Нисеко тәжірибесі: Көкжайлауды әлемдік туристік орталыққа айналдыру мүмкін бе?

Нисеко тәжірибесі: Көкжайлауды әлемдік туристік орталыққа айналдыру мүмкін бе?

Аян Қайырбаев
Фото: AI көмегімен жасалды

Алматы маңындағы Көкжайлау шатқалында салынуы жоспарланған Almaty Superski тау-шаңғы курорты 2028 жылдың соңында ашылуы мүмкін. Жобаға үлгі бола алатын шетелдік тәжірибенің бірі – Жапонияның Хоккайдо аралындағы Нисеко курорты. Кезінде шағын ғана ауыл болған бұл мекен бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылатын халықаралық демалыс орталығына айналды. Нисеко несімен танымал, жыл сайын мұнда неге сонша қар жауады және оның тәжірибесін Алматыда қалай қолдануға болады? El.kz тілшісі зерделеп көрді.

Нисекода жылына 15 метр қар жауады

Жапонияның Нисеко курорты әлемдегі ең қарлы тау-шаңғы аймақтарының бірі саналады. Мұнда қыс мезгілінде орта есеппен 15 метрге жуық қар түседі. Бұл көрсеткіш курорттың халықаралық деңгейде танылуына ықпал еткен басты ерекшеліктердің бірі.

Мұның өзіндік географиялық себебі бар. Сібірден келетін суық әрі құрғақ ауа Жапон теңізінің үстімен өткенде ылғалға қанығады. Кейін ол Хоккайдо аралының батысындағы тауларға жетіп, мол қар түрінде жауады. Қардың ерекшелігі – жеңіл әрі құрғақ болуы. Қыстың қызған шағында мұнда қар күн сайын дерлік жауады.

Шаңғышылар жергілікті қарды «джапау» деп атайды. Бұл атау ағылшын тіліндегі Japan (Жапония) және powder (ұнтақ қар) сөздерінің бірігуінен шыққан. Қардың жеңілдігі соншалық, орман ішіндегі кей жерлерде адам беліне дейін батып кетуі мүмкін.

Нисекодағы алғашқы шаңғы тебуді австриялық офицер бастаған

Нисеконың тау-шаңғы тарихы австриялық офицер Теодор фон Лерхтің есімімен байланысты. Ол бір кездері Жапония әскеріне шаңғы тебуді үйретуге шақырылған.

1912 жылдың сәуірінде офицер Йотей жанартауына көтеріліп, шаңғымен төмен түскен. Бұл оқиға жергілікті баспасөзде жарияланып, фон Лерх Нисекода шаңғы тепкен алғашқы адам ретінде тарихта қалды.

Биіктігі 1898 метр болатын Йотей тауы пішіні жағынан Фудзиямаға ұқсайды. Сондықтан жапондар оны «Эдзо-Фудзи», яғни солтүстік аралдың Фудзиямасы деп атайды. Оның сұлбасы курорттың көптеген трассасынан көрінеді.

Алғашқы көтергіштер 1961 жылдың желтоқсанында Хирафу ауданында іске қосылды. Кейін Аннупури тауының айналасында бірнеше тау-шаңғы курорты қалыптасты.

Нисеконы әлемге австралиялықтар танытты

2000 жылдардың басына дейін Нисеко негізінен жапондық шаңғышыларға ғана белгілі болған. Курорттың халықаралық деңгейде танылуына австралиялық туристер мен кәсіпкерлер ықпал етті.

Олар Хоккайдодағы жеңіл қар мен адам аз түсетін тау беткейлері туралы өз елдеріне айтып, кейін осы аймақтан жер сатып алып, үйлер мен қонақүйлер сала бастады.

2000 жылдардың соңына қарай көршілес Кутчан қаласындағы шетелдік туристердің жартысынан астамы Австралиядан келген. Австралиялық кәсіпкерлер қонақүйлер, мейрамханалар мен шаңғы жабдықтарын жалға беру орындарын ашып, курорттың туристік инфрақұрылымын дамытуға атсалысты.

Қазір Нисекоға келетін шетелдік туристердің географиясы кеңейген. 2025 қаржы жылының қорытындысы бойынша аймақтағы ең көп шетелдік туристер алғаш рет АҚШ азаматтары болған. Жергілікті басылымдар мұны Еуропа мен Америкадағы кейбір тау-шаңғы курорттарында қардың аз түсуімен байланыстырады.

Бір абонементпен төрт курортта шаңғы тебуге болады

Нисеконың тағы бір ерекшелігі – төрт тау-шаңғы курортының бір жүйеге біріктірілуі. Grand Hirafu, Hanazono, Niseko Village және Annupuri курорттары «Niseko United» атауымен жұмыс істейді. Ортақ абонемент сатып алған турист төрт курорттың да трассаларын пайдалана алады.

Сонымен қатар бұл абонемент шаңғышыларды бір курорттан екіншісіне тасымалдайтын автобустарда жол жүруге мүмкіндік береді.

Қысқы маусымның қызған кезінде бір күндік абонемент құны 13 500 иенді құрайды. Жаңа маусым қарашаның соңында басталып, кейбір трассалар мамыр айының басына дейін жұмыс істейді.

Нисекода кешкі уақытта шаңғы тебуге де ерекше көңіл бөлінген. Трассалар арнайы шамдармен жарықтандырылып, туристер қар жауып тұрған кезде де сырғанай алады. Биылғы маусымда кешкі трассалар желтоқсанның ортасынан наурыздың соңына дейін ашық болады.

Қар көшкінінен қорғайтын арнайы ережелер

Тау-шаңғы курортындағы қауіпсіздік мәселесі Нисеко үшін ерекше маңызға ие. Бұрын бұл аймақта қар көшкінінен болатын қайғылы жағдайлар жиі тіркелген.

Осыған байланысты жергілікті тұрғындар, құтқарушылар мен курорт әкімшілігі бірлесіп, «Нисеко ережелерін» әзірлеген. Оған сәйкес, туристерге арнайы белгіленген қақпалар арқылы ғана дайындалған трассалардан тыс жерде шаңғы тебуге рұқсат беріледі. Күн сайын таңертең патруль қызметкерлері қар көшкіні қаупін бағалап, қақпаларды ашу немесе жабу туралы шешім қабылдайды.

Ережені бұзып, қоршаудан өз бетінше өткен туристердің шаңғы абонементі жарамсыз деп танылады. Ал трассадан тыс жерде адасып кеткен немесе қар көшкінінің астында қалған адамды іздеу-құтқару жұмыстары үшін кемінде 100 мың иен төлеу қажет.

Жергілікті тұрғын Акио Синья ұзақ жылдар бойы қар көшкінінің қаупі туралы күнделікті ақпарат таратып келген. Ол шағын отбасылық қонақүйді басқарады.

Ыстық бұлақтар және ұлттық асхана

Нисеко туристерге тек шаңғы тебуді ғана ұсынбайды. Курорт жанартаулық аймақта орналасқандықтан, оның айналасында құрамы әртүрлі жиырмадан астам ыстық бұлақ бар.

Жапонияда мұндай табиғи ыстық су көздері «онсэн» деп аталады. Әсіресе ашық аспан астындағы моншалар туристер арасында танымал. Аязды күні ыстық судан бу көтеріліп, айналаға қар жауып тұратын көрініс демалушыларға ерекше әсер сыйлайды.

Бірнеше бұлақты аралап көргісі келетіндер үшін 15 моншада қолдануға болатын арнайы абонемент те бар.

Туристерді жергілікті асхананың тағамдары да қызықтырады. Соның бірі – Хоккайдоға тән суп-карри. Ол зімбір, сарымсақ және түрлі дәмдеуіш қосылған хош иісті сорпа негізінде дайындалады. Тағамға көкөніс, ет немесе теңіз өнімдері қосылып, арнайы ыдыста ұсынылады.

Туризмнің дамуы жергілікті экономикаға қалай әсер етті?

Нисеконың халықаралық курортқа айналуы Кутчан қаласының экономикасына да ықпал еткен.

2024 қаржы жылында алғаш рет шетелдік азаматтар Кутчан бюджетіне жапон тұрғындарына қарағанда көбірек мүлік салығын төлеген. Жергілікті биліктің мәліметінше, Хоккайдоның өзге бірде-бір муниципалитетінде мұндай жағдай бұрын тіркелмеген.

Қысқы маусымда мұнда мыңдаған шетелдік азамат қонақүйлерде, мейрамханаларда және тау-шаңғы инфрақұрылымында жұмыс істейді.

Кутчанда тұрақты тұратын шетелдіктер саны да рекордтық деңгейге жетіп, 4200 адамды құраған. Тіпті кей күндері жергілікті әкімдік ғимаратының алдында тіркеуден өтуге ниетті жүздеген адам кезекке тұрған.

Осылайша, шағын ауылдың халықаралық туристік орталыққа айналуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, қызмет көрсету саласының дамуына және бюджет кірісінің артуына мүмкіндік берген.

Нисеко тәжірибесін Көкжайлауда қолдануға бола ма?

Жапония тәжірибесі таулы аймақты халықаралық туристік орталыққа айналдыру үшін табиғи әлеуетпен қатар, тиімді инфрақұрылым мен қауіпсіздік жүйесі қажет екенін көрсетеді.

Алматы маңындағы Көкжайлау шатқалында жүзеге асырылуы жоспарланған Almaty Superski жобасы аясында шамамен 60 шақырым тау-шаңғы трассасын салу көзделген. Аспалы жолдарды француздың POMA компаниясы орнатпақ. Сондай-ақ курорт аумағында бірнеше мың адамға арналған қонақүй орындары қарастырылған.

Нисеконың тәжірибесіндегі маңызды тұстың бірі – бірнеше курортты ортақ абонементпен және көлік қатынасымен біріктіру. Бұл туристерге бір аумақтағы бірнеше демалыс орнын еркін пайдалануға мүмкіндік береді. Алматыда да осындай жүйені дамыту қаланың тау туризміндегі әлеуетін кеңейте алады.

Тағы бір назар аударатын мәселе – қауіпсіздік. Іле Алатауында да қар көшкіні қаупі бар. Сондықтан Нисекодағыдай арнайы қақпалар, күнделікті қауіп туралы ақпарат тарату және трассадан тыс жерлерде шаңғы тебуді бақылау жүйесі Алматы үшін де маңызды тәжірибе бола алады.

Жапонияның тәжірибесінде ескеретін мәселелер де бар. Туризмнің дамуы мен шетелдік инвестицияның артуы жергілікті жылжымайтын мүлік бағасының өсуіне әсер еткен. Көкжайлау жобасында мұндай тәуекелдерді ескеру үшін жеке виллалар мен шале салу жоспарланбаған. Құрылыс нысандарына урочищенің 20 гектарынан аспайтын аумағын бөлу көзделіп отыр.

Жоба бастамашылары курорттың қала тұрғындары үшін де қолжетімді болатынын айтады. Алдын ала жоспар бойынша, бір күндік шаңғы абонементінің бағасы шамамен 14 мың теңге болады. Мектеп оқушыларына шаңғы тебу тегін ұсынылмақ.

Көкжайлаудың болашақтағы табысы тек шаңғы трассаларының ұзындығымен өлшенбейді. Нисеко үлгісі көрсеткендей, халықаралық танымалдыққа жету үшін қауіпсіздік, көлік қатынасы, қонақүй инфрақұрылымы, жергілікті кәсіпкерлік және жыл бойғы туристік қызметтер қатар дамуы қажет.

Оқи отырыңыз

{