12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлікҚазақстанда онлайн ойындар, мобильді қосымшалар мен маркетплейстерге қатысты талаптар күшейтілуі мүмкін. Жаңа ережелер бойынша цифрлық платформалар балаларға арналған өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың мазмұны туралы толық ақпарат беруге міндеттелмек. Сондай-ақ ата-аналарға балаларының интернеттегі әрекетін бақылауға мүмкіндік беретін арнайы функциялар енгізу жоспарланып отыр.
Онлайн ойындар қалай тексеріледі?
Бұл өзгерістер «Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» заң жобасында қарастырылған. Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Зәкиеваның айтуынша, онлайн ойындар мен қосымшалар міндетті тексеруден өтіп, арнайы таңбалануы тиіс.
Мәселен, пайдаланушылар ойын барысында бір-бірімен хат алмаса ала ма, қосымша мүмкіндіктерді ақшаға сатып алуға бола ма – осының бәрі алдын ала көрсетілуі керек. Бұл ата-аналарға баласының қандай цифрлық өнімді пайдаланатынын және оның қандай мүмкіндіктері бар екенін түсінуге көмектеседі.
Динара Зәкиева жаңа талаптардың орындалуын бақылау және заң бұзушылықтарды анықтау тетіктеріне де тоқталды.
Уәкілетті орган тарапынан міндетті верификация тетігі, сондай-ақ ақпараттық және цифрлық өнімдерді жою немесе бұғаттау талаптарының бұзылуын анықтау үшін мониторинг қарастырылған. Қауіп анықталған жағдайда, мәселен, ойын балаларға қауіп төндірсе, платформа иелері заңнама талаптарын бұзғаны үшін жауапқа тартылады, – деді ол.
Жаңа ережелер маркетплейстерге де қатысты болмақ. Өйткені балалар онлайн сауда алаңдарын белсенді пайдаланып, түрлі тауарларға тапсырыс береді.
Ата-аналарға қандай мүмкіндік беріледі?
Заң жобасында барлық цифрлық платформаларға ата-ана бақылауы функциясын енгізу міндетін жүктеу ұсынылған.
Осы арқылы ересектер балаларының интернетте қандай ойындар ойнап, қандай қосымшаларды пайдаланатынын қадағалай алады. Ал тиісті тексеруден өтпеген және арнайы таңбасы жоқ өнімдер балаларға қолжетімсіз болады.
Сонымен қатар балаларға фотосуреті бар арнайы ID-карталар енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл баланың жеке басын растауға және цифрлық ортада оның құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Динара Зәкиеваның мәліметінше, заң жобасында 120-дан астам түзету бар. Құжат қазір талқылау сатысында, сондықтан жаңа талаптардың нақты қашан күшіне енетіні әзірге белгісіз.
16 жасқа толмаған балалардың аккаунттары бұғаттала ма?
Бұған дейін Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуін шектеу ұсынылған болатын.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжановқа берген жауабында пайдаланушылардың жасын анықтау үшін жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндігі қарастырылып жатқаны айтылған.
Атап айтқанда, баланың жасын бет-әлпеті арқылы анықтау, сондай-ақ оның қарайтын контентін, жазылымдарын және әлеуметтік желідегі белсенділігін талдау ұсынылған.
Бұдан бөлек, 16 жасқа толмаған балалардың бұрыннан бар аккаунттарын уақытша бұғаттау мүмкіндігі де талқыланып жатыр. Дегенмен бұл шектеудің қалай жүзеге асатыны әзірге нақтыланбаған.
Айта кетейік, депутат Жанарбек Әшімжанов келтірген деректерге сәйкес, Қазақстанда 9-10 жастағы балалардың 60 пайызында, ал 11-12 жастағылардың 66 пайызында әлеуметтік желі аккаунты бар. Сондай-ақ балалардың 88 пайызы жеке смартфон пайдаланады.
Ұсынылып отырған өзгерістер балаларды интернеттегі қауіп-қатерден қорғауға және цифрлық платформалардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік10 Қараша, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихы9 Қараша, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер