Қазір онлайн қарым-қатынас көпшілікке тиімді болып тұр. Туған-туыспен байланыстан бастап, әлемнің әр бұрышында жүрген жандармен виртуалды әлемде жүздесеміз. Желі қолданушылары да онлайн өмірді тиімді пайдаланып, түрлі жолмен өз мақсатына жетіп жатыр. Арманды жазып, мақсатқа қалай жетуді үйрететін марафондар да бар. Соңғы кезде жарты миллион халық жазылған танымал парақшаға назарымыз ауды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ол парақшаға жазылған адамдар, кезекпе-кезек тікелей эфирге шығып, ауырған жерін айтады. Ал парақшаның иесі Омарбек Балтабаев науқас адамдарға онлайн дем салып, айығуға көмектеседі.
Instagram парақшасында 500 мыңнан аса оқырманы бар Омарбек Балтабаев өзін халық емшісімін деп есептейді. Оның тікелей эфирлеріне қосылып, кезекке тұрған адамдар ауырған жерін айтып, дем салып беруді сұрайды. Емшіге алғысын айтып, дертінен жазылып кеткенін жазған пікірлер де бар. Мысалы, "Белімнің ауырғаны қойып, үстімнен ауыр жүк түскендей жеңіл сезінемін", "Сізге оқытылғаннан кейін бала көтеріп, босанып алдым", - деп жазылған. Тісі маза бермей, ауырып отырған келіншек тікелей эфирде дем салдырған соң ауруы басылып, қуаныштан жылап жібереді. Шынында, онлайн демнің қуаты күшті ме? Дін өкілдері не дейді?
Ең алдымен, мәселенің ақ-қарасын ажыратып, онлайн дем салудың қаншалықты дұрыс екенін білу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Шариғат және пәтуа бөлімі маманы Елбек Тасболатұлына хабарластық.
Негізі Пайғамбарымыздың көрсетіп кеткен сүннеті бойынша адам бетпе-бет отырып дем салады. Пайғамбарымыз қолына аяттан, дұғалардан оқып, үрлеп, бетінен бастап, қолының жеткен жеріне дейін сипап дем салған. Балаларға да аяттар мен хадистердегі дұғаларды оқып, сүф деп дем салған. Дем салу, ұшықтауды руқия дейміз. Осы көріністен ұласады. Ал онлайн деген бұрынғы заманда болмаған. Қазір ғалымдардың көпшілігі Пайғамбарымыз көрсетіп кеткен дем салудың орнын баспайтынын айтып жатыр. Құран аятын тыңдау арқылы пайдасы болады деп үміттенеміз. Бірақ, негізгі дем салу түріне жатпайды, - дейді Шариғат және пәтуа бөлімі маманы.
Оқи отырыңыз:
Сондай-ақ Елбек Тасболатұлы дем салатын адамның ұстаздан тәлім алып, батасын алғаны маңызды екенін атап өтті.
Одан бөлек, дем салушының өзі де сауатты, дұрыс бағытта болған, дем салудың жөнін білетін адам болуы керек дейді. Дем салушының өзі ұстаз көрген, ұстаздарының тізбегі жалғасып Пайғамбарымызға тірелетін, батасын алған адам болуы керек дейді. Яғни, дем салудың арнайы оқуын оқып, дем салуға бейімі болуы керек дейді. Осындай кезде дұрыс дем салу деп айтамыз. Кейбір жағдайларда өзін діндар етіп көрсететін жағдайлар да кездесіп жатады. Кейде дем салу ісін жынмен істейтіндері байқалып жатады. Бұл шариғатқа қарсы. Дем саламыз деген адамның бәрі дұрыс жолмен дем салады деп айта алмаймыз, - деп пікір білдірді Шариғат және пәтуа бөлімі маманы.
Ал өзін халық емшісімін деп таныстырған Омарбек Балтабаев қаншама адамды емдеп, алғысын алғанын алға тартты. Оның айтуынша, адамның аты-жөнін атап тұрып оқылған дұға әрқашан қабыл болады.
Дем салу деген – бір адамға Алланың құдіретімен жіберілген сүрені бір адамға қарай дұға етіп, дем салу. Сүрені оқып, сүф-сүф дегенде ем болмайды. Адам іштен дұға етеді, сол себепті бұрыннан ата-бабаларымыз адамның атын айтып отырып, 3-4 сүрені оқып, сыртынан да дем салған жағдайлар болған. Қоғамда имамдардың өзі сурет оқылады, суреттен дуалайды деп айтады. Суреттен дуалай алады, бірақ құран оқи алмай ма? Адамның сыртынан да дұға ете алады. Инстаграмда адамды көріп отырып, дем салған мың есе оңай болады. Дұға эфирден болсын, суреттен болсын, сыртынан болсын 3-4 сүре оқып, дұға етсе, оны Алла әрқашан қабыл етеді, - дейді ол.
Омарбек Балтабаев медицина күші жетпейтін, диагноз қоя алмайтын жағдайлар болатынын, сондай кезде қазақы мұсылманша ем алу керегін айтып, ағынан жарылды.
Емшілік саласына 8-9 жылдың көлемі болды. 2016 жылдан бастап осы салаға келдім. 6 жыл бойы ұстазымнан үйреніп, қасында жүрдім. Қанша рет халықтың алдында дәлелдегенмін. Қаншама адамды бетпе-бет отырып та, сырттай да оқып емдегенмін. Әуелі Алла Тағала қай жерде де дұғамды қабыл етіп жатыр. Осы күнге дейін қанша адамның сауабын алдым. Онлайн емді өтірік дейтіндер өзінің Құдайына сенбейтіндей күмән тудыратын адам. Мысалы, аурудың екі жағдайы болады. Біреуі – медициналық ауру, екіншісі – қазақи ауру. Көз тигеннен ұшынады, жара шығады, ал дуалағаннан жүрек шаншып, күйзеліске түседі. Мұндай кезде медицина ешқандай диагноз қоя алмайды, тіпті, емдей алмайды. Сондықтан көз тиген кезде қазақи емге жүгінеді. Біздің елде де медицина мамандарының дәрігерлері қате диагноз қойып, дұрыс емдей алмай жатады. Сондықтан да халық емшіге қарай жүгіріп, алғысын айтып жатады. Қазақи емді медицинамен емдей алмайды, - дейді Омарбек Балтабаев.
Кез келген азаматтың көкейінде "табыс табудың көзі шығар" деген ой туындайтыны анық. Емшінің өзінен "Бұл табыс табудың көзі емес пе?" деп тікелей сұрадық.
Адам пенде болып жаралғаннан кейін құран оқыған, намаз оқығанның бәрі тегін жұмыс істемейді. Имамдардың өзі жаназа шығарса, табыс табады, мешітте отырса, жалақы алады. Сол себепті Құран оқығандардың бәрі табыс табудың амалын істейді. Елдің бәрі табыс табуға ұмтылады. Менің парақшамдағы ем ақша табатын ем емес. Ол дәл қазір қиналып тұрмын деген адамдардың алғысын алу. Ал жеке қабылдағанда еңбекақымды аламын. Ал желіде табыс үшін істеп жатқан жоқпын, - дейді Омарбек Балтабаев.