Жаңалықтар

Образды түрлендіретін қарапайым тәсіл: орамалды қалай сәнді тағуға болады

03.06.2026 13:08
Ажар Лаубаева
Фото: коллаж El.kz

Кейде стильді көріну үшін қымбат киім немесе жаңа сөмке сатып алудың қажеті жоқ. Гардеробыңыздағы бір орамалдың өзі образды ерекше етіп, өзгертіп жібере алады. Сән мамандары орамалды кез келген стильмен оңай үйлесетін әмбебап аксессуарлардың бірі деп санайды. Себебі оны әртүрлі тәсілмен қолданып, күн сайын жаңа образ жасауға мүмкіндік бар.   

Шашқа нәзіктік сыйлайды

Соңғы жылдары орамалды шашқа тағу қайтадан сәнге айналды. Оны шашбау ретінде тағуға немесе бұрымға қосып өруге болады. Мұндай ұсақ деталь образға бірден жеңілдік пен нәзіктік сыйлайды.

Фото: shoppingschool.ru

Әсіресе жаз мезгілінде бұл тәсіл әрі сәнді, әрі ыңғайлы. Күнделікті қарапайым шаш үлгісінің өзі орамалдың арқасында ерекше көрініп шыға келеді.

Белдіктің орнына пайдаланыңыз

Соңғы жылдары орамалды белдік ретінде пайдалану сәнге айналды. Ол үшін орамалды шалбардың немесе белдемшенің ілгектерінен өткізу жеткілікті.

Сондай-ақ кең пішілген көйлек пен жейденің бел тұсына байлап қойсаңыз, беліңіз айқынырақ көрініп, образ жинақы бола түседі. Әсіресе жазғы жеңіл киімдермен үйлескенде ерекше әсер қалдырады.

Фото: shoppingschool.ru

Топтың орнына пайдаланыңыз

Үлкендеу жібек немесе мақта матадан тігілген орамалды бірнеше тәсілмен байлап, жазғы образдың негізгі элементіне айналдыруға болады.

Мұндай стиль әсіресе ыстық күндері өте ыңғайлы. Жеңіл әрі орамал артық жүк болмайды. Сондықтан сән мамандары оны жазғы демалысқа алып шығатын ең әмбебап аксессуарлардың бірі деп санайды.

Фото: ngs.ru

Сөмкеге жаңа реңк сыйлаңыз

Егер сүйікті сөмкеңізден жалыға бастасаңыз, оны ауыстыруға асықпаңыз. Тұтқасына әдемі орамал байлап көріңіз.

Бұл қарапайым әдіс сөмкені бірден жаңартып, қымбат аксессуардай көрсетеді. Әсіресе біртүсті сөмкелер түрлі-түсті орамалмен үйлескенде ерекше көзге түседі.

Фото: lady.mail.ru

Киімнің бір бөлігіне айналдырыңыз

Орамалды мойынға тағумен ғана шектелудің қажеті жоқ. Оны иыққа тастап немесе бел тұсынан белдікпен бекітіп, киімнің бір бөлігі ретінде қолдануға болады.

Мұндай тәсіл қарапайым көйлекке, жакетке немесе жейдеге жаңа сипат береді. Кейде бір ғана детальдің өзі бүкіл образдың көркін ашып жатады.

Фото: marieclaire.ru

Кеңсе стиліне де жарасады

Орамал тек серуенге немесе демалысқа арналған аксессуар емес. Оны жейде жағасының астына тағып, іскерлік стильге де енгізуге болады.

Ақ жейде, классикалық шалбар және шағын орамал ешқашан сәннен қалмайды. Бұл образ сырт көзге ұқыпты әрі жинақы көрінеді.

Әшекейдің орнына қолданыңыз

Сән әлемі жылдан-жылға өзгеріп келеді. Бүгінде орамалды білезік, алқа немесе тіпті сағат бауының орнына да қолданатындар көбейген.

Білегіңізге орап тағуға, мойныңызға бірнеше рет айналдырып байлауға немесе сөмкенің сәндік элементі ретінде пайдалануға болады. Мұндай тәсіл образға ерекше реңк береді.

Фото: jadone.biz

Оқи отырыңыз