Орал мен Боранды станциясындағы нысандар пайдалануға берілді

Орал мен Боранды станциясындағы нысандар пайдалануға берілді

Асқар Таудай
Фото: Көлік министрлігінің баспасөз қызметі

Елімізде теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын дамыту және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан ауқымды бағдарлама шеңберінде Орал қаласы мен Жамбыл облысындағы Боранды станциясының теміржол вокзалдары қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды Еl.kz интернет порталы. 

Бұл жұмыстар Қазақстан бойынша жүзеге асырылып жатқан 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі саналады. Бүгінде оның 70 нысаны ел игілігіне тапсырылған.

Орал қаласында толық жаңартылған теміржол вокзалының салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің және Батыс Қазақстан облысының басшылығы, теміржол саласының ардагерлері, жастар өкілдері, құрылысшылар мен жобаны жүзеге асыруға қатысқан мамандар қатысты.

1983 жылы салынған вокзал ғимараты күрделі жаңғыртудан өтіп, жолаушыларға арналған кеңістіктер кеңейтілді және заманауи талаптарға сай жабдықталды. Сонымен қатар платформаларға апаратын жаңа жаяу жүргіншілер өткелі салынды, навигация және қауіпсіздік жүйелері жаңартылды. Нәтижесінде вокзалдың өткізу қабілеті 700 адамға дейін ұлғайтылды.

Жаңғырту барысында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға, егде жастағы жолаушыларға және балалы отбасыларға қолайлы әрі кедергісіз орта қалыптастыруға басымдық берілді. Қазіргі таңда Орал вокзалы тәулігіне 1,8 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетіп, өңіраралық және халықаралық бағыттар бойынша қатынайтын 8 пойыздың қозғалысын қамтамасыз етеді.

Ал Жамбыл облысындағы 1905 жылы салынған Боранды станциясының теміржол вокзалы да толық жаңғыртудан өтті. Жоба аясында ғимараттың шатыры жаңартылып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ кәріз, су, жылу және электрмен жабдықтаудың инженерлік желілері толық жаңартылып, жолаушылар платформасы қайта жөнделді, вокзал аумағы абаттандырылды. Ғимарат жаңа жиһаздармен және заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Құрылыс кезінде отандық өндірістің сапалы әрі ұзақ мерзімге төзімді материалдары пайдаланылған.

ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі 

Қайта жаңғыртудан кейін Боранды вокзалы жалпы аумағы 309,65 шаршы метрді құрайтын заманауи бір қабатты ғимаратқа айналды. Станция арқылы Алматы, Астана, Қарағанды, Көкшетау, Бурабай курорты, Павлодар, Семей, Петропавл, Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан, Шымкент және Қызылорда қалаларына, сондай-ақ Ресей Федерациясына қатынайтын 20 жолаушылар пойызы жүреді.

Мамандардың айтуынша, теміржол вокзалдарын жаңғырту жобаларының негізгі мақсаты – жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру және көлік инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз ету. Жаңартылған вокзалдар өңірлердің көлік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, тұрғындар мен қонақтарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз

{