Орталық Азияда алғаш рет: Шакираның Бішкектегі концерті қалай өтті?

Орталық Азияда алғаш рет: Шакираның Бішкектегі концерті қалай өтті?

Айзат Айдарқызы
Фото: Bes Media

Колумбиялық әнші Шакира 18 қазанда Бішкектегі «Bishkek Arena» стадионында өнер көрсетті. Әлемдік жұлдыздың Орталық Азиядағы алғашқы концертіне Қазақстанды қоса алғанда 33 елден жанкүйер жиналды. Шоу шамамен бір жарым сағатқа созылып, әнші көрермендерге өзінің танымал хиттерін ұсынды. 

Шакираның концертіне қанша жанкүйер жиналды?

Әлемдік жұлдыздың концерті «Las Mujeres Ya No Lloran World Tour» турнесі аясында өтті. Бұл – Шакираның Орталық Азиядағы алғашқы концерті.

Қырғызстанның «Кабар» мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, концертке 33 елден жанкүйер келген. Шетелдік көрермендердің арасында Қазақстан азаматтары көп болған. Одан кейін Ресей мен Өзбекстаннан келген тыңдармандар басым. Сондай-ақ АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Оңтүстік Корея, Қытай және Сауд Арабиясынан да қонақтар барған.

Концерт өтетін күні Қырғызстанның туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік агенттігінің басшысы Эдуард Кубатов барлық билеттің сатылып кеткенін мәлімдеді. Алайда концертке нақты қанша адам кіргені туралы қорытынды есеп әзірге ресми жарияланған жоқ.

Айта кетейік, жаңа «Bishkek Arena» стадионының сыйымдылығы – 51 мың көрермен. 

Неше ән орындады?

Жергілікті Kaktus.media басылымының репортажына сүйенсек, концерт бастапқыда сағат 19:00-де басталуы керек болғанымен, Шакира сахнаға шамамен 19:40-та шыққан. Шоу 21:15 шамасында аяқталған. Осылайша әншінің өнер көрсету уақыты шамамен 1 сағат 35 минут болған. Sputnik Кыргызстан да концерттің бір жарым сағатқа жуық созылғанын хабарлады.

Шакира сахнаға шыққан сәттен бастап көрермендердің ықыласына бөленді. Ол концертті La fuerte әнімен бастап, жұртшылықпен қырғыз тілінде амандасты.

 Кутман кеч, Бишкек! Кандайсыңар? — деді әнші.

Концерт барысында ол бірнеше рет сахнадан көрермендерге жақындап, жанкүйерлерімен тілдесті. Сондай-ақ киім үлгісін бірнеше рет ауыстырып, кей әндерді жалаңаяқ орындаған. Kaktus.media журналистері әншінің кемінде 13 рет киім ауыстырғанын жазды.

Басылым жариялаған әндер тізімінде 18 композиция бар. Олардың арасында:

Бұл әндердің бір бөлігі Шакираның бұрыннан танымал хиттері болса, енді бірі оның кейінгі шығармашылығын танытады.

Кештің есте қалған сәттерінің бірі – Waka Waka әні орындалған кез. 2010 жылғы футболдан әлем чемпионатының әнұранына айналған композицияны стадиондағы көрермендер әншімен бірге шырқаған. Концерт соңында Шакира сахнаға қайта оралып, She Wolf әнін орындады.

Көрермендерге алғыс айтқан әнші «Рахмат, Бишкек!» деп қоштасып, Қырғызстанды жақсы көретінін жеткізді.

Концерт Қырғызстан экономикасына қанша табыс әкелуі мүмкін?

Шакираның Бішкекке келуі музыкалық оқиға ғана емес, туристік және экономикалық мүмкіндік ретінде де қарастырылды. Қырғызстанның «Кабар» агенттігі 11 қазанда жариялаған мәліметке сәйкес, Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік агенттік басшысы Эдуард Кубатов концертке байланысты шамамен 60 мың адамның келуі мүмкін екенін айтқан. Оның болжамынша, олардың 30 мыңы шетелдік турист болуы ықтимал.

Шенеунік шетелдік қонақтардың жол, билет, тұру және басқа шығындарын есепке ала отырып, Қырғызстан экономикасына шамамен 30 миллион АҚШ доллары көлемінде қаражат түсуі мүмкін екенін мәлімдеген. Бұл – концертке дейін айтылған болжам. 

Шетелден келген жанкүйерлердің шығындары қонақүйлерге, мейрамханаларға, такси қызметіне, сауда орындарына және басқа да кәсіпкерлерге пайда әкелуі мүмкін. Әсіресе, көрші Қазақстан, Ресей және Өзбекстаннан келген көрермендер үшін Бішкекке концертке барып қайту салыстырмалы түрде қолжетімді сапар болуы ықтимал.

Оқи отырыңыз

{