдастықтар, салалық бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері өзара тәжірибе алмасып, ортақ бастамалар мен алдағы жобаларды талқылауға мүмкіндік алды.

Әр қоғамдастықтың күші – оның мүшелерінде, ал барлық қоғамдастықтың күші – бірлікте, - деді Лейла Күленова.

Оның айтуынша, конгресс әйелдер бірлестіктері арасындағы тұрақты ынтымақтастыққа жол ашып, жаңа таныстықтар мен байланыстардың нақты серіктестікке және бірлескен жобаларға ұласуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі кәсіпкер әйелдер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.

Ұлттық конгресс қорытындысында «Атамекен» ҰКП өңірлердегі кәсіпкер әйелдердің кеңес алуын, қаржыландыру көздеріне қол жеткізуін және өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді. Бұл үшін мемлекеттік органдармен және іскерлік бірлестіктермен өзара ынтымақтастықты күшейту көзделген.

Оқи отырыңыз

{