30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыАҚШ-тағы Нью-Йорктің мемлекеттік мектептерінде 8-сыныпқа дейінгі оқушыларға генеративті жасанды интеллект құралдарын пайдалануға бір оқу жылына шектеу енгізіледі. Жаңа талап 600 мыңға жуық баланы қамтиды.
Associated Press мәліметінше, бұл туралы Нью-Йорк мэрі Зохран Мамдани мәлімдеді. Шектеу 2026-2027 оқу жылы бойы күшінде болады және мектепке дейінгі даярлық топтарына да қатысты.
Жаңа ереже бойынша балалармен тікелей әрекеттесетін ЖИ бағдарламаларын қолдануға рұқсат берілмейді. Яғни оқушының сұрағына жауап беретін, оның тапсырмасы бойынша мәтін немесе басқа контент әзірлейтін генеративті жасанды интеллект сервистеріне шектеу қойылады.
Бір жыл ішінде қалалық білім басқармасы жасанды интеллектінің балалардың білім алуына, ойлау қабілетіне және оқу процесіне қалай әсер ететінін зерделемек.
Нью-Йорк мэрі Зохран Мамдани балалардың білім алып, жан-жақты дамуы үшін мұғаліммен және айналасындағы адамдармен тікелей қарым-қатынас жасауы маңызды екенін атап өтті.
38 білім беру бағдарламасындағы ЖИ өшіріледі
Chalkbeat басылымының мэрия өкілдеріне сілтеме жасап хабарлауынша, қазір Нью-Йорк оқушылары пайдаланатын 38 компьютерлік бағдарламадағы кіріктірілген жасанды интеллект функциясы ажыратылады.
Егер бағдарлама әзірлеушілері сервистің негізгі мүмкіндіктерін сақтай отырып, ЖИ функциясын жеке өшіре алмаса, мектептер мұндай платформаны пайдаланудан бас тартуы мүмкін.
Жаңа талаптың орындалуын негізінен мұғалімдер мен мектеп басшылығы қадағалайды. Дегенмен оқушылардың мектептен тыс жерде, соның ішінде үй тапсырмасын орындау кезінде жасанды интеллектіні пайдалануына қатысты нақты бақылау тетіктері әзірге жарияланған жоқ.
Жоғары сынып оқушыларына ЖИ қолдануға рұқсат беріледі
9-12-сынып оқушылары үшін талап өзгеше болады. Олар мұғалімнің бақылауымен жасанды интеллектіге негізделген кейбір білім беру платформаларын пайдалана алады.
Сонымен қатар жоғары сынып оқушылары үшін ЖИ сауаттылығына арналған арнайы сабақтар енгізіледі. Жылына екі рет 45 минуттан өтетін сабақ барысында оқушыларға жасанды интеллектінің жұмыс істеу принципі түсіндіріліп, оның берген ақпаратын неліктен тексеру керектігі және жеке деректерді қалай қорғау қажет екені айтылады.
Ал адаммен достық немесе эмоционалдық қарым-қатынасты имитациялайтын, жеке әңгімелесуге арналған ЖИ-чатботтарды мектеп аумағында барлық сынып оқушыларына пайдалануға тыйым салынады.
Мұғалімдерге ЖИ қолдануға тыйым салынбайды
Шектеу педагогтерге қатысты емес. Мұғалімдер жасанды интеллектіні сабаққа дайындалу, оқу материалдарын әзірлеу және әкімшілік міндеттерді орындау кезінде пайдалана алады.
Сонымен бірге мектептерге сабақ барысында балалардың компьютер мен планшет алдында өткізетін уақытын азайту ұсынылды. 3-5-сынып оқушылары үшін экран алдында отыру уақыты күніне 30 минуттан, ал 6-8-сыныптарда 45 минуттан аспауы керек.
Лос-Анджелес мектептерінде де шектеу бар
Генеративті жасанды интеллектіні шектеу мәселесі АҚШ-тың басқа қалаларында да көтеріліп отыр. Лос-Анджелес мектептерінде оқушылар білім алу үшін пайдаланатын компьютерлер мен планшеттерде генеративті ЖИ сервистеріне қолжетімділік уақытша жабылған.
Бұл талап барлық сынып оқушыларына қатысты. Шектеу мектептерде жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі тиімді пайдаланудың нақты ережелері әзірленгенге дейін сақталмақ.
Қазақстан мектептерінде ЖИ оқыту бағдарламасына енгізіліп жатыр
Қазақстанда, керісінше, жасанды интеллектіні мектептегі білім беру процесіне енгізу мемлекеттік деңгейде қолға алынды. Мамыр айында Президент осы бағытты қамтитын тиісті жарлыққа қол қойды.
Ал тамызда Оқу-ағарту министрлігі мектеп бағдарламаларының жаңартылғанын хабарлады. Соған сәйкес бастауыш сынып оқушылары жасанды интеллект туралы бастапқы түсінік ала бастайды. 5-9-сыныптарда оқушыларға ЖИ құралдарын оқу барысында дұрыс әрі тиімді пайдалану жолдары үйретіледі.
Осылайша, әлем елдері жасанды интеллектінің білім беру саласындағы орнын әртүрлі тәсілмен айқындап жатыр. Бірқатар қала мен мемлекет балалардың генеративті ЖИ-ге тәуелді болып қалмауы үшін оны уақытша шектесе, енді бірі жаңа технологияны сауатты әрі қауіпсіз қолдануды мектептен бастап үйретуге басымдық беріп отыр.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды