Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін алып тастады

12 Қаңтар, 17:25 1882

Әлеуметтік желіде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетінің алдында тұрған ескерткішін алып тастағаны туралы ақпарат таралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ескерткіш 2020 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жылдығында университет алдына арнайы қойылған еді.

Қорғаныс министрінің бұйрығымен "ҚР тұңғыш президенті - елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің" атауы "ҚР Ұлттық қорғаныс университеті" болып өзгерді. Сондықтан Ұлттық қорғаныс университетінің аумағында орналасқан ҚР тұңғыш президентінің ескерткішін ҚР Қарулы күштерінің мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының ғимаратына көшіру және орнату туралы шешім қабылданды. Қазір ескерткіш қорғаныс ведомствосының бір ғимаратында уақытша сақталып тұр. Дайындық шараларын өткізгеннен кейін орнату үшін ескерткіш мұражай ғимаратына көшіріледі, - делінген Қорғаныс министрлігінің ақпаратында.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің атауы өзгеретінін жазған едік.

Қорғаныс министрлігінің «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті» республикалық мемлекеттік мекеменің атауынан «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы» сөздері алынып тасталады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: