17.04.2026
16:26
158
Жаңалықтар

Netflix акциялары 10% арзандады: компания инвесторлардың үмітін ақтамаған

АҚШ-тағы премаркет саудасында Netflix акциялары күрт төмендеді.

Бұған компанияның екінші тоқсанға жасаған болжамы инвесторлардың үмітін ақтамауы себеп болды.

17 сәуірде Nasdaq биржасындағы алдын ала сауда барысында стримингтік сервистің акциялары 10,4% арзандап, ең төменгі көрсеткіш $96,62 дейін түсті. Ал 16 сәуірдегі негізгі сауда сессиясы жабылған кезде акция бағасы $107,8 деңгейінде болған.

Бұған дейін, 16 сәуірде, Netflix 2026 жылдың бірінші тоқсанына арналған қаржылық есебін жариялаған еді. Есеп көрсеткіштері тәа-тәуір болғанымен, екінші тоқсанға арналған болжам инвесторлардың көңілінен шыққан жоқ. Bloomberg мәліметінше, компания болжамды нәтижеден де төмен көрсеткіштерге ие болған.

Сонымен қатар Netflix тағы бір маңызды өзгерісті хабарлады – компанияның тең құрылтайшысы Рид Хастингс директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен кетеді. Ол бұл лауазымды маусым айында өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін босатады. Netflix-те 29 жыл жұмыс істеген Хастингс енді қайырымдылық жобаларға және жеке бастамаларға көңіл бөлуді жоспарлап отыр.

Қаржылық көрсеткіштерге келсек, бірінші тоқсанда компанияның табысы өткен жылмен салыстырғанда 16% өсіп, $12,25 млрд-қа жетті. Ал таза пайда екі есеге жуық артып, $5,28 млрд немесе акциясына шаққанда $1,23 болды. Мұндай өсім операциялық табыстың күткеннен жоғары болуымен және Warner Bros. Discovery компаниясымен келісімнің бұзылуына байланысты алынған $2,8 млрд өтемақымен түсіндірілді.

Дегенмен инвесторларды алаңдатқан негізгі фактор – алдағы кезеңге арналған болжам. Екінші тоқсанда Netflix бір акцияға шаққандағы пайданы $0,78 деңгейінде болады деп жоспарлап отыр. Ал Уолл-стрит сарапшылары бұл көрсеткішті $0,84 болады деп болжаған. Табысы да күткен нәтижеден төмен: компания $12,57 млрд кіріс түсіреді деп болжаса, сарапшылар $12,64 млрд болады деп күткен.

Жылдық табыс болжамы $50,7-51,7 млрд деңгейінде сақталғанымен, нарық қатысушылары компания оны арттырады деп үміттенген. Gerber Kawasaki Wealth and Investment Management компаниясының президенті Росс Гербердің айтуынша, дәл осы фактор инвесторлардың көңілін түсірген көрінеді.

Сонымен бірге Warner Bros. Discovery-мен жасалмаған келісімнің әсері әлі де сақталатыны айтылды. CNBC дерегінше, Netflix қаржы директоры Спенсер Нойман кейбір жоспарланған кірістер толық жүзеге аспайтынын, ал 2027 жылға жоспарланған кейбір шығындар 2026 жылға ауыстырылатынын мәлімдеген.

Жалпы алғанда, Netflix ірі мәмілелерге қатысты шығындарын бұрынғы болжам шегінде сақтауды жоспарлап отыр. Алайда қысқа мерзімді перспективадағы әлсіз болжам компания акцияларына қысым түсіріп отыр.