«Өмірімде алғаш рет атқа міндім»: «Тақтар ойынының» жұлдызын Қазақстанда не таңғалдырды?

«Өмірімде алғаш рет атқа міндім»: «Тақтар ойынының» жұлдызын Қазақстанда не таңғалдырды?

Көктем Қарқын
Фото: Comic Con Astana 2026

«Тақтар ойыны» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлі арқылы әлемге танылған даниялық актер Николай Костер-Вальдау алғаш рет Қазақстанға келіп, Comic Con Astana 2026 фестиваліне қатысты.

Баспасөз конференциясында актер шығармашылық жолы, өмірлік ұстанымдары, отбасы құндылығы және Қазақстан туралы алғашқы әсері жайында ашық әңгімеледі. Сонымен қатар ол елімізге қайта оралғысы келетінін де жасырмады.

«Мансаптың шыңы жоқ»

Николай Костер-Вальдау актерлік өнерді белгілі бір биікке жетудің құралы емес, үздіксіз даму жолы деп санайтынын айтты. Оның айтуынша, жасы ұлғайған сайын рөлдері де өзгеріп келеді.

Бір кезде маған алғаш рет әке рөлін ұсынды. Ал қазір ата рөлдері де алыс емес. Бірақ мен өмірді немесе мансапты «ең биік шыңға жету» деп қарастырмаймын. Ең маңыздысы – күн сайын жаңа тәжірибе жинау, – деді актер.

Ол бүгінде фильм таңдағанда тек коммерциялық табысқа емес, шығарманың қоғамға қандай ой тастайтынына көбірек мән беретінін айтты.

Мен адамдарға тек көңіл көтеру емес, одан да маңызды дүние сыйлайтын жобаларды іздеймін. Кино белгілі бір мағынаға ие болып, әлемге аз болса да пайдасын тигізсе екен деймін, – деді ол.

Қандай рөлден бас тартады?

Әлемдік кинода түрлі кейіпкерді сомдаған актер кез келген ұсынысты қабылдай бермейтінін айтты. Оның пікірінше, актер кейіпкердің әрекетін ақтамаса да, оның ішкі болмысын түсіне алуы тиіс.

Мен ешқашан балаларға зорлық-зомбылық жасайтын адамның рөлін сомдамаймын. Ондай ұсыныстар болған, бірақ бірден бас тарттым. Кейіпкердің ісін қолдамасам да, оның табиғатын түсінуім керек, – деді Костер-Вальдау.

«Тақтар ойыны» сериалынан кейін әлемге әйгілі болған актердің айтуынша, танымалдық адамның басты құндылықтарын өзгертпейді.

Фото: "Тақтар ойынынан" кадр

Мен де кез келген адам сияқты отбасымның амандығын қалаймын. Жақындарымды жақсы көргім келеді, балаларымның жарқын болашағын армандаймын. Бұл тұрғыдан бәріміз бірдейміз,– деді ол.

Қазақстан туралы алғашқы әсері

Актер Қазақстанға алғаш рет келгенін айтып, бұл сапардағы ең жарқын әсер адамдардан басталғанын ерекше атап өтті.

 Кез келген ел туралы алғашқы әсерді сол жердің адамдары қалыптастырады. Қазақстанда мен өте мейірімді, ашық-жарқын адамдарды кездестірдім. Бұл сапар мен үшін ерекше тәжірибе болды, – деді ол.

Костер-Вальдау бұған дейін Қазақстан десе ойына ең алдымен жылқы түсетінін айтты. Астанаға келген сапарында ол алғаш рет атқа мініп көрген.

Сіздер мұны мақтан тұтуға тиіссіздер. Бұл менің өмірімдегі алғашқы атқа міну тәжірибесі болды. Ұмытылмас әсер алдым, – деді актер.

Сондай-ақ ол қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, еліміздің табиғатына ерекше қызығушылық танытқанын жеткізді.

Маған Қазақстанның түрлі өңірлерінің суреттерін көрсетті. Енді міндетті түрде қайта келіп, тауларыңызды өз көзіммен көргім келеді, – деді ол.

Астанадағы монша туралы әзілдеді

Баспасөз конференциясында актер Қазақстандағы ерекше әсерлерінің бірі ретінде ұлттық моншаға барғанын да айтып өтті. Әзіл-қалжыңмен бөліскен ол өзін жергілікті дәстүр бойынша «жақсылап булағандарын» еске алды.

Мені кәдімгідей жақсылап булап алды. Кейін ірі денелі жігіт кішкентай бала көтергендей бассейнге көтеріп апарды. Бұл мен үшін ұмытылмас тәжірибе болды – деп әзілдеді актер.

Костер-Вальдау қазіргі уақытта бірнеше жаңа фильмге түсіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, көрермендер жақын арада режиссер Роберт Земекис түсіріп жатқан жаңа фильмнен көреді. Сонымен қатар ол өз продюсерлік жобаларын әзірлеп, режиссер ретінде де жұмыс істеп жүргенін айтты. Бұдан бөлек, АҚШ-та түсірілетін жаңа қара комедияға қатысатынын жеткізді.

Comic Con Astana – Орталық Азиядағы ең ірі фестиваль

Биыл Comic Con Astana 2026 фестивалі 6-9 тамыз аралығында Астанада өтіп жатыр. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, фестиваль Орталық Азиядағы поп-мәдениетке арналған ең ірі іс-шаралардың бірі саналады. Биылғы фестивальдің басты хедлайнері – Николай Костер-Вальдау. Сондай-ақ шараға әлемге танымал актерлер, косплей шеберлері, комикс авторлары мен контент жасаушылар қатысып жатыр.

Оқи отырыңыз

{