18.05.2026
15:40
1046
Жаңалықтар

«Өнер – мақсат емес, жол»: Батырхан Шүкеновтің көпшілік біле бермейтін естеліктері

18 мамыр – әнші, композитор, музыкант Батырхан Шүкенов дүниеге келген күн. Әнші саналы ғұмырында қазақ ән өнеріне өлшеусіз үлес қосып, ел жадында қалатын әндер жазды. 28 сәуір күні 52 жасқа қараған шағында өмірден озды.  Осы орайда оның көзі тірісінде берген сұхбаттарынан үзінді ұсынамыз.

...Басты сыншым – туыстарым, соның ішінде жиендерім. Олар мені аямайды, үнемі «түртпектеп» отырады. Сын айтса, шамданбаймын, бірден түзетуге тырысамын. Өйткені оларға сенемін.

...Отанға деген махаббат – өте-мөте жеке сезім. Мұны жиырма жасымда Алматыдан Қызылордаға пойызбен бара жатқанда түсіндім. Күн ыстық, терезе сыртындағы шөл дала мен радиодан шыққан домбыраның үні үйлесе кеткенде, жүрегім шымырлап қоя берді. Е, сонда отанды сүю осы екен дедім.

...Бала кезде Сырдарияға шомылатын едік. Футбол ойнадық. Ең үлкен қызығушылығым сол еді. Пеленің оныншы нөмірлі жейдесін киіп, жартылай қорғаушы болдым. Қандай бақытты балалық шақ! Ата-анаң қасыңда, еркін құстай өмір сүресің. Балалық шақ  адам мезгіл-мезгіл, қайта оралып тұратын бақыт аралы секілді..

...Бақыт деген не? Бірде бар, бірде жоқ, келіп-кететін құбылмалы күй. Өзіңмен үндес, рухтас адамдарды тапқанда немесе бір әнге маңызды құпияны сыйғызып, соны қағазға түсіргенде келетін сезім. Арада жылдар өткенде сол әнді қайта тыңдап, өзіңе ұнаса, міне, нағыз бақыт осы.

...Алғашқы  табысымды 1978 жылы, тоғызыншы сыныпта таптым. Үйдегілерден жасырынып, кешкі би алаңында саксофон ойнадым. Қанша тапқаным есімде жоқ, бірақ достарымды жинап, керемет кеш жасадық.

...Ақша жинай алмайтын адаммын. Көбіне несие картасын қолданамын. Әкем облыстық қаржы бөлімін басқарды, анам есепші болды. Олар ақшаның есебін білетін, ал мені үйретпепті (күледі). Тапқанымды достарыма сыйлық алуға, саяхатқа, музыкалық аспаптарға шашып тастаймын.

...Ата-анам соғыс заманында туған. Әкем сол зобалаң жылдардың зардабын жиі айтатын. Алты жасында егін даласында тер төгіп, майданға көмектескен екен. Біздің әулет үшін соғыс тақырыбы – жазылмаған жара.

...Бала күнімде кондитер болғым келетін. Торт пен бәліш жасауды армандадым. Бесінші сыныпта «Артекке» барып, кездейсоқ ән байқауына қатысқан соң өмірім басқа арнаға түсті. Оныншы сыныпта әнші болатынымды біржола түсіндім.

...Сыйлық алғаннан гөрі, маған ең қымбаты – жақындарымның мейірімі мен махаббаты. Ал ең қымбат сыйлық – бала кезде отбасымызбен бірге өткізетін Жаңа жыл мерекесі еді. Өйткені ол кезде төрт көзіміз түгел болады.

...Концерт – ол бөлек әлем. Сахнаға шыққанда тек көрермен үшін жұмыс істеймін. Қазір жұртты таңғалдыру қиын. Жүрекке жол табу үшін үнемі үздіксіз іздену керек.

...«Өнер – мақсат емес, жол». Мен де сол жолда келе жатқан жолаушымын. 

...Заттарға қарапайым қараймын: ұнайды немесе ұнамайды. Гардеробымдағы ең сүйікті киімім – джинсы, ал ұнатпайтыным – галстук. Оны өмірімде екі-ақ рет тақтым: консерваторияны бітіргенде және Америкадағы ресми қабылдау кезінде. Сатып алған ең қымбат затым – дудкам (аспабым). 

...Ашық болу – осал тұсыңды жайып салу ғой. Кейде «таяқ» жеп қаласың. Бірақ өзіңмен өзің болып, қабыршағыңа тығылып өмір сүргеннен осы артық. 

...Мен үшін басты міндет – балама әкемдей адал дос, қамқор әке болу. Және өнер жолында өзімді іздеуді тоқтатпау.

Бұдан бұрын Батырхан Шүкеновті ел неге ерекше жақсы көргені туралы жазғанбыз. 

Авторы: Алмас Борис