Нұрқанат Серікбаев Загреб Гран-приінде топ жарды

Нұрқанат Серікбаев Загреб Гран-приінде топ жарды

Асқар Таудай
Фото: ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті

Қазақстан ұлттық құрамасының дзюдошысы Нұрқанат Серікбаев Хорватияның Загреб қаласында өтіп жатқан әлемдік Гран-при турнирінде топ жарды.

Чемпиондық атақ сарапқа салынған финалдық белдесуде отандасымыз бразилиялық Роналд Лимамен кездесіп, қарсыласын уақытынан бұрын иппон ұпайымен ұтты.

66 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен ол финалға дейін төрт кездесу өткізді. Іріктеу кезеңдерінде бразилиялық Кристиан Силва мен аргентиналық Минору Тамашироны жарыс жолынан шығарды. Одан кейін ширек финалда португалиялық Мигель Нери Гагоны, жартылай финалда италиялық Валерио Аккоглиді қапы қалдырды.

Осы нәтижесімен Нұрқанат Серікбаев Загреб Гран-приінің алтын жүлдегері атанып, Қазақстан намысын абыроймен қорғап шықты.
Бұдан бөлек, финалған шыққан Аман Бақытжан (60 кг) мен Ғалия Тынбаева (48 кг) Гран-при турнирінің күміс жүлдесін еншіледі. 

Аман Бақытжан өз мансабында Гран-при жарыстарындағы алғашқы жүлдесіне қол жеткізіп отыр. Отандасымыз жарыс жолында бірнеше мықты қарсыласынан басым түсіп, финалға дейін жетті. Шешуші белдесуде ол Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Тайпей өкілі Янг Юнг Вэймен кездесіп, қарсыласына есе жіберді.

Айта кетелік, дзюдошымыз ширек финалда украиналық Дильшот Халматовты, жартылай финалда словениялық Дэвид Старкелді жеңді. Сондай-ақ іріктеу кезеңдерінде Үндістан өкілі Хараш Синх пен израильдік Ариэль Шульманнан басым түсті.
Ғалия Тынбаева шешуші белдесуде әлем чемпионы, италиялық Ассунта Скуттомен кездесіп, тартысты бәсекеде қарсыласына есе жіберді.

Ол финалға дейінгі жолында төрт белдесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Атап айтқанда, италиялық Азия Аванзато мен испаниялық Ева Перес Солерден басым түсті. Ширек финалда бразилиялық Наташа Феррейраны, ал жартылай финалда австриялық Жаклин Шпрингерді жеңді.

Айта кетерлігі, Загреб Гран-приіне 66 елден 462 дзюдошы қатысуда. Әлемдік дода 15 қарашаға дейін жалғасады.

Оқи отырыңыз

{