18.05.2026
09:58
756

Олжас Сүлейменов 90 жасқа толды

Бүгін қазақ руханиятының алып тұлғасы, Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері, дипломат әрі әлемге танылған ойшыл Олжас Сүлейменов 90 жасқа толды. Оның есімі қазақ әдебиетімен ғана емес, ұлттың рухани жаңғыруымен, бейбітшілік идеяларымен және түркі дүниесінің мәдени тұтастығымен қатар аталады.

Олжас Омарұлы – бір ғана дәуірдің емес, бірнеше буынның санасына әсер еткен сирек тұлғалардың бірі. Ақын ретінде де, қоғам қайраткері ретінде де ол ұлт мүддесін әлемдік деңгейде қорғап, қазақ сөзінің қуатын халықаралық кеңістікке алып шықты.

Қиындықпен басталған өмір жолы

Олжас Сүлейменов 1936 жылдың 18 мамырында Алматы қаласында дүниеге келді. Оның балалық шағы соғыс пен саяси қуғын-сүргін кезеңімен тұспа-тұс келді. Әкесі Омархан Сүлейменұлы сталиндік репрессия құрбаны болды. Бұл жағдай болашақ ақынның тағдырына ғана емес, дүниетанымына да терең із қалдырды.

ашық дереккөз 

Ерте есейген Олжас кітапқа, тарихқа, тілге ерекше қызығушылық танытты. 1954 жылы мектеп бітірген соң С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің геология факультетіне оқуға түсіп, инженер-геолог мамандығын алады. Геологиялық экспедицияларға қатысып, қазақ даласының кеңдігін, табиғатын, халықтың болмысын терең тани түсті.

Алайда оның шынайы жолы әдебиетте еді. Кейін Мәскеудегі М. Горький атындағы Әдебиет институтында білім алып, поэзия әлеміне батыл қадам жасады.

Поэзияға жаңа тыныс әкелген ақын

1961 жылы жарық көрген «Арғымақтар» атты алғашқы жыр жинағы әдеби ортаға жаңа есімнің келгенін айқын аңғартты. Оның өлеңдерінен ұлттық рух, замана тынысы, адамзаттық ой қатар сезілді.

Сол кезеңдегі ең үлкен шығармашылық табыстарының бірі – Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуына арналған «Адамға табын, Жер, енді» поэмасы болды. Бұл шығарма кеңестік кеңістікте зор танымалдыққа ие болып, жас ақынның атын әлемге танытты.

Олжас Сүлейменов поэзиясында қазақтың жыраулық дәстүрі мен заманауи философиялық ой ұштасып жатты. Оның шығармалары тек көркем мәтін емес, тарихи жадыны жаңғыртатын рухани құбылысқа айналды.

Оқи отырыңыз: 

Карьерамды аяқтап, банкте жұмыс істедім – Меруерт Сәрсенова

Трендке айналған тарих: Қазақстандағы музейлер қалай өзгерді

«Аз и Я»: Ұлт рухын оятқан еңбек

Ақынның ең көп талқыланған әрі тарихи маңызы зор еңбектерінің бірі – «Аз и Я» кітабы. 1975 жылы жарық көрген бұл еңбек әдебиет пен тіл тарихына жаңа көзқарас әкелді.

Кітапта түркі өркениетінің ықпалы, славян және түркі халықтарының тарихи байланысы кеңінен талданды. Сол уақыттағы кеңестік идеология үшін бұл тосын әрі батыл пікір болатын. Сондықтан кітап қатты сынға ұшырап, ұзақ уақыт цензура бақылауында қалды.

ашық дереккөз 

Бірақ уақыт өте келе «Аз и Я» еңбегі ұлттық сананың оянуына әсер еткен маңызды туындылардың бірі ретінде бағаланды. Бұл кітап көптеген оқырман үшін өз тарихына жаңаша қарауға мүмкіндік берді.

Олжас Сүлейменов тек ақын ғана емес, мәдениет пен өнердің бірнеше саласында еңбек еткен жан-жақты тұлға болды. Ол «Қазақфильм» киностудиясында қызмет атқарып, «Бабалар жері», «Көгілдір маршрут», «Мұхтар Әуезов туралы сөз» сияқты фильмдердің сценарийін жазды.

Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағын басқарды, мәдени саясатқа араласты, тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметінде еңбек етті. Ол Италия, Грекия және Мальта елдерінде Қазақстанның елшісі болды. Кейін ЮНЕСКО жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі қызметін атқарды.

Бұл қызметтердің бәрінде де ол қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттауға күш салды.

Әлемді дүр сілкіндірген қозғалыс

Олжас Сүлейменовтің азаматтық ерлігінің ең биік көрінісі – 1989 жылы құрылған «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы.

Семей ядролық полигоны ондаған жыл бойы қазақ жеріне орны толмас қасірет әкелді. Мыңдаған адам радиация зардабын тартты. Сол кезде халық үнін батыл жеткізген санаулы тұлғалардың бірі – Олжас Сүлейменов болды.

Теледидар арқылы халыққа үндеу жасағаннан кейін қысқа уақыт ішінде миллиондаған адам антиядролық қозғалысты қолдады. Нәтижесінде әлемдегі ең ірі ядролық сынақ полигондарының бірі жабылды.

Бұл қозғалыс Қазақстанды ядролық қарусыздану идеясын қолдайтын ел ретінде әлемге танытты. Ал Олжас Сүлейменов бейбітшілік жолындағы күрестің символына айналды.

Олжас Сүлейменов шығармашылығы қазақ әдебиетінің шекарасынан әлдеқашан асып кеткен. Оның еңбектері ондаған тілге аударылып, түркі дүниесінің рухани мұрасына айналды.

Ол өз шығармаларында түркі халықтарының тарихи тамырын, тілдік байланысын, ортақ мәдени кодын зерттеп, насихаттады. Сондықтан да оны тек қазақтың ғана емес, күллі түркі әлемінің ойшылы деп атайды.

Бүгінде оның еңбектері жас зерттеушілерге, ақындарға, әдебиеттанушыларға шабыт беріп келеді. 90 жылдық мерейтой қарсаңында Қазақстанда бірқатар мәдени жобалар жүзеге асырылуда. Ақынның көптомдық шығармалар жинағы қайта басылып, арнайы фотоальбомдар жарық көрмек. Республика көлемінде конференциялар, әдеби кештер, көрмелер ұйымдастырылып жатыр.