Бүгiн, 12:09
Албанияда бұлтқа ұқсайтын ерекше ғимарат салынадыАстанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті, Қазақстанның бильярд спорты федерациясы және Қытайдың JOY Billiards компаниясының өкілдері кездесу өткізді. Кездесуде Қазақстанда хейболды дамыту және бұл спорт түрін ірі халықаралық жарыстардың бағдарламасына енгізу мүмкіндігі талқыланды.
Кездесуде не талқыланды?
Қазақстан ҰОК атынан бас хатшы Әлімжан Ақаев пен бас директор Нұрлан Нөгербек қатысты. Сонымен қатар кездесуге JOY Billiards компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Цяо Юаньсюй, компанияның бас менеджері Чжан Сяопин және Қазақстанның бильярд спорты федерациясының президенті Аңсары Қаранеев қатысты.
Тараптар хейболды 2030 жылы Дохада (Қатар) өтетін Азия ойындары мен 2032 жылы Брисбенде (Аустралия) ұйымдастырылатын Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды. Қазақстандық тарап бұл спорт түрін халықаралық деңгейде дамыту үшін кезең-кезеңмен әрекет ету қажеттігін атап өтті. Алғашқы кезекте оны Азия Олимпиадалық кеңесінің ұйымдастыруымен өтетін жарыстардың бағдарламасына енгізу мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды.
Хейбол деген не?
Қытайлық сегіздік деген атпен де белгілі хейбол – бильярдтың бір түрі. Бұл спорт түрі халықаралық деңгейде қарқынды дамып келеді. 2025 жылы хейбол Қытайдың Чэнду қаласында өткен Дүниежүзілік ойындар бағдарламасына алғаш рет енгізілді.
Хейбол – бильярдтың сегіз шармен ойналатын түріне негізделген спорт. Ағылшын тілінде Heyball немесе Chinese eight-ball деп аталады. Ойынның мақсаты – өз тобыңа тиесілі шарларды қалтаға түсіріп, соңында қара сегізінші шарды ережеге сай соғу. Бір қарағанда, хейбол кәдімгі пул-бильярдтан аса ерекшеленбейтіндей көрінуі мүмкін. Алайда оның басты айырмашылығы – үстелдің құрылымында. Ойынға арналған үстел снукер үстеліне ұқсайды: қалталары тарлау әрі шарды дәл соғуды талап етеді. Сондықтан ойыншыға тек күш емес, дәлдік, есеп, тактикалық ойлау және жүйелі дайындық қажет.
Хейболда ойыншы шарды қалтаға түсірумен ғана шектелмейді. Ол келесі соққыға қолайлы жағдай жасауды, қарсыласының мүмкіндігін шектеуді және үстелдегі шарлардың орналасуын алдын ала есептеуді үйренеді. Осы ерекшеліктері оны жай ғана көңіл көтеруге арналған ойыннан бәсекелі спорт түріне айналдырады.
Хейболды баланың қызығушылығы мен зейін қою қабілетіне қарай оны ерте жастан үйренуге болады. Дегенмен жаттығу кезінде бойына сай жабдық болғаны, қауіпсіздік ережелері ескерілуі керек. Бұл спортта жасөспірімдерге де мүмкіндік бар. Мысалы, Дүниежүзілік пул қауымдастығы (WPA) 19 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионатын өткізеді. 2026 жылы Норвегияның Осло қаласында өткен жасөспірімдер мен параспортшылар арасындағы әлем чемпионатына 42 елден 122 спортшы қатысты.
Хейболға балалар ғана емес, ересектер де қызыға алады. Мұнда жоғары нәтиже көрсету үшін дене күшінен гөрі техниканы меңгеру, қолдың дәлдігі, шыдамдылық пен ойынды дұрыс жоспарлау маңызды.
2024 жылы Дүниежүзілік пул қауымдастығы кәсіби деңгейде дамып келе жатқан осы спорт түрін қарамағындағы ресми бильярд бағыттарының қатарына қосты. Бұл хейболдың халықаралық деңгейде жүйелі дамуына жол ашты. Мәселен, 2025 жылғы әлем чемпионатында ерлер мен әйелдер арасында жалпы жүлде қоры 400 мың АҚШ долларын құрады. Турнирге 128 спортшы қатысты.
Әрине, бильярд клубына барып ойнау мен кәсіби спортшы болудың айырмашылығы бар. Кәсіби деңгейге жету үшін тұрақты жаттығу, жаттықтырушының көмегі, жарыс тәжірибесі және психологиялық дайындық қажет. Хейболдың кең таралуына Қытай үлкен үлес қосты. Бұл елде ойынның жанкүйерлері көп, арнайы үстелдер мен бильярд клубтары жұмыс істейді. Ұлттық деңгейдегі жарыстар өткізіледі. Сондықтан хейболды көбіне Қытай бильярды деп те атайды.
Алайда хейболды тек Қытаймен шектеуге болмайды. Қазір халықаралық жарыстарға Еуропа, Азия, Америка және басқа құрлықтардың өкілдері қатысады. 2025 жылғы әлем чемпионаты Австралияның Брисбен қаласында өтсе, 2026 жылғы жасөспірімдер мен параспортшылар арасындағы әлем чемпионаты Норвегияда ұйымдастырылды.
Бүгiн, 12:09
Албанияда бұлтқа ұқсайтын ерекше ғимарат салынадыКеше, 13:39
Көк тудың артында тұрған тағдыр: Шәкен Ниязбековтің көпшілік біле бермейтін қыры7 Қазан, 09:25
18 көпірдің аржағындағы «елес қала»: Кезінде ұшақ қатынаған Байжансай неге қаңырап қалды?1 Қазан, 17:40
«Атын Төрехан деп қойдық»: шымкенттік отбасы жетінші перзентіне боксшының есімін берді