Қол саусақтарымен жасалатын қарапайым техника тезірек ұйқыға кетуге көмектесуі мүмкін. Бұл туралы америкалық невропатолог Джеймс Паркер HuffPost басылымына берген сұхбатында айтты, деп жазады El.kz интернет порталы.
Дәрігердің сөзінше, әдістің мақсаты – стрессті азайту және кешкі уақытта босаңсуға жағдай жасау. Жаттығуды орындау үшін өзіңізге ыңғайлы қалыпты таңдаңыз: креслода отыруға немесе төсекке жатуға болады. Содан кейін бір қолды көтеріп, саусақтарды кеңінен ашып, екінші қолдың сұқ саусағымен әрбір саусақтың сыртқы сызығын баяу бойлай жүргізу қажет – бас бармақтан бастап шынашаққа дейін.
Маманның айтуынша, бұл жаттығудағы басты элемент – тыныс алу.
Әр қимылды терең әрі бірқалыпты тыныспен үйлестіру маңызды. Саусақ бойымен жоғары қозғалғанда мұрын арқылы тыныс алып, төмен түскенде ауыз арқылы дем шығару қажет, - деп түсіндірді Паркер.
Сондай-ақ, әдіс адамнан сезімдерге назар аударуды талап етеді. Бұл ойдың артық ағымын тоқтатып, мазасыздықты азайтуға көмектеседі. Әдетте дәл осы жайт адамға ұйқыға кетуге кедергі жасайды.