Өмірді өзгертетін ең қажетті кеңестер

30 Маусым 2023, 16:53 3581

Адам өмірінде күнделікті әдеттердің алар орны ерекше. Олардың адамның денсаулығына, тіпті көңіл күйіне де әсері зор. Сондықтан El.kz ақпарат агенттігі сергектік пен саулыққа арналған ең қажетті 50 кеңесті әдетке айналдыруды ұсынады. Қорықпаңыз, саны көп демесеңіз, тізімдегілердің ешқайсысы қиын емес. Тек оларды ұмытып қалмас үшін бөлмеңізге немесе көзге түсетін жерге іліп қойыңыз.

1. Күнді күлімдеуден бастаңыз. Себебі, бұл – жақсы көңіл күйдің кепілі.

2. Таңғы ас алдында міндетті түрде бір стақан су ішіңіз.

3. Жүгіруді бастаңыз.

4. Шылым мен алкогольден бас тартыңыз.

5. Ертеңгі күнді, алдын ала, жоқ, дәл қазір жоспарлап қойыңыз.

6. Әр күні бірнеше балғын жеміс не көкөніс жегеніңіз жөн.

7. Тек жақсылық туралы ойлаңыз (ол мүмкін емес сияқты көрінетін шығар, бірақ мұны да әдетке айналдыруға болады).

8. Омыртқаңызды түзу ұстап, тік жүруге тырысыңыз.

9. Таңғы жаттығу жасауды ұмытпаңыз, жаттығуға тым болмағанда 10-15 минут табылатын шығар.

10. Күніне 4-5 реттен бір уақытта тамақтаныңыз.

11. Жеделсатыны пайдаланбаңыз. Жаяу мініп-түсу де қиын емес.

12. Таңертең душқа шомылып алыңыз – ол адам бойына сергектік сыйлады. Сондықтан кофенің қажеті де болмай қалады.

13. Ұйқыңыз қануын қадағалаңыз. Күнделікті бір уақытта ұйықтап, бір уақытта тұруға бейімделіңіз.

14. Күн сайын таза ауада серуендеп қайтудың да пайдасы орасан.

15. Ертең киетін киіміңізді бүгін кешке дайындап қойыңыз.

16. Жылына кемінде бір рет толық медициналық тексерістен өту жадыңыздан шықпасын. Айтпақшы,сіз қашан тексеріліп едіңіз?

17. Есіңізге түскен пайдалы идеялар мен ойды қойын дәптерге түртіп қойыңыз.

18. Таза, газдалмаған су ішіңіз: күніне кемінде 1500 мл.

19. Ұйқы алдында бөлмеңіздің ауасын алмастырып алған жөн. Бөлмедегі температураның бірқалыпты салқындау болғаны абзал.

20. Үйдің тазалығына күніне 15 минут уақытыңызды бөліңіз.

21. Өзіңізге әдемі тарту жасаудың да пайдасы бар: сыйлықтар не жақын адамдарыңызбен бірге пайдалы фильмдер көру.

22. Ұйқы алдында міндетті түрде жуыныңыз.

23. Үйдегі есеп-қисаптың бақылауда болғаны да дұрыс. Сондықтан шығындар мен кірістер назардан тыс қалмасын.

24. Жұмыстан келген соң 15 минут құлақтың құрышын қандыратын әуезді әнге көңіл бөліңіз.

25. Аптасына бір рет монша немесе саунаға барып тұрыңыз.

26. Не жеп отырғаныңызға мән беріңіз. Фаст-фуд секілді ауыр тағамдардың сізге қажеті жоқ.

27. Еттің де асқазанда қорытылуы қиын екендігін білетін шығарсыз?..

28. Пернетақтаға қарамай жазуға да болатынынан хабарыңыз бар шығар, тек әдетке айналдырсаңыз болғаны.

29. Кешігу де жақсы қасиет емес. «Қазақпыз ғой» деудің еш реті жоқ!

30. Адамдарға сырт келбетіне, түр-әлпетіне, тіпті, жұмысына қатысты (орнымен, әрине) мақтау сөздер, комплименттер айту да мәдениеттіліктің белгісі.

31. Аптасына бір сағаттан 2-3 рет спортпен шұғылданыңыз.

32. Миыңызды жаттықтырыңыз: өлең жаттап, сөзжұмбақ шешудің, шахмат ойнаудың пайдасы орасан.

33. Күніне шетелдік 10 сөзді үйренсеңіз, нәтижеңізге көп ұзамай-ақ таң қаласыз.

34. Оқу мәнеріне күніне кемінде 30 минут уақытыңызды бөліңіз.

35. Ата-анаңызға, жақындарыңыздың хал-жағдайын біліп тұрыңыз. Ол үшін нақты себептің қажеті жоқ.

36. Тыныс алуды жақсартатын жаттығулар жасаңыз, әйел заты үшін йоганың пайдасы зор.

37. Жеке күнделік арнап, жетістіктеріңіз бен табысыңызды жазып жүріңіз.

38. Ойыңызды әдемі әрі нақты жеткізіп үйреніңіз. Көркем сөйлей білу де өнер, ендеше «паразит» сөздерден тезірек құтылыңыз.

39. Айтулы оқиғаларды суретке түсіріп алыңыз.

40. Көзге арналған жаттығуларды жасап жүру қажет.

41. Күнделікті сүт тағамдарын қолданыңыз: майсыз ірімшік, қоспаларсыз жасалған йогурт, айран.

42. Бидай ұнынан жасалған нанды ғана қолданыңыз.

43. Үйде компьютер алдында екі сағаттан артық отырмаған жөн.

44. Аяғыңызды салқын сумен жуыңыз – суыққа қарсы таптырмайтын әдістердің бірі.

45. Сапалы кремдер мен бетбояғыштарды ғана қолданыңыз (бұл тармақ негізінен әйелдерге арналады).

46. Үйден керексіз, нақтырағы қоқысқа айналып үлгерген заттың барлығын тастаңыз.

47. Күнделікті жаңа, пайдалы нәрсені үйренуге тырысыңыз.

48. Мүмкіндік болса, тек жаңадан сығылған шырындарды ішіңіз.

49. Демалыс күндерін тиімді пайдаланыңыз: табиғат аясында демалып, шамаңыз жетсе, экскурсияларға барып тұрыңыз.

50. Армандаңыз. Есіңізде болсын, арман дегеніміз – болмыстан алшақтау емес, керісінше, оған жақындай түсудің амалы.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: