Ортақ тілден ортақ мүддеге: Түркі елдері ынтымақтастықты қалай күшейте алады?

Ортақ тілден ортақ мүддеге: Түркі елдері ынтымақтастықты қалай күшейте алады?

Ажар Лаубаева
Фото: Артем Чурсинов

Түркі халықтарын ортақ тарих, тіл мен мәдениет жақындастырады. Алайда бүгінгі жағдайда тарихи және рухани жақындықпен ғана шектелу жеткіліксіз. Түркі мемлекеттері экономикалық ынтымақтастықты қалай күшейтеді? Ғылым мен білім саласында қандай ортақ мүмкіндіктер бар? Ортақ әліпби халықтардың өзара түсінісуіне қаншалықты ықпал етеді? Ал жасанды интеллект дәуірінде түркі тілдерінің қолданыс аясын қалай кеңейтуге болады?

Түркі әлемінің болашағы жастардан бастала ма?

Осы және өзге де мәселелер 4 қыркүйекте Астанада өткен «Түркі әлемі диалогтары: ортақ болашақ, ортақ көзқарас» панельдік жиынында талқыланды. Басқосу 29-30 қазанда Анкарада өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының 13-ші ресми саммиті қарсаңында ұйымдастырылды. Жиында дипломаттар, сарапшылар мен ғалымдар Исмаил Гаспыралының «Тілде, пікірде, істе бірлік» қағидасына бүгінгі күн тұрғысынан үңіліп, Түркі әлемінің алдағы дамуына қатысты ойларын ортаға салды.

Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу үшін түркі елдері арасындағы байланысты нығайтудың маңызды бағыты – мемлекетаралық келісімдермен қатар халықтар арасындағы қарым-қатынасты дамыту.

Оның пікірінше, саяси және экономикалық қарым-қатынас қаншалықты дамығанымен, халықтар бір-бірін жақын танып-білмесе, ортақ байланысты нығайту қиын. Сондықтан білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, әсіресе түркі елдерінің жастары арасында тығыз байланыс орнату маңызды.

Фото: Артем Чурсинов

Түркі әлемінің болашағы – жастардың қолында. Сондықтан олардың бір-бірімен жақын араласуына, білім және тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасауымыз қажет, – деді Мұстафа Капуджу.

Елші Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымындағы орнына да тоқталып, екі ел арасындағы қарым-қатынас саяси немесе экономикалық саламен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, тарихи және мәдени жақындық ендігі жерде білім мен ғылымдағы нақты байланыстар арқылы жалғасуы тиіс.

Фото: Артем Чурсинов

Ақпараттық кеңістік те ортақ мүдденің бір бөлігі

Түркия Президенті Әкімшілігі жанындағы Коммуникациялар басқармасының басшысы Бурханеттин Дуран Түркі әлемінің ынтымақтастығына ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан қарады.

Қазіргі уақытта мемлекеттердің бір-бірін қалай танып-білетініне тек ресми дипломатия емес, ақпарат ағыны да тікелей әсер етеді. Ал жалған ақпарат пен дезинформация күшейген кезеңде ортақ мәдени тамырдың болуы ақпараттық кеңістіктегі тәуекелдерді автоматты түрде жоймайды.

Сондықтан Бурханеттин Дуран медиа ұйымдары арасында тәжірибе алмасу, сенімді ақпарат тарату және Түркі әлемі туралы ақпаратты халықаралық аудиторияға сауатты жеткізу қажеттігін алға тартты.

Фото: Артем Чурсинов

Ақпараттық кеңістікте жалған ақпарат пен дезинформация жаһандық мәселеге айналды. Сондықтан ортақ ақпараттық кеңістігімізді қорғап, шынайы әрі сенімді ақпараттың таралуына жағдай жасауымыз керек, – деді ол.

Ол Түркі әлемінің мүмкіндігін тек мәдени бірлікпен өлшемейді. Энергетика, көлік, сауда және технология салаларындағы әлеуетті ескерсек, Шығыс пен Батыс арасындағы маңызды бағытта орналасқан түркі мемлекеттерінің жаһандық экономикалық үдерістердегі рөлі де өсе алады. Бұл үшін тарихи жақындықты нақты жобалармен толықтыру қажет.

Фото: Артем Чурсинов

«Істе бірлік» неге кенже қалды?

Панель модераторы, Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Бюлент Байрам Исмаил Гаспыралының «Тілде, пікірде, істе бірлік» деген сөзіндегі «істе бірлік» ұғымына ерекше тоқталды.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін Түркі әлемінде тіл мен ортақ көзқарас мәселесі жиі сөз болғанымен, бірлесіп әрекет ету жағына жеткілікті көңіл бөліне бермеген. Енді түркі елдері арасындағы байланысты мәдени шаралармен ғана шектемей, экономика, саясат, қауіпсіздік және логистика секілді маңызды салаларда да дамыту қажет.

Фото: Артем Чурсинов

Біз «Тілде, пікірде, істе бірлік» сөзінің алғашқы екі бөлігіне көп тоқталамыз. Бірақ «істе бірлік», яғни экономикада, саясатта, қауіпсіздікте, логистикада қалай бірге әрекет етуіміз керек деген мәселе көбіне назардан тыс қалды, – деді Бюлент Байрам.

Осы тұрғыдан алғанда, Түркі әлемі үшін ендігі маңызды қадам – ортақ тарих пен мәдени байланысты сақтай отырып, елдерге нақты пайда әкелетін бірлескен жұмыстарды көбейту.

Фото: Артем Чурсинов

Ортақ әліпби не үшін қажет?

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Талғат Молдабаев түркі елдерін экономика мен ортақ мүдде ғана емес, тарих, тіл, ғылым мен мәдениет те байланыстыратынын айтты. Оның сөзінше, осы байланысты нығайтуда ортақ әліпбидің орны ерекше.

Ғалым «ортақ тарих» дегенді барлық түркі халқының өткенін бір тарихқа біріктіру деп түсінбеу керек дейді. Әр елдің өз тарихы бар. Дегенмен түркі халықтарының өткенінде бәріне ортақ кезеңдер, мәдени мұра, тілдік байланыс пен мемлекет құру дәстүрі аз емес. Сондықтан оларды бірге зерттеп, кейінгі ұрпаққа таныту маңызды.

Ортақ әліпби де осы қажеттіліктен туындайды. Ол түркі халықтарының тілін бір қалыпқа түсіру үшін емес, бір-бірінің жазғанын еркін оқып, әдебиетімен, ғылымымен және мәдениетімен жақынырақ танысуы үшін қажет.

Фото: Артем Чурсинов

Бір-біріміздің жазғанымызды түсіне алмасақ, ортақ пікір де қалыптаспайды. Ортақ пікірі жоқтар ортақ әрекетке бара алмайды. Сондықтан ортақ әліпби – жай ғана жазу жүйесі емес, – деді Талғат Молдабаев.

Ортақ түркі әліпбиі туралы мәселе алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Бұл тақырып 1926 жылғы Баку түркология конгресінде де талқыланған. Тәуелсіздік алғаннан кейін түркі елдері бұл мәселеге қайта оралып, ортақ әліпби жасау бағытындағы жұмыс жалғасты. Соның нәтижесінде 2024 жылы Бакуде 34 әріптен тұратын ортақ түркі әліпбиінің нұсқасы қабылданды.

Талғат Молдабаевтың айтуынша, ортақ әліпбиге көшу әр тілдің өзіне тән ерекшелігінен бас тарту деген сөз емес. Қазақ қазақша, өзбек өзбекше, түрік түрікше жаза береді. Бастысы – түркі халықтарының бір-бірінің жазғанын оқып, түсінуін жеңілдету.

Фото: Артем Чурсинов

Ортақ ұраннан бұрын ортақ мүдде керек

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Жанат Момынқұлов түркі елдері арасындағы байланысты дамыту үшін ең алдымен олардың ортақ мүддесін айқындап алу қажет екенін айтты.

Оның сөзінше, әр мемлекеттің сыртқы саясатта ұстанатын өз бағыты бар. Мәселен, Түркия НАТО құрамында және Еуропа, Таяу Шығыс елдерімен тығыз байланыс орнатқан. Қазақстан Қытай және Ресеймен қарым-қатынасын дамытып келеді. Өзбекстан мен Қырғызстан да өз мүддесіне сай саясат жүргізеді. Сондықтан түркі елдерінің ынтымақтастығы осы ерекшеліктерді ескере отырып дамуы керек.

Жанат Момынқұловтың айтуынша, қазір түркі елдері үшін бір-біріне қандай мүмкіндік ұсына алатынын және қай салаларда күш біріктіре алатынын анықтау маңызды.

Фото: Артем Чурсинов

Ортақ ұрандардан бұрын ортақ мүдделерді анықтауымыз керек. Бізді не біріктіреді? Бір-бірімізді шынымен танимыз ба? Қазақтар Түркияны қаншалықты біледі? Түркия Қазақстанды және басқа түркі мемлекеттерін қаншалықты таниды?, – деді Жанат Момынқұлов.

Ғалым әсіресе экономика, технология, көлік-логистика және маман даярлау бағыттарындағы байланысты күшейту қажет деп санайды.

Ол Орталық Азияның уран, мұнай, сирек кездесетін және маңызды минералдарға бай болуы әлемнің ірі мемлекеттерінің өңірге қызығушылығын арттырып отырғанын айтты. Жанат Момынқұлов Қытайдың Орталық Азия елдерімен сауда-экономикалық байланысын мысалға келтіріп, өңірдегі ықпалдың сауда, инвестиция және көлік бағыттары арқылы да күшейіп келе жатқанына назар аударды.

Фото: Артем Чурсинов

Сондықтан Қазақстан мен Орталық Азияның өзге елдері табиғи ресурсты тек шикізат күйінде сатумен шектелмей, оны өз жерінде өңдеп, жаңа технологияларды игеруге және дайын өнімді сыртқы нарыққа шығаруға ұмтылуы қажет.

Түркия өнеркәсіптік әлеуеті бар ірі мемлекет ретінде бұл үдерістен шет қалмауы керек. Қазақстан мен Түркия арасында белгілі бір деңгейде сенім бар. Сол сенім негізінде стратегиялық салаларда ынтымақтастық орнатуға болады, – деді ол.

Университет оқытушысы Түркі мемлекеттері ұйымын саяси немесе әскери одақ ретінде қарастыру дұрыс емес екенін де атап өтті. Оның пікірінше, ұйым аясындағы жұмыстың нәтижесі ең алдымен сауда, өндіріс, технология, көлік бағыттары мен маман даярлау салаларындағы ортақ жобалардан көрінуі керек.

Фото: Артем Чурсинов

Түркі елдері арасында білім алмасуды қалай күшейтуге болады?

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Суат Бейлур түркі елдері арасындағы білім, ғылым және мәдени байланыстарға тоқталды. Оның айтуынша, студенттер мен ғалымдардың бір елден екінші елге барып, білім алып, тәжірибе алмасуы халықтардың бір-бірін жақынырақ тануына жол ашады.

Ғалым мұндай байланысты тек тәуелсіздік жылдарынан басталған құбылыс деп қарауға болмайтынын айтады. Әл-Фараби, Ибн Сина, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген кезеңде де ғалымдар әртүрлі қалаларға барып, білім алып, ізденіс жүргізген. Соның арқасында ғылыми ой мен білім кең аумаққа тараған.

Фото: Артем Чурсинов

Бүгінде осы байланысты жалғастыруға мүмкіндік беретін бірқатар ұйымдар мен бағдарламалар бар. Түркі университеттері одағы, Орхун алмасу бағдарламасы, Қожа Ахмет Ясауи университеті, Манас университеті және кейін ашылған бірлескен жоғары оқу орындары студенттер мен ғалымдардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік беріп отыр.

Алайда Бейлур мұндай бастамалардың аясын кеңейту үшін оларды жүйелі түрде үйлестіріп, қаржыландыру мәселесін де шешу қажет екенін айтты.

Фото: Артем Чурсинов

Түркі университеттері одағының әлі күнге дейін тұрақты хатшылығының болмауы – маңызды кемшілік. Қаржылық тетіктерінің әлсіздігі ұтқырлық бағдарламаларындағы үйлестіруге де әсер етеді, – деді Суат Бейлур.

Оның сөзінше, студент алмасу бір бағытпен шектелмеуі керек. Мәселен, Қазақстан жастары Түркияға білім алуға барғаны секілді, Түркиядан Қазақстанға, Қазақстаннан Әзербайжанға немесе басқа түркі елдеріне барып оқитын жастардың да қатары артуы маңызды.

Осындай өзара білім және тәжірибе алмасу түркі елдерінің жастарына бір-бірінің тілі мен мәдениетін тереңірек танып, ортақ ғылыми жобаларға бірге қатысуға мүмкіндік береді.

Фото: Артем Чурсинов

Жасанды интеллект дәуірінде түркі тілдерінің орны қандай?

Каппадокия университетінің ректоры Хасан Али Карасар Исмаил Гаспыралының «Тілде, пікірде, істе бірлік» қағидасына бүгінгі күн тұрғысынан тоқталды. Оның айтуынша, қазір тіл мәселесін халықтардың бір-бірін түсінуімен ғана шектеуге болмайды. Технология дамыған сайын түркі тілдерінің цифрлық кеңістіктегі қолданысын кеңейту де маңызды болып отыр.

Әсіресе жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан тұста түркі тілдеріндегі ақпараттың жаңа технологияларда қолданылуына көбірек көңіл бөлу қажет.

Фото: Артем Чурсинов

Енді тілдегі бірлік тек бір-бірімізді түсінумен шектелмейді. Бүгінгі басты міндет – түркі тілдерінің цифрлық кеңістікте кеңінен қолданылуына жағдай жасау. Сонымен қатар түркі тілдеріндегі шығармалар мен еңбектердің жасанды интеллект жүйелерінде қолданылуына мүмкіндік жасауымыз керек, – деді Хасан Али Карасар.

Ол үшін түркі тілдеріндегі кітаптар, ғылыми еңбектер, әдеби шығармалар мен басқа да құнды мұраларды цифрлық форматқа көшіру маңызды. Бұл түркі тілдерінің жасанды интеллект жүйелерінде кеңінен қолданылуына жол ашады.

Хасан Али Карасар «пікірде бірлік» дегенді де бәрінің бірдей ойлауы деп түсінбеу керегін айтты. Әр елдің жүріп өткен жолы мен ұстанымы әртүрлі болғанымен, түркі мемлекеттері өзара ортақ мәселелерде бір шешімге келе білуі керек. Ал «істе бірлік» сөз жүзінде қалып қоймай, атқарылған жұмыстың нәтижесінен көрінуі тиіс.

Көптеген жиын өткіздік, декларациялар жаздық. Бірақ нақты нәтижеге келгенде әлі де атқаратын жұмыс көп. Құрылған ортақ ұйымдардың мүмкіндігін тиімді пайдалану – алдымыздағы маңызды міндеттердің бірі, – деді ректор.

Фото: Артем Чурсинов

Бірлік – барлық ел бір бағыт ұстануы керек деген сөз емес

Хасан Али Карасар түркі елдерінің ынтымақтастығы әр мемлекеттің дербестігі мен ұлттық мүддесін ескере отырып дамуы керек екенін айтты.

Оның сөзінше, кейінгі 35 жылда Түркі әлемінде ресми және қоғамдық деңгейде 120-дан астам ұйым мен түрлі бірлестік құрылған. Сондықтан алдағы уақытта жаңа ұйымдар құра бергеннен гөрі, қазір жұмыс істеп тұрған құрылымдардың мүмкіндігін тиімді пайдалану маңызды.

Хасан Али Карасар Карасар түркі мемлекеттерінің тарихы мен жүріп өткен жолы ортақ болғанымен, әр елдің бүгінгі ұстанымы, сыртқы саясаты мен ұлттық мүддесі әртүрлі екенін атап өтті. Сондықтан ынтымақтастық орнату үшін осы ерекшеліктерден бас тартудың қажеті жоқ.

Фото: Артем Чурсинов

Егемендік Түркі әлемінің интеграциясына кедергі емес. Керісінше, тең әрі тұрақты ынтымақтастықтың негізі. Интеграция үшін егемендігімізден, айырмашылықтарымыздан және өз таңдауымыздан бас тартпауымыз керек, – деді Хасан Али Карасар.

Оның айтуынша, 1990 жылдардың басында болған «аға-іні» деген түсініктің орнын бүгінде тең дәрежедегі серіктестік басуы керек. Түркия да өзге түркі мемлекеттеріне қандай бағыт ұстану керегін көрсететін ел емес, олармен ортақ мүдде негізінде жұмыс істейтін серіктес болуы қажет.

Сондықтан Түркі мемлекеттері ұйымының міндеті – барлық елді бір бағытқа бұру емес, әр мемлекеттің мүмкіндігін ескеріп, ортақ мәселелерде бірлесе жұмыс істеуге жағдай жасау.

Оқи отырыңыз

{