Несие, айыппұл, алимент: қандай қарыздар шетелге шығуға кедергі болады?

Несие, айыппұл, алимент: қандай қарыздар шетелге шығуға кедергі болады?

Ажар Лаубаева
Фото: AI көмегімен жасалды

Шетелге саяхаттауды жоспарлаған азаматтар әуе билетін сатып алып, қонақүйді брондамас бұрын қарыздарының бар-жоғын тексергені жөн. Себебі кей жағдайда өтелмеген несие, айыппұл немесе алимент елден шығуға кедергі болуы мүмкін. Алайда берешегі бар азаматтардың барлығына бірдей шектеу қойылмайды. Қазақстаннан шығуға қандай жағдайда тыйым салынады, оны қайдан тексеруге және қалай алып тастауға болады?

Қанша теңге қарызы бар адамға шектеу қойылуы мүмкін?

Банк алдындағы несиені уақытында төлемеу немесе айыппұлды өтеуді кешіктіру азаматтың шетелге шығу құқығын бірден шектемейді. Ол үшін заңда белгіленген бірқатар рәсім орындалуы қажет.

Заң кеңесшісі Эльмира Девришеваның Tengri Travel басылымына берген түсініктемесіне сүйенсек, елден шығуға уақытша тыйым салу «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңға сәйкес жүзеге асырылады.

Жалпы тәртіп бойынша берешек мөлшері 40 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) жеткен жағдайда азаматтың елден шығуына шектеу қойылуы мүмкін. 2026 жылы бұл сома 173 мың теңгені құрайды.

Ал алимент секілді мерзімді төлемдерге қатысты талап өзгеше. Егер азамат үш айдан астам уақыт бойы міндеттемесін орындамаса, оның шетелге шығуына уақытша тыйым салынуы мүмкін.

Дегенмен қарыз сомасының белгіленген межеге жетуі шектеу автоматты түрде енгізіледі деген сөз емес. Ол үшін атқарушылық іс қозғалып, сот орындаушысы тиісті қаулы шығаруы және оны сот санкциялауы қажет. Сонымен қатар борышкерге бұл туралы хабарлануға тиіс.

Қандай берешектер шетелге шығуға кедергі?

Елден шығуға шектеу қоюға тек банк алдындағы несие емес, басқа да қаржылық міндеттемелердің орындалмауы негіз болуы мүмкін. Олардың қатарында:

Мәселен, коммуналдық қызмет ақысын немесе кезекті несие төлемін кешіктірген адамға бірден шектеу қойылмайды. Мұндай жағдайда берешекті өндіру бойынша атқарушылық іс жүргізудің басталғаны және тиісті қаулының шығарылғаны маңызды.

Елден шығуға тыйым салынғанын қалай білуге болады?

Қазақстандықтар шетелге шықпас бұрын өздеріне қатысты шектеулердің бар-жоғын онлайн тексере алады. Ол үшін eGov электрондық үкімет порталы мен Әділет министрлігінің электрондық сервистерін пайдалануға болады.

Сондай-ақ кейбір банктердің мобильді қосымшаларында қарыздар мен атқарушылық іс жүргізулер туралы ақпарат қолжетімді.

Бұл ретте борышкерлер тізімінде болу мен елден шығуға тыйым салынуы екі бөлек ұғым екенін ескерген жөн. Сондықтан азамат тек берешегін емес, шекарадан өтуіне нақты шектеу қойылған-қойылмағанын анықтауы қажет.

Қарызды төлегеннен кейін шектеу бірден алына ма?

Егер азамат өзіне қатысты шектеу бар екенін анықтаса, алдымен атқарушылық істі жүргізіп жатқан сот орындаушысымен байланысуы керек. Ол арқылы берешектің нақты сомасын және оны өтеу тәртібін білуге болады.

Қарыз толық өтелгеннен кейін сот орындаушысының шектеуді алып тастау туралы қаулы шығарғанына, сондай-ақ тиісті ақпараттың деректер базасында жаңартылғанына көз жеткізу қажет.

Әуежайға келгенде немесе ұшуға бірнеше сағат қалғанда қарызды төлеу мәселені бірден шешпеуі мүмкін. Себебі шектеуді алып тастау үшін тиісті рәсімдер орындалуы керек.

Сондықтан жоспарланған сапардың аяқсыз қалмауы үшін билет сатып алмас бұрын немесе шетелге шығуға бірнеше күн қалғанда қарыздар мен ықтимал шектеулерді тексеріп, қаржылық міндеттемелерді реттеп алған жөн.

Оқи отырыңыз

{