16 Шілде, 17:14
Финалда Испания жеңіске жетеді – сарапшы болжамыӘлеуметтік желіде ақын, жазушы, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің қатысуымен өткен кездесудің видеосы тарады. Кадрларда ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың Олжас Омарұлына өз кітабын сыйлап, ғылыми зерттеулері жайлы әңгімелескені көрінеді.
Кездесу барысында Олжас Сүлейменов ғалымның еңбектеріне жоғары баға беріп, ақ батасын берген. Ал видеоны көрген желі қолданушылары ақынның денсаулығына алаңдап, оған ақжарма тілектерін жаудырды.
Кездесу туралы Мұхит-Ардагер Сыдықназаров әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.
«Көптен күткен Олжас Омарұлы Сүлейменовпен, Олжас ағамен – әлем азаматы, даңқты ақынымыз, жазушы, ойшыл, қоғам және мемлекет қайраткерімен кездесудің сәті түсті. Оның тұлғасы мен шығармашылығы Қазақстан үшін ғана емес, күллі түркі әлемі үшін де орасан зор маңызға ие», – деп жазды ғалым.
Оның айтуынша, Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» еңбегі «Игорь жасағы туралы жырды» зерттеуге қатысты ауқымды ғылыми ізденістерге жол ашқан.
Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Олжас Сүлейменовтің зерттеу кітаптары өзінің ғалым ретінде қалыптасуына зор ықпал еткенін атап өтті.
«Олжас Омарұлының мөлдір бұлақ суындай анық, түсінікті әрі жеңіл тілмен жазылған зерттеу кітаптары менің адам және ғалым ретінде қалыптасуыма орасан зор ықпал етті», – деді ол.
Ғалым кездесуде Олжас Сүлейменовке өз кітабын табыстап, тарихи картография, Қазақ мемлекеті мен түркі елдерінің географиясы саласындағы зерттеулері туралы айтып, ғылыми жоспарларымен бөліскен.
«Олжас Омарұлы зерттеулерім мен кітаптарым туралы бұрыннан естіп жүргенін айтып, еңбектеріме жоғары баға берді. Бұл сөздер мен үшін айрықша қымбат», - деді Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.
Кездесу соңында Олжас Сүлейменов ғалымға бата берген.
«Осындай жаһандық ауқымдағы тұлғамен бір сағат бойы әңгімелескенімізді байқамай да қалыппыз. Кездесу соңында Олжас аға маған бата беріп, ақ тілегін айтты. Әмин, айтқаныңыз келсін! Қазақ елінің жұлдызын көкке көтеруге аз да болса үлесім тиіп жатса, мен үшін одан асқан бақыт жоқ», – деді ғалым.
Мұхит-Ардагер Сыдықназаров жазбасында бала кезінде «Аз и Я» кітабын алғаш оқығанын да еске алды. Оның айтуынша, кітапты анасы сатып алып берген. Сол кезеңде еңбекке қатысты қысым болғандықтан, анасы кітаптың өзінде бар екенін мектепте ешкімге айтпауын қатаң ескерткен.
«Арада талай жыл өтті. Ақыры Олжас Омарұлына өз зерттеулерім туралы айтып, кітабымды табыстаудың сәті түсті. Ол кісі бізге де, елге де, әлемге де керек», - деп жазды Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.
Желі қолданушылары да видеодағы Олжас Сүлейменовтің түр-тұлғасына алаңдап, ақынға денсаулық тілеп, жылы лебіздерін білдіріп жатыр.
16 Шілде, 17:14
Финалда Испания жеңіске жетеді – сарапшы болжамы15 Шілде, 12:09
Зендеяны стиль иконасына айналдырған адам: Лоу Роуч туралы не білеміз?14 Шілде, 17:41
ӘЧ-2026: қай құрама финалға жолдама алады?7 Шілде, 12:44
Шикі сүт ішеді, етті жақсы көреді: Норвегия қаһарманына айналған Эрлинг Холанн кім?