Оралдан Еуропа финалына дейін: отандық қақпашының тарихи маусымы
Қазақстан футболында соңғы жылдары шетелде тұрақты деңгейде өнер көрсетіп жүрген ойыншылар көбейіп келеді. Бірақ Еуропа аренасында маусымның шешуші матчында нәтижелі пас беріп, клубына чемпиондық пен кубокты қатар алып берген футболшылар әлі де сирек. Осы маусымда дәл сондай жетістікке Қазақстан құрамасының қақпашысы Стас Покатилов қол жеткізді.
Әзербайжанның «Сабах» клубы биыл тарихындағы ең сәтті маусымын өткізді. Команда алдымен ел чемпионатында төрт жыл қатарынан үстемдік құрған «Қарабақтың» гегемониясын тоқтатып, алғаш рет чемпион атанды. Артынша кубок финалында «Зиряны» жеңіп, «алтын дубль» жасады. Ал сол тарихи маусымның басты кейіпкерлерінің бірі дәл қазақстандық қақпашы болды.
Финал тағдырын шешкен пас
Кубок финалы Покатилов үшін жай ғана кезекті матч емес, оның маусым бойғы еңбегінің символына айналды деуге болады. Себебі шешуші кездесудің тағдырын дәл оның әрекеті өзгертті. Матчтың төртінші минутында «Зиря» есеп ашып, «Сабах» ұзақ уақыт бойы таразы басын теңестіре алмай қиналды. Қарсылас толық қорғанысқа көшкен соң, ойын тіпті ауырлай түсті. Финалдан кейін Покатиловтың өзі де бұл матчтың оңай болмағанын жасырмады.
“Зиря” секілді командадан бірінші болып гол өткізіп алсаң, ойнау өте қиын. Олар бірден қорғанысқа кетеді. Мұндай қорғанысты бұзу оңай емес. Бірақ біз қолымыздан келгенін жасадық. Көп күш жұмсадық, — деді қазақстандық қақпашы.
70-минутта Орфе Мбина есепті теңестіргенімен, ойын қосымша уақытқа кететіндей көрінді. Бірақ 91-минутта Покатилов допты тез ойынға қосып, қарсы шабуылды бастап берді. Джой-Ланс Микелс сол пасты голға айналдырып, «Сабахқа» кубок әкелді. Қарапайым статистикада бұл — қақпашының нәтижелі пасы ғана. Бірақ футбол тұрғысынан қарасақ, бұл эпизод Покатиловтың алаңдағы рөлін толық көрсетеді. Себебі қазіргі футболда қақпашы тек қақпа күзететін ойыншы емес, шабуылды бастайтын алғашқы футболшыға айналған.
@staspokatilov
«Алтын дубль»: «Сабахтың» тарихи маусымы
Покатиловтың биылғы маусымы дәл осы тұрғыдан ерекше өтті. Ол тек сенімді сейвтерімен емес, ойын құрудағы рөлімен де көзге түсті. Әзербайжан чемпионатында «Сабах» көбіне жоғары қарқынмен ойнайтын командалардың бірі болды. Мұндай стильде қақпашының аяғымен ойнауы, жылдам шешім қабылдауы өте маңызды. Қазақстандық футболшы бұл талапқа толық бейімделе алды.Маусым аяқталған соң Покатилов команданың тарихи жетістігін ерекше бағалайтынын айтты.
Керемет маусым болды. “Алтын дубль” жасадық, бұдан артық не керек? — деді ол.
Шынында да, бұл маусым «Сабах» тарихындағы ең маңызды кезеңдердің біріне айналды. Себебі клуб тек титул ұтып қана қойған жоқ, Әзербайжан футболындағы күштер балансын өзгертті. Соңғы төрт жылда чемпиондықты ешкімге бермеген «Қарабақтың» үстемдігін тоқтату оңай болған жоқ.
Әзербайжан чемпионаты неліктен күшейіп келеді?
Покатиловтың Әзербайжанға келуінің өзі көпшілік үшін күтпеген трансфер еді. 2025 жылдың қаңтарында қостанайлық «Тобылдан» «Сабахқа» ауысқанда бұл шешімге күмәнмен қарағандар да болды. Себебі Қазақстан Премьер-лигасынан Әзербайжан чемпионатына кету бұрын аса үлкен қадам ретінде қабылданбайтын. Бірақ соңғы жылдары Әзербайжан клубтарының деңгейі айтарлықтай өсті. Покатилов azerisport.com сайтына берген сұхбатында Әзербайжан чемпионатының деңгейіне жоғары баға берді.
Чемпионаттың деңгейі жақсы. Сондықтан осындай мықты біріншілікте титул жеңу тіпті керемет әсер сыйлады, — деді қақпашы.
Оралдан Еуропа аренасына дейін
Жалпы, Стас Покатиловтың карьерасы әрдайым күреспен өтті деуге болады. Ол ешқашан “дайын жұлдыз” болған жоқ. Оралдағы «Ақжайықтан» шыққан қақпашы кәсіби футболдағы алғашқы жылдары негізгі құрамға ену үшін ұзақ күресті. Жас кезінде Самат Смақовтың пенальтиін қайтарып көзге түсті.
@staspokatilov
Кейін қарағандылық «Шахтерге» ауысып, Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнады. Сол маусымда UEFA.com оны Қазақстанның ең үздік жас футболшысы деп атаған еді.
Одан кейінгі карьерасында тұрақсыз кезеңдер де болды. Ресейдің «Ростовында» қосалқы құрамда қалды, «Қайратта» негізгі құрам үшін бәсекеге түсті, Қазақстан құрамасында да сынға жиі ұшырады. Бірақ дәл осындай қиын кезеңдер оның тәжірибесін арттырды. Қазіргі Покатилов - бұрынғыдай эмоцияға жиі берілетін жас қақпашы емес, ойын оқуды үйренген, шешуші сәтте жауапкершілік ала алатын тәжірибелі футболшы.
Қазақстан футболы үшін маңызды белгі
Покатиловтың Әзербайжандағы маусымы — жай ғана легионердің сәтті жылы емес. Бұл соңғы жылдары қазақстандық футболшылардың шетелде де бәсекеге қабілетті бола бастағанын көрсеткен маңызды мысалдардың бірі. Бірнеше жыл бұрын қазақстандық ойыншылардың Еуропаға немесе шетел чемпионаттарына ауысуы үлкен жаңалық саналатын. Ал бүгінде олар негізгі құрамнан орын алып қана қоймай, команда тағдырын шешетін деңгейге жетіп келеді. Покатиловтың кубок финалындағы нәтижелі пасы — соның айқын дәлелі.
@staspokatilov
Бір қызығы, биылғы маусым қазақстандық футболшылар үшін шетелдегі ең табысты жылдардың біріне айналуы мүмкін. Покатилов Әзербайжанда «алтын дубль» жасап үлгерсе, тағы екі қазақстандық легионер өз чемпионаттарында титул үшін күресіп жатыр. Нұралы Әліп Санкт-Петербургтің «Зенит» клубымен Ресей чемпионатында шешуші тур алдында көш бастап тұр. Ал Ислам Чесноков шотландиялық «Хартс» клубымен бірге чемпиондыққа таласып жатыр. Екі біріншіліктің де тағдыры осы аптада шешіледі. «Зенит» «Ростовпен» кездессе, «Хартс» басты қарсыласы — «Селтикпен» ойнайды. Егер екі клуб та чемпион атанса, бұл қазақстандық футболшылар үшін шетелдегі ең жарқын маусымдардың бірі болмақ.
Ал «Сабахтың» алдында енді жаңа деңгей тұр — Еурокубоктар. Бірақ Покатилов әзірге эмоцияға берілмей, маусымды соңына дейін сәтті аяқтауға басымдық беретінін айтты.
Алдымызда чемпионаттағы тағы екі матч бар. Алдымен соларды аяқтап алуымыз керек. Одан кейін жағдайға қарай шешім қабылдаймыз, — деді ол.
Айта кетейік, Стас Покатилов араға небәрі 14 күн салып екінші трофейін басынан асыра көтерді. 30 сәуірде қазақстандық қақпашы «Сабахпен» бірге Әзербайжан чемпионы атанса, енді команда ел кубогін де жеңіп алды. Осылайша Покатилов биылғы маусымда тарихи «алтын дубльдің» авторларының біріне айналды.