«Олжастардың атын жаңа деңгейге шығар»: жазушы Олжас Сүлейменов өзімен аттас режиссерге батасын берді

«Олжастардың атын жаңа деңгейге шығар»: жазушы Олжас Сүлейменов өзімен аттас режиссерге батасын берді

Айзат Айдарқызы
Фото: Олжас Нұрбайдың Instagram парақшасынан алынды

Белгілі режиссер Олжас Нұрбайдың бала күнгі арманы орындалып, жазушы Олжас Сүлейменовпен кездесті. Әлеуметтік желідегі кадрларға қарасақ, жазушы жанкүйеріне жылы сөзін арнап, батасын берген. 

Қос Олжастың кездесуін ұйымдастыру үшін бір жыл бойы келіссөз жүрген. Қазір Олжас Сүлейменов – 90 жаста. Режиссер алдымен жазушының көмекшісімен келіскен. 

Мен үшін бұл кездесудің орны бөлек. Ата-анам атымды атақты жазушы Олжас Сүлейменовтей болсын деп қойған. Кішкентайымнан жазушымен кездесуді армандайтынмын. Осы күнге дейін сәті түспей жүрді. Мұндай арманым бәрін көп айта бермейтінмін. Әдебиет әлеміне жақын қарындастарымның арқасында қалауым орындалды. Жүздесуді бір жыл күттім. Толқып тұрмын, – деді режиссер Олжас Нұрбай. 

Кездесу барысында Олжас Сүлейменовтың көмекшісі жазушыға Олжас Нұрбайды таныстырып, талантты режиссер екенін, өзі бірнеше фильмін көргенін айтады. Олжас Сүлейменов болса, жылы шырай танытады.

фото: Олжас Нұрбайдың Instagram парақшасынан алынды

Олжастардың атын жаңа деңгейге шығар. Самға! – деп жазушы батасын береді. 

Олжас Нұрбай жазушының «Аз и Я» кітабына қолтаңбасын қойдырып, ұмытылмас естелік екенін айтады. 

Оның түркі әлемі үшін істеген еңбегі, қазақ әдебиеті мен мәдениетінде қалдырған ізі – бізге мәңгілік мұра. Меніңше,  нағыз аңыз адам деп осындай тұлғаларды айтады, – деді режиссер Олжас Нұрбай. 

Олжас Нұрбай кім?

Олжас Нұрбай 1990 жылы 14 желтоқсанда  дүниеге келген. Ол мектепті аяқтаған соң Қазақстан-Британ техникалық университетіне оқуға түсіп, экономика бағыты бойынша білім алған. Narikbi LIVE подкастында режиссер мектепте «Алтын белгі» алғанын және университетке грантқа түскенін айтқан. Алайда экономист мамандығы оның болашақ кәсібіне айналмады.

Кейін киноға деген қызығушылығы оны мүлде басқа бағытқа жетеледі. Ол Лос-Анджелестегі New York Film Academy оқу орнында кино және медиа режиссурасы бойынша білім алды. 

Олжас Нұрбайдың кино саласындағы алғашқы қадамы 2011 жылдан басталады. Ол «Болашақ» телехикаясында Қанат есімді кейіпкерді сомдады. Одан кейін «Тікелей эфир», «Подружки», «Сырғалым», «17+», «Қыздар» секілді фильмдер мен сериалдарға түсті. Алайда көрерменнің есінде ерекше сақталған рөлдерінің бірі – «Ауылдастар» телехикаясындағы Айфон бейнесі. Осы жобадан кейін көпшілік оны кейіпкерінің лақап атымен танып, «Айфон» деп атап кетті.

фото: Олжас Нұрбайдың Instagram парақшасынан алынды

Олжас актерлікпен ғана шектелмей, шығармашылықтың басқа қырларын да меңгерді. Сценарий жазу, режиссура, продюсерлік және монтаж саласында тәжірибе жинады. Оның режиссерлік дебюті 2016 жылы түсірілген «The Joke» қысқаметражды фильмімен байланысты. Ал 2017 жылы «The Boon» атты қысқаметражды туындысын жарыққа шығарды. Бұл жұмысы Испаниядағы Barcelona Planet Film Festival кинофестивалінде «Үздік режиссер» номинациясы бойынша марапатқа ие болған.

Кейін ол Қазақстанға оралып, отандық көрерменге арналған жобаларға кірісті. Режиссердің танымал жұмыстарының бірі – «Сәке» комедиялық сериалы. Сондай-ақ ол «103» жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмысын арқау еткен «Скорая» жобасымен де танылды. Бұл туындыларында күнделікті өмірдегі оқиғаларды, қоғамдағы мәселелерді әзіл мен шынайылық арқылы көрсетуге тырысты.

Ал 2023 жылы таспаланған «Алаяқтар» криминалды сериалы көптің көңілінен шықты. Сериал ТМД елдеріне таралып, сарапшылар режиссердің жұмысына жоғары баға берді. Биыл дәл осындай атпен фильмі жарық көріп, Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де прокатқа шықты.

Оқи отырыңыз

{