Nike аяқты қыздырып, массаж жасайтын ақылды аяқ киім шығарды

Nike аяқты қыздырып, массаж жасайтын ақылды аяқ киім шығарды

Көктем Қарқын
Фото: Nike

Спорттық аяқ киім енді тек жүруге немесе жүгіруге ғана емес, ағзаның қалпына келуіне де көмектеседі. Nike компаниясы Hyperice-пен бірлесіп, аяқты қыздырып, діріл арқылы бұлшықеттерді босаңсытатын ақылды шәркей таныстырды. Жаңа технология кәсіби спортшылардың ғана емес, белсенді өмір салтын ұстанатын адамдардың да жаттығудан кейінгі қалпына келу процесін жеңілдетуге арналған.

Жаңа үлгідегі шәркейдің басты ерекшелігі – оның ішінде қыздыру және дірілдету жүйесі орнатылған. Пайдаланушы қыздырудың да, дірілдің де бірнеше деңгейін таңдай алады. Бұл функциялар аяқтағы қан айналымын жақсартып, бұлшықеттердің ширығуын азайтуға және жаттығудан кейінгі қалпына келу процесін жеделдетуге көмектеседі.

Фото: Nike

Шәркейдің басқару батырмалары аяқ киімнің өзінде орналасқан. Сонымен қатар, оны арнайы мобильді қосымша арқылы да басқаруға болады.

Сәндік аксессуар емес

Hyperice – кәсіби спортшылар арасында массаж құрылғыларымен танымал компания. Сондықтан жаңа өнім жай сәндік аксессуар емес, спорттық қалпына келтіру құралы ретінде жасалған.

Компания мәліметінше, қыздыру мен компрессиялық әсердің үйлесімі жаттығу алдында бұлшықеттерді қыздыруға, ал жаттығудан кейін шаршауды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе марафоншылар, футболшылар, баскетболшылар және ұзақ уақыт аяқпен жұмыс істейтін адамдар үшін пайдалы болуы мүмкін.

Фото: Nike

Ақылды шәркей қайта қуатталатын аккумулятормен жұмыс істейді. Бір рет толық қуатталғаннан кейін ол бірнеше қалпына келтіру сеансын өткізуге мүмкіндік береді. Құрылғы автоматты режимде жұмыс істеп, белгілі бір уақыт өткен соң өздігінен өшеді.

Бағасы қанша?

Nike Air Zoom Hyperboot АҚШ-та 29 қыркүйектен бастап сатылымға шығады. Оның бағасы 899 АҚШ доллары деп жарияланды. Әзірге өнім шектеулі нарықтарда ұсынылады, кейін басқа елдерге де кезең-кезеңімен шығарылады.

Фото: Nike

Соңғы жылдары спорттық технологиялар ақылды сағаттар мен фитнес-білезіктерден асып, енді аяқ киімге де еніп жатыр. Nike-тің жаңа өнімі соның айқын мысалы. Егер бұрын қалпына келу үшін массаж құрылғылары немесе физиотерапия қажет болса, енді мұндай функциялар аяқ киімнің өзіне енгізіліп отыр.

Оқи отырыңыз

{