Оңтүстік Корея туристерге ерекше демалыс ойлап тапты

Оңтүстік Корея туристерге ерекше демалыс ойлап тапты

Ажар Лаубаева
Фото: architectureguru.ru

Оңтүстік Кореяда тарихи ғимараттарды туристерге таныстырудың жаңа тәсілі қолға алынбақ. Ел билігі Чосон дәуірінен қалған көне үйлердің бір бөлігін шағын қонақүйге айналдырып, саяхатшыларға сол жерде түнеуге мүмкіндік беруді жоспарлап отыр. Осылайша туристер тарихи орындарды сырттай тамашалап қана қоймай, дәстүрлі корей үйінде тұрып, жергілікті мәдениетті жақынырақ сезіне алады.

Көне үйлер қонақүйге айналады

Жобаның алғашқы кезеңінде Чосон әулеті тұсында салынған шамамен 10 тарихи үй таңдалады. Олардың қатарында кезінде ауқатты әрі беделді отбасылар тұрған резиденциялар бар.

Ғимараттардың тарихи келбетін барынша сақтай отырып, қазіргі адамға қажетті жағдай жасау көзделген. Үйлерге жылыту және салқындату жүйелері орнатылып, заманауи санитарлық тораптар жабдықталады. Ал көне ағаш құрылымдары мен сәулеттік ерекшеліктері өзгеріссіз қалуы тиіс.

Оңтүстік Кореяның Ұлттық мәдени мұраны қорғау қызметінің басшысы Ху Миннің айтуынша, жаңа бастама тарихи мұраға деген көзқарасты өзгертуді көздейді.

Бұл бастама мәдени мұраны сырттай тамашалаумен шектелмей, оны сезінуге мүмкіндік береді. Адамдар мұндай жерлерге келіп, қонып, жергілікті мәдениетпен жақынырақ танысып, кейін қайта орала алады, – деді Ху Мин.

Яғни көне үй енді тек экскурсия кезінде көретін нысан емес, туристің бірнеше күн бойы сол ортаның бір бөлігіне айналуына мүмкіндік беретін орын болмақ.

Жобаға 5,1 млрд вон бөлінеді

Тарихи ғимараттарды туристер қабылдауға бейімдеу үшін Оңтүстік Корея үкіметі 5,1 млрд вон қарастырған. Шығынның жартысын мемлекет, қалған бөлігін жергілікті билік көтереді.

Муниципалитеттерден өтінім қазан айының соңына дейін қабылданады. Ал жобаға кіретін нысандар желтоқсанда белгілі болады. Нақты жұмыстар содан кейін басталмақ.

Бұдан бөлек, елде туристерді қызықтыратын тағы 10 сауда және демалыс аймағын дамыту жоспарда бар. Бұл бағытта Кёнджу қаласындағы Хвангнидан-гиль тәжірибесіне басымдық беріліп отыр.

Осыдан он жыл бұрын Хвангнидан-гиль тыныш аудандардың бірі болған. Кейін мұнда дәстүрлі ханок үйлерінде қонақүйлер, дәмханалар мен қолөнер шеберханалары ашылып, саяхатшылар жиі баратын орынға айналды. Ауданға жақын жерде ежелгі патша қорымдары орналасқан. Сол себепті мұнда биік ғимараттар салуға шектеу қойылып, тарихи келбетін сақтауға ерекше мән берілген.

Тарихи мұра туризмді жандандыра ала ма?

Оңтүстік Кореяда тарихи ғимараттарды сақтауға ерекше мән беріледі. Сол себепті ұзақ жылдар бойы көне ескерткіштердің маңында кәсіпкерлік нысандарын ашуға немесе жаңа ғимараттар салуға түрлі шектеу қойылып келген.

Енді ел билігі тарихи мұраны сақтаумен қатар, оның туристік мүмкіндігін де тиімді пайдалануды көздеп отыр. Мұндай бастамаға ауылдық жерлерде халық санының азаюы және шағын қалалардағы экономикалық белсенділіктің бәсеңдеуі де әсер еткен.

Жоба іске асса, туристер көне үйлерде түнеп қана қоймай, сол өңірдің тұрмыс-тіршілігімен және мәдениетімен жақынырақ таныса алады. Мәселен, жергілікті тағамдардан дәм татып, дәстүрлі базарларды аралап, тарихи-мәдени орындарға баруға мүмкіндік жасалмақ.

Оңтүстік Корея бұл ретте Испаниядағы Paradores тәжірибесіне де назар аударған. Бұл елде көне қамалдар, монастырьлар мен тарихи ғимараттардың бір бөлігі қонақүй ретінде жұмыс істейді. Яғни сәулет ескерткіштері сақталып қана қоймай, туристерді қабылдайтын орын ретінде де пайдаланылып келеді.

Чосон дәуірі несімен маңызды?

Чосон – Корея тарихында бес ғасырдан астам уақыт билік құрған әулет. Бұл кезең елдің мәдениеті мен рухани өмірінде айрықша із қалдырды. Әдебиет пен өнер дамып, дәстүрлі сәулет өркендеді. Сондай-ақ конфуцийлік құндылықтар қоғам өмірінің маңызды бөлігіне айналды.

Бүгінде корейлер қолданып жүрген хангыль әліпбиі де осы Чосон дәуірінде жасалған.

Сол заманнан қалған бірқатар тарихи ғимарат бүгінге дейін сақталған. Олардың қатарында Сеулдегі Кёнбоккун және Чхандоккун сарайлары, сондай-ақ корейлердің дәстүрлі үйлері – ханоктар бар.

Енді осы тарихи үйлердің кейбірі туристерді қабылдайтын орынға айналмақ. Мұнда саяхатшылар көне сәулетті тамашалап қана қоймай, дәстүрлі корей үйінде тұрып, сол елдің мәдениеті мен тұрмысын жақынырақ танып-біле алады.

Оқи отырыңыз

{