Қорғаныс министрі бірқатар әскери мамандарды мемлекеттік наградалармен марапаттады

6 Мамыр 2016, 12:22

Марапат

Бүгін ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов әскери міндетін мінсіз атқарып жүрген бірқатар әскери қызметшілерді мемлекеттік наградамен марапаттап, әскери погондар табыс етті.  

 

«Ең алдымен Сіздерді тұтас еліміздің айбынды мерекесі, ал сіз бен біз үшін кәсіби төл мейрам – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Өздеріңізге мәлім, Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы: «Біздің Тәуелсіздігіміздің тірегі – халықтың игі істері, ал білегі – оның Қарулы Күштері» – деді Иманғали Тасмағамбетов.

 

Нұрлан Секенұлы Орманбетовке авиация генерал-лейтенанты, Жандарбек Сәдуұлы Жанзақовқа вице-адмирал, Лут Сапуұлы Әлшекеновке, Нұрлан Мұсақанұлы Қашағановқа генерал-майор, Айдын Ақанұлы Айымбетовке, Нұрлан Жанайдарұлы Кәрбеновке авиация генерал-майоры атақтары берілді. Одан басқа, бүгін ҚР Қорғаныс министрлігінде Иманғали Тасмағамбетов ерекше көзге түскен әскери қызметшілерді  ІІ дәрежелі «Айбын» ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапаттады, сондай-ақ армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің мүсінін табыстады.

«Бұл міндетті орындауда, әрине, еліміздің әр аймағында, аспанымыздың биігінде, теңізіміздің көгінде Жоғарғы Бас қолбасшының үмітін ақтап, мемлекеттің абыройын сақтап жүрген өздеріңіз сияқты әскери адамдарымыздың орны да, орайы да бөлек. Сондықтан да осында отырған өздеріңіз бен қазір әскер сапында, Отан шебінде тұрған барша әскерилеріміздің, биыл міне, ширек ғасырға ұласқан Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекітуге қосқан және әлі де қосатын үлесі зор. Осы орайда, бүгін – Отан қорғаушы күніне орай Елбасымыз – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел алдындағы адал да абыройлы әскери қызметі үшін бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Үкімге қол қойған болатын. Өз кезегінде, менің бұйрығыммен бірқатар әскерилерге әскери шендер беріліп отыр.

Міне, бүгін сол награда мен шен иелері – өздеріңізбен ізін суытпай, Елбасының тапсырмасын орындау ниетімен кездесіп отырмыз. Олай болса, осынау тәуелсіз еліміздің мемлекеттік наградалары төстеріңізде жарқырап, иықтарыңыздағы шендеріңіз асқақтап жүре бергей. Баршаңызды тағы да алда келе жатқан Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңіс күндерімен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға бақыт пен береке тілеймін», - деп Қорғаныс министрі ыстық лебізін білдірді.

 

Мереке қарсаңында қызметтік жұмыс қорытындысы бойынша анағұрлым ерекшеленген, сондай-ақ ҚР Қарулы Күштері имиджінің нығаюына үлес қосқан офицерлер көтермеленді. Сонымен, ІІ дәрежелі «Айбын» орденін ӘТК бас қолбасшысының орынбасары 1-дәрежелі капитан Серік Борамбаев, ҚР ҚК Оқ-дәрілер бас басқармасының бастығы Есенкелді Орманбек, Бас қолбасшының (қару-жарақ жөніндегі) орынбасары полковник Асылбек Сатыбалдинов. Сондай-ақ бірқатар офицерлер «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Одан басқа, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің мүсінімен 10216 ә/б командирі полковник Талғат Әжібаев марапатталды.


Әзірлеген Айша КЕРЕЙ

 

 

 

 

Бөлісу: