12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлікЖасанды интеллект нарығындағы OpenAI-дің басты бәсекелестерінің бірі Anthropic компаниясы Nasdaq қор биржасына шығуға дайындалып жатыр. Claude чат-ботын әзірлеген компанияның құны 1,2 триллион долларға бағалануы мүмкін. Алайда оның қаржылық міндеттемелері, басқару жүйесі және Қытайдың арзан жасанды интеллект модельдерімен бәсекесі инвесторлар арасында бірқатар сұрақ туғызып отыр.
Euronews басылымының жазуынша, Anthropic компаниясы 18 қарашада акцияларының түпкілікті бағасын жариялап, 19 қарашадан бастап АҚШ-тың Nasdaq қор биржасында сауда-саттықты бастауды жоспарлап отыр. Компания акциялары ANT тикерімен сатылмақ.
IPO аясында бір акцияның бағасы 70-78 доллар аралығында белгіленген. Осы баға бойынша компанияның нарықтық құны шамамен 1,2 триллион долларға жетуі мүмкін. Егер жоспар жүзеге асса, бұл қор нарығы тарихындағы ең ірі акция орналастырулардың бірі болмақ.
Дегенмен Anthropic-тің биржаға шығуы тек қаржы тарту оқиғасы емес. Бұл – инвесторлардың жасанды интеллектінің болашағына, оның табыс әкелу мүмкіндігіне және компаниялардың осы технологияны дамытудағы жауапкершілігіне беретін бағасы.
Компанияның IPO құжаттарында бірқатар тәуекел де көрсетілген. Сарапшылар оның корпоративтік басқару жүйесіне, инфрақұрылымға жұмсайтын шығынына және технологиялық бәсекелестігіне назар аударып отыр. Anthropic туралы білуге тиіс бес маңызды дерекке тоқталайық.
OpenAI-ден кеткен зерттеушілер құрған компания
Anthropic тарихы OpenAI компаниясымен тікелей байланысты. 2021 жылы жасанды интеллект қауіпсіздігі мәселесіне басымдық беруді көздеген бір топ зерттеуші OpenAI-ден кетіп, жеке компания құруға шешім қабылдады.
Олардың қатарында Anthropic-тің қазіргі бас директоры Дарио Амодеи мен оның сіңлісі Даниэла Амодеи болды. Дарио Амодеи OpenAI-де 2016 жылдан бастап жұмыс істеп, жасанды интеллект қауіпсіздігі жөніндегі зерттеулерге жетекшілік етті. Ал Даниэла Амодеи 2018 жылы компанияға қосылып, кейін қауіпсіздік және саясат жөніндегі вице-президент қызметін атқарды.
2020 жылдың желтоқсанында олар OpenAI басшылығымен технологияны дамыту тәсілдеріне қатысты келіспеушіліктерден кейін бірнеше әріптесімен бірге компаниядан кетті. Ал 2021 жылдың басында Anthropic негізін қалады. Осылайша, бүгінде ChatGPT әзірлеушісі OpenAI мен Claude жасаушысы Anthropic жасанды интеллект нарығындағы басты қарсыластардың біріне айналды.
Екі компанияның да мақсаты – мүмкіндігі жоғары жасанды интеллект модельдерін жасау. Бірақ Anthropic бастапқы кезден бастап технология қауіпсіздігі мен жауапты дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін мәлімдеп келеді.
Технологиялық алпауыттар неге инвестиция салып жатыр?
Anthropic-тің ірі инвесторларының қатарында Amazon, Google-дың бас компаниясы Alphabet, Microsoft және Nvidia бар. Сонымен бірге компанияға Питер Тиль құрған Founders Fund инвестициялық қоры да қаржы салған.
2026 жылдың мамырында Anthropic инвесторлардан 65 миллиард доллар тартып, сол кезде компанияның құны 965 миллиард долларға бағаланған еді. Бұл көрсеткіш оны алғаш рет инвестициялық бағалау бойынша OpenAI-ден жоғары шығарды. Неліктен әлемдегі ең ірі технологиялық компаниялар Anthropic-ке осынша қаржы құйып отыр?
Мұның басты себебі – жасанды интеллект нарығының қарқынды өсуі. Claude сияқты тілдік модельдер тек сұрақтарға жауап берумен шектелмейді. Олар бағдарламалық код жаза алады, құжаттарды талдайды, күрделі тапсырмаларды орындайды және бизнес-процестерді автоматтандыруға көмектеседі.
Мұндай технологияларды әзірлеу үшін үлкен есептеу қуаты, қымбат чиптер мен ауқымды деректер орталықтары қажет. Сондықтан Amazon мен Google сияқты инфрақұрылымы бар компаниялар үшін Anthropic-пен серіктестік стратегиялық маңызға ие.
Яғни олар тек жасанды интеллект әзірлеушісіне инвестиция салып отырған жоқ. Сонымен бірге болашақта осы технологияны өздерінің бұлттық сервистері арқылы ұсынатын нарыққа да үлес қосып отыр.
Акция сатып алған инвестор компанияны басқара ала ма?
Anthropic IPO аясында 825 миллион акция ұсынуды жоспарлап отыр. Оның 801 миллионын компания өзі шығарады, ал қалған 24 миллионын қазіргі акционерлер сатады. Акциялардың орташа бағасы бойынша компания шамамен 61 миллиард доллар инвестиция тартуы мүмкін.
Бұдан бөлек, Nvidia, Google және Microsoft кіретін жеті компания 26 миллиард долларға дауыс беру құқығы жоқ акцияларды сатып алуға келіскен. Алайда Anthropic-тің басқару жүйесінде бір ерекшелік бар: акция сатып алған инвесторлар компанияның маңызды шешімдеріне айтарлықтай ықпал ете алмайды.
Anthropic АҚШ заңнамасындағы Public Benefit Corporation деп аталатын қоғамдық мақсатты көздейтін корпорация ретінде жұмыс істейді. Мұндай компаниялар пайда табумен қатар, қоғамға пайда әкелетін белгілі бір мақсатты да орындауға міндетті. Anthropic өз мақсатын адамзаттың ұзақ мерзімді игілігі үшін озық жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту деп белгілеген.
Компаниядағы дауыс беру құқығының 50,1 пайызы құрылтайшылардың бақылауында болады. Ал Long-Term Benefit Trust деп аталатын тәуелсіз ұйым директорлар кеңесінің жеті мүшесінің төртеуін тағайындайды.
Бұл құрылым инвесторлардың компанияға ықпал ету мүмкіндігін шектейді. Корпоративтік басқару саласындағы сарапшылар да осы мәселеге алаңдаулы. Олардың пікірінше, компанияның шешімдері бүкіл әлемге әсер етуі мүмкін болғандықтан, оның қызметі сыртқы бақылау мен есептілікке ашық болуы керек.
518 миллиард доллар: компания қандай тәуекелге барады?
Жасанды интеллектіні дамыту тек бағдарламалық жасақтама жасаумен шектелмейді. Оның артында қымбат технологиялық инфрақұрылым тұр.
Anthropic алдағы он жылға жуық уақыт ішінде алты жеткізушінің қызметіне кемінде 518 миллиард доллар жұмсауға міндеттенген. Бұл қаражат чиптерді, деректер орталықтарын және электр энергиясын қамтамасыз етуге бағытталады.
Ең маңыздысы, осы міндеттемелердің шамамен 80 пайызынан бас тарту мүмкін емес. Демек, компания қажетті есептеу қуатын толық пайдаланбаса да, келісімшарт бойынша төлем жасауға тиіс.
Мұндай жағдай бизнестің қаржылық тәуекелін арттырады. Өйткені инфрақұрылымға кететін шығын алдын ала бекітілгенімен, клиенттердің тапсырысы өзгеруі мүмкін.
Сонымен қатар Anthropic табысының жартысына жуығы 2025 жылы Amazon мен Google арқылы жасалған келісімдерден түскен. Бұл компаниялардың өзі Anthropic-ке бұлттық қызметтер мен есептеу ресурстарын ұсынады.
Басқаша айтқанда, компания бір мезгілде әрі серіктестеріне, әрі солардың инфрақұрылымына тәуелді. Егер жасанды интеллект қызметтеріне сұраныс күткендей өспесе немесе клиенттер шығынын қысқартса, Anthropic-тің үлкен инфрақұрылымдық міндеттемелері қаржылық ауыртпалыққа айналуы мүмкін.
АҚШ үкіметімен келіспеушілік және Қытайдан төнген бәсеке
Anthropic үшін тағы бір мәселе – саяси және технологиялық бәсекелестік. 2026 жылдың қаңтарында АҚШ Қорғаныс министрлігі Claude жүйесін ешқандай шектеусіз пайдалануға рұқсат сұраған. Бірақ Anthropic АҚШ азаматтарын жаппай бақылау және толық автономды өлімге әкелетін қару жасау мақсатында технологиясын қолдануға қарсы болды.
Осыдан кейін Дональд Трамп федералдық мемлекеттік органдарға Anthropic өнімдерін пайдалануды тоқтатуды тапсырды. Ал Қорғаныс министрі Пит Хегсет компанияны жеткізу тізбегіне қауіп төндіретін ұйым ретінде тану туралы шешімге қол жеткізді. Бұл жағдай жасанды интеллектіні дамытуда технологиялық мүмкіндіктен бөлек, этикалық және саяси ұстанымдардың да маңызды екенін көрсетті.
Ал нарықтағы негізгі бәсекелестері қатарында OpenAI ғана емес, Қытайдың бірнеше технологиялық компаниясы да бар. Олардың қатарында DeepSeek, Alibaba әзірлеген Qwen, Moonshot компаниясының Kimi және Z.ai жасаған GLM модельдері бар.
Бұл модельдердің басты артықшылығы – оларды пайдалану құнының төмендігі. Кейбірін тегін жүктеп алуға болады. Сондықтан қарапайым тапсырмаларды орындау үшін қымбат ақылы сервистерді қолданудың қажеті болмауы мүмкін.
2026 жылдың басында OpenRouter жасанды интеллект платформасындағы пайдаланудың шамамен 30 пайызы Қытайда әзірленген ашық модельдердің үлесіне тиген. Anthropic бірнеше қытайлық зерттеу зертханасын Claude жауаптарын ондаған мың жалған аккаунт арқылы көшіріп, өз модельдерін оқытуға пайдаланды деп айыптады.
Дегенмен сарапшылар үшін басты қауіп – Қытай модельдерінің технологиялық тұрғыда Claude-тен озып кетуі ғана емес. Олардың арзандығы жасанды интеллект нарығындағы баға бәсекесін күшейтуі мүмкін. Егер клиенттер арзан баламаларға көшсе, Anthropic те қызмет құнын төмендетуге мәжбүр болады. Бұл компанияның табыстылығына әсер етпей қоймайды.
12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік10 Қараша, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихы9 Қараша, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер