Олимпиадада үздік шығып, кейін медицинада табысқа жеткен чемпиондар

Олимпиадада үздік шығып, кейін медицинада табысқа жеткен чемпиондар

Мадина Асылбекова
Фото: AI көмегімен өңделді

Спорттағы жарқын жеңістерінен кейін өмірін мүлде басқа салаға арнағандар аз емес. Арасында Олимпиада чемпионы атанып, әлемдік рекорд орнатқан, кейін білікті дәрігер немесе медицина ғылымының көрнекті өкілі болған спортшылар бар. Олар биік мақсатқа жету үшін қажет табандылық пен тәртіптің спортта ғана емес, медицинада да маңызды екенін дәлелдеді.

Тенли Олбрайт

Америкалық мәнерлеп сырғанаушы Тенли Олбрайт әйелдер арасында осы спорт түрінің дамуына елеулі үлес қосты. Ол мұз үстіндегі өнерінде музыка мен қимылды өзара үйлестіріп, әр бағдарламасын шағын қойылымға айналдыра білді. Сонымен қатар бұрын сирек орындалған күрделі элементтерді шебер меңгеріп, кейін басқа спортшылар да қолдана бастаған тәсілдерді көрсетті.

Тенлиді бала кезінен коньки тебуге баулыған – әкесі, белгілі хирург Холлис Олбрайт. Ол үйінің артындағы алаңға су құйып, мұз қатырып, қызына жаттығуға жағдай жасаған. Тенли спортта үлкен жетістікке жетуді армандағанымен, 11 жасында полиомиелитке шалдығып, жоспары бір сәтте күл-талқан бола жаздады. Ауру салдарынан мойны, арқасы мен оң аяғы жартылай жансызданды.

Тенли Олбрайт / International News/Getty Images

Алайда жас спортшы мойыған жоқ. Арнайы жаттығулар арқылы дертпен күресіп, дене қимылын біртіндеп қалпына келтірді. Ауруханадан шыққанына бірнеше ай ғана өткенде, өз жас санатында АҚШ чемпионы атанды. Осыдан кейін оның спорттағы жолы өрлей берді. Ол ел біріншілігінде бірнеше рет жеңіске жетіп, 1953 жылы мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионы атанған АҚШ-тың алғашқы спортшысы болды.

1956 жылы Кортина-д’Ампеццода өтетін қысқы Олимпиада ойындары қарсаңында Тенли алтыннан басты үміткерлердің бірі саналды. Бірақ жарысқа дайындық кезінде тағы бір ауыр сынаққа тап болды. Жаттығу барысында конькиінің жүзі мұздағы ойыққа тіреліп, оң аяғының тобығын қатты жаралады. Жүз сүйекке дейін жетіп, қан тамырын да зақымдады. Қызының жарақатын емдету үшін әкесі АҚШ-тан шұғыл ұшып келді. Арада екі апта өткенде Тенли Олимпиада мұзына шығып, тамаша өнер көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды.

Спорттағы даңқы асқан шақта үлкен спорттан кету туралы шешімі көпшілікті таңғалдырды. 1957 жылы Тенли Гарвард медициналық мектебіне оқуға түсті. Оны тәмамдаған соң хирург болып еңбек етіп, жергілікті университетте сабақ берді. Бұл саладағы қызметі шамамен 30 жылға созылды. 1976 жылы оның есімі мәнерлеп сырғанаудың дүниежүзілік даңқ залына енгізілді.

Эрик Хайден

Эрик Хайден екі жасынан бастап коньки тепкен. Жасөспірім кезінде хоккей мен америкалық футболға да қызықты. Алайда конькимен жүгіруден Олимпиада чемпионы болған Дайан Холуммен кездесуі оның өмір жолын түбегейлі өзгертті. Холум жас спортшыны бапкер ретінде үлкен жеңістерге жетеледі.

1980 жылы Лейк-Плэсидте өткен қысқы Олимпиадада Эрик Хайден бес қашықтықтың бәрінде қарсыластарын басып озып, бес алтын медаль жеңіп алды. Оның үстіне, әр қашықтықта Олимпиада рекордын жаңартты. 10 000 метрде әлемдік рекорд та орнатты. Конькимен жүгіру тарихында мұндай жетістікке бұған дейін ешкім жетпеген еді. Хайденнің бұл нәтижесі Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Эрик Хайден / Getty Images

Осындай тарихи жеңістен кейін конькимен қош айтысу туралы шешім қабылдап, көпшілікті таңғалдырды. Эрик енді велоспортқа бет бұрды.

Эрик Хайден / Graham Watson/Getty Images

Мұнда да жаман нәтиже көрсеткен жоқ: 1985 жылы АҚШ-тың кәсіпқойлар арасындағы чемпионатында жеңіске жетіп, кейін «Тур де Франс» жарысына қатысты. Алайда жарақаттары жиілеп кеткен соң спорттағы карьерасын аяқтады.

Эрик әкесінің жолын жалғастырып, медицина саласын таңдады. Әкесі белгілі ортопед-хирург болған. 1991 жылы ол Стэнфорд университетінің медициналық мектебін бітіріп, кейін Калифорния университетінің Дэвис қаласындағы ортопедия бөлімінде резидентурадан өтті.

Қазір Эрик әйелі Каренмен бірге Парк-Ситиде жеке клиникасын басқарады. Оның айтуынша, спорттағы жеке тәжірибесі жарақат алған адамдарды емдеуде ерекше тәсіл табуға көмектеседі.

Хайден – өзіне ұнайтын екі саланы үйлестіріп, табысқа жеткен мамандарыдң бірі. NBA-дің «Сакраменто Кингз» командасында дәрігер болып жұмыс істеп, конькимен жүгіруден АҚШ ұлттық құрамасының медициналық штабына ұзақ жыл жетекшілік етті.

Лоран Дюверне-Тардиф

Лоран Дюверне-Тардиф бала кезінде шаңғы жарысы мен бадминтонға қатысып көрген. Ал америкалық футболға 14 жасында шындап ден қойды. 2010-2013 жылдары Макгилл университетінде оқып жүріп, оқу ордасының футбол командасында ойнады. Спортпен қатар медициналық білім алып, ойыншылардың қауіпсіздігін арттыруға арналған арнайы дулығаларды әзірлеуге де атсалысты.

Лоран Дюверне-Тардиф / Cooper Neill/Getty Images

Кейін Лоран Ұлттық футбол лигасында (NFL) дәрігер дипломы бар алғашқы ойыншы атанды. Ол командасымен бірге Супербоулды да жеңіп алды. 2020 жылы COVID-19 пандемиясы кезінде маусымға қатысудан бас тартқан NFL ойыншыларының алғашқысы болды. Сол жылы Квебекке оралып, Сен-Жан-сюр-Ришельедегі ұзақ мерзімді күтім мекемесінде санитар болып жұмыс істеді.

Лоран науқастар жатқан бөлмелерді тазалап қана қоймай, олардың жағдайын бақылап, дәрі-дәрмек таратуға да көмектесті. Оның айтуынша, бұл жұмыс өмірге деген көзқарасын өзгертіп, медицина мамандығының адам үшін қаншалықты маңызды екенін терең түсіндірген. Кәсіби футболшының медицина қызметкеріне айналған оқиғасы «Майдан шебі» атты деректі фильмге арқау болды.

Лоран Дюверне-Тардифтің жеке мұрағатынан

2023 жылғы 21 қыркүйекте Дюверне-Тардиф NFL-дегі мансабын аяқтайтынын жариялады. Содан бері ол уақытын дәрігерлік қызметке арнап келеді.

Роджер Баннистер

Роджер Баннистер 1929 жылғы 23 наурызда Харроу қаласында мемлекеттік қызметкердің отбасында дүниеге келген. Жас кезінен медицинаға қызыққанымен, спортты да қатар алып жүрді. Бала күнінен жүгіруге әуес болып, мектептегі кросс жарыстарында жақсы нәтиже көрсетті. Мектеп бітірген соң Оксфорд университетінің Эксетер колледжіне дәрігер мамандығын меңгеру үшін оқуға түсті. Орта қашықтыққа жүгірумен де осы жерде шындап айналыса бастады.

Медициналық оқу оңай болған жоқ, сабақ пен тәжірибе көп уақытын алатын. Сондықтан Баннистер жаттығуға көбіне түскі үзіліс кезінде ғана көңіл бөлетін. Ал бұл жолда оған бапкері Франц Штампфль көмектесті.

Баннистер физиологияны зерттеп, ғылыми тәсілге сүйене отырып, адам мүмкіндігінің шегі туралы қалыптасқан түсінікті өзгертуді көздеді. Ол швед желаяғы Гундер Хеггтің бір мильді 4 минут 1,04 секундта жүгіріп өткен нәтижесін адам баласы үшін алынбас қамал емес, психологиялық кедергі деп санады.

1952 жылы Хельсинкиде өткен Олимпиада ойындарында 1500 метрге жүгіруден финалға шығып, төртінші орын алды. Дегенмен осы жарыста ұлттық рекордты жаңартты. Бірақ оның басты арманы әлі орындалмаған еді.

1954 жылғы 6 мамырда ауа райының қолайсыздығына (жаңбыр мен жел) қарамастан, Баннистер бір мильді 3 минут 59,04 секундта жүгіріп өтті. Осылайша, бір мильді төрт минуттан аз уақытта бағындырған алғашқы спортшы атанды. Бұл нәтиже өзге желаяқтарға да жаңа меже белгіледі. Арада небәрі 46 күн өткенде аустралиялық Джон Лэнди оның рекордын жаңартып, Финляндиядағы жарыста бір мильді 3 минут 57,09 секундта жүгіріп өтті.

Роджер Баннистер / Getty Images

1954 жылғы 7 тамызда екі спортшы Ванкуверде өткен Британ достастығы ойындарының финалында қайта кездесті. Журналистер бұл жарысты «Ғасыр милі» деп атады. Баннистер кейін тарихи бәсекені былай еске алған:

Үшінші айналымда арадағы алшақтықты қысқарта бастадым. Соңғы бұрылыста ол сол иығының үстінен артына қарады. Мен дәл сол сәтті пайдаланып, алға шықтым. Мәре сызығын Баннистер бірінші, Лэнди екінші болып кесті. Арамыз шамамен төрт ярд болды.

Сол жылдың тамызында Еуропа чемпионатында 1500 метрге жүгіруден жеңіске жеткеннен кейін Баннистер спорттағы мансабын аяқтады. Ол кезде небәрі 25 жаста еді. Бұдан кейін бар күшін медицинаға жұмсап, неврология саласында танымал ғалымға айналды. Бірқатар ғылыми еңбек жазды.

Роджер Баннистер 2018 жылғы 3 наурызда Оксфордта дүниеден өтті.

Дженевра «Гевви» Стоун

Дженевра Стоунның ата-анасы ескек есуден Олимпиада ойындарына қатысқан. Сондықтан олар қызы да отбасылық дәстүрді жалғастырады деп үміттенген. Бірақ Дженевраның бала күнгі арманы басқа еді. Жақындары оны Гевви деп атайтын. Ол сегізінші сыныпта оқып жүргенде-ақ дәрігер болуды мақсат еткен.

2001 жылы Дженевра Бостондағы Уинзор мектебінде академиялық ескек есумен айналыса бастады. Оның алғашқы бапкері анасы болды. Кейін Принстон университетіне түскенде де осы спортты жалғастырып, студенттер командасында өнер көрсетті.

Дженевра Стоун / Buda Mendes/Getty Images

Ата-анасы қызының спорттағы жетістіктеріне қуана отырып, оның дәрігер болсам деген арманына да қолдау білдірді. Принстонды бітірген соң Дженевра Тафтс университетінің медициналық мектебіне түсіп, 2012 жылы медицина докторы дипломын алды.

Осы жылдары оның спорттық мансабы да сәтті өрбіді. АҚШ құрамасына қабылданып, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадада жалғыз адамдық қайықпен жарысып, күміс медаль жеңіп алды. Финалда ол аустралиялық Ким Бреннаннан қалып қойды. Кейін Дженевра әйгілі Head of the Charles Regatta жарысында бірнеше рет жеңімпаз атанды.

Ал Токио Олимпиадасынан кейін спорттан кетемін деп шешті. Қазір ол дәрігерлік резидентурасын аяқтап, шұғыл және спорттық медицина саласында еңбек етеді.

Дженевра Стоунның жеке мұрағатынан

Бұған дейін Fast and Female ұйымымен де ынтымақтасып, спортшы елші ретінде жас қыздарға спорттық қабілетін дамытуға көмектескен.

Оқи отырыңыз

{