NASA Жер бетіндегі «Айдың бір бөлшегін» көрсетті

NASA Жер бетіндегі «Айдың бір бөлшегін» көрсетті

Мадина Асылбекова
Фото: © NASA / JSC

NASA Мадагаскар аралының оңтүстігінен түсірілген ерекше суретті жариялады.

Ғарыштан қарағанда қоңыр түсті тау жыныстарының арасындағы ақшыл аймақ Ай бетінің бір бөлігін еске салады. Ғалымдардың айтуынша, мұнда Ай қыртысында да кездесетін анортозит деп аталатын тау жынысы бар.

Суретте Мадагаскардың оңтүстігіндегі Саририаки тау массиві бейнеленген. Оның айналасындағы қоңыр жыныстардан анық ерекшеленетін ақшыл бөлігі шамамен 100 шаршы шақырым аумақты алып жатыр.

Бұл көріністі 2026 жылғы 28 тамызда Халықаралық ғарыш станциясының 75-экспедициясына қатысқан ғарышкер түсірген. Ал 5 қазанда NASA аталған кадрды күннің үздік суреті деп таныды.

Бір қарағанда, Айдың бетіне ұқсайтын бұл аумақтың ғалымдар үшін маңызы зор. Себебі мұндағы тау жыныстары Жердің геологиялық тарихын зерттеуге ғана емес, Ай қыртысының қалай қалыптасқанын түсінуге де көмектеседі.

Мадагаскардағы тау жынысының Айға қандай қатысы бар?

Саририаки массиві анортозит деп аталатын тау жынысынан тұрады, оның басты ерекшелегі де осында.

Анортозит магмалық жыныстар тобына жатады. Ол Жер қойнауындағы балқыған тау жыныстары біртіндеп суыған кезде түзіледі. Құрамында минералдардың ірі кристалдары кездеседі.

Саририаки массиві / © NASA / JSC

Мұндай жыныс Айда да бар. Тіпті Жерден телескопсыз көрінетін Ай бетіндегі ақшыл аймақтардың басым бөлігі анортозитке бай ежелгі таулы өңірлер болып саналады. Дегенмен Мадагаскардағы анортозиттің Айдан келгеніне ешқандай негіз жоқ. Ол Жердің өзінде қалыптасқан. Екі аспан денесіндегі жыныстарды байланыстыратын нәрсе – олардың бір геологиялық түрге жатуы.

Ғалымдар дәл осы ұқсастық арқылы Айдың ежелгі қыртысы қандай жағдайда пайда болғанын зерттей алады.

Бұл тау жынысының жасы қанша?

Саририаки массиві ғалымдар назарын ғарыштан түсірілген жаңа сурет жарияланбай тұрып-ақ аударған.

1998 жылы геолог Льюис Эшвал бастаған зерттеушілер тобы Саририаки мен оған жақын орналасқан Анкафотия массивтеріндегі анортозиттердің жасын анықтаған.

Зерттеу нәтижесінде бұл жыныстардың шамамен 660 миллион жыл бұрын кристалданғаны белгілі болды. Есептеудің ықтимал ауытқуы 60 миллион жылды құрайды.

Ғалымдар мұндай қорытындыға тау жыныстары мен олардың құрамындағы минералдардан алынған самарий және неодим изотоптарының арақатынасын талдау арқылы келген.

Зерттеушілер пайымдауынша, анортозитті түзген бастапқы балқыған жыныс Жер мантиясынан көтерілген.

Алайда Саририакидің геологиялық тарихы мұнымен аяқталмайды.

Кейіннен бұл жыныстар жоғары температура мен қысымның әсерінен елеулі өзгерістерге ұшыраған. Геологияда мұндай құбылыс метаморфизм деп аталады.

Ғалымдар бұл кезеңді шамамен 630-550 миллион жыл бұрын болған ірі тектоникалық өзгерістермен байланыстырады. Сол уақытта Гондвананың шығыс және батыс бөліктері бір-біріне жақындап, біріге бастаған.

Кейін Гондвана суперконтинентінің құрамына қазіргі Африка, Үндістан, Мадагаскар, Аустралия және Антарктида аумақтары кірді.

Ғарыштан ежелгі құрлықтардың қозғалысын көруге болады

NASA жариялаған суреттен ақшыл массивтің айналасындағы тау жыныстарының созылыңқы жолақтар түрінде орналасқанын байқауға болады. Бұл – миллиондаған жыл бойы жүрген тектоникалық қозғалыстардың ізі.

2000 жылы жарияланған зерттеуде ғалымдар Мадагаскардың оңтүстігіндегі геологиялық өзгерістерді спутниктік суреттер мен жергілікті бақылаулар негізінде талдаған.

Олар жер қыртысының деформациясы екі негізгі кезеңде жүргенін анықтады. Біріншісі шамамен 590-530 миллион жыл бұрын, ал екіншісі 530-500 миллион жыл бұрын болған.

Екінші кезеңде жер қыртысы шығыстан батысқа қарай қысылған. Соның салдарынан тау жыныстары қатпарланып, кей бөліктері бір-біріне қатысты ығысқан. Бүгінде сол өзгерістердің ізін Мадагаскардағы тау жыныстарының орналасуынан көруге болады.

Айдағы анортозиттердің жасы 4 млрд жылдан асқан

Мадагаскардағы анортозиттердің жасы жүздеген миллион жылмен есептелсе, Айдағы осы тектес жыныстардың қалыптасқанына төрт миллиард жылдан асқан.

Ғалымдардың кең тараған болжамына сәйкес, Ай өзінің алғашқы даму кезеңінде балқыған тау жыныстарынан тұратын алып магмалық мұхитпен жабылған.

Уақыт өте келе бұл мұхит суып, минералдар кристалдана бастаған. Салыстырмалы түрде жеңіл плагиоклаз кристалдары жоғары көтеріліп, Айдың сыртқы қыртысын түзген. Ал ауыр минералдар төмен қарай шөккен.

Осылайша Ай бетінің бізге ақшыл болып көрінетін ежелгі таулы аймақтары қалыптасқан. Бұл үдеріс туралы Ай және планеталар институтының зерттеу материалдарында да айтылады.

«Жаратылыс тасы» нені дәлелдеді?

Айдың ежелгі қыртысын зерттеуге NASA-ның «Аполлон» бағдарламасы үлкен үлес қосты.

1971 жылғы 1 тамызда «Аполлон-15» миссиясының ғарышкерлері Ай бетінен ерекше анортозит үлгісін тапқан. Кейін ол «Жаратылыс тасы» (Genesis Rock) деген атауға ие болды.

15415 нөмірімен тіркелген бұл үлгіні зерттеген геологтар оның жасын шамамен төрт миллиард жыл деп бағалады.

NASA мәліметінше, «Аполлон-15» қонатын аймақты таңдауда осындай ежелгі тау жыныстарын табу мүмкіндігі де ескерілген.

Айдан Жерге жеткізілген жыныс үлгілерінің көлемі шектеулі болғандықтан, ғалымдар зертханалық тәжірибелерде Жердегі ұқсас минералдарды да пайдаланады.

Жердегі тау жыныстары Айға ұшуға қалай көмектеседі?

Мадагаскардан бөлек, анортозит АҚШ-тың Монтана штатындағы Беартут тауларында орналасқан Стиллуотер геологиялық кешенінде де кездеседі.

Мұндағы кейбір жыныстардың құрамында кальций көп. Химиялық ерекшеліктері жағынан олар Айдағы анортозиттерге ұқсайды.

NASA-ның 2020 жылғы материалында геолог Даг Рикман анортозиттің Жерде сирек кездеспейтінін атап өткен.

Стиллуотердегі жыныстар Ай топырағының жасанды баламасын дайындауға да пайдаланылады. Ол үшін жол құрылысы кезінде алынған тау жыныстары мен кен өндіруден қалған материалдар қолданылады.

Ғалымдар осы минералдарды ұнтақтап, белгілі бір мөлшерде араластыру арқылы Ай бетіндегі борпылдақ топыраққа – реголитке ұқсас қоспа жасайды.

Мұндай материал болашақ ғарыш миссиялары үшін маңызды. Зерттеушілер оның көмегімен Айда қолданылатын техниканы, жабдықтарды және ғарышкерлердің скафандрларын сынақтан өткізеді. Дегенмен Жердегі тау жыныстары Айдағы минералдармен толық бірдей емес. Өйткені біздің планетамызда оларға су, температура мен қысым әсер етеді. Сондықтан ғалымдар жасанды реголит дайындағанда жыныстарды өңдеу және араластыру тәсілдерін мұқият таңдайды.

NASA жариялаған Мадагаскар суретінің ғылыми құндылығы да осында. Ғарыштан көзге түскен шағын ғана ақшыл аймақ Жердің жүздеген миллион жыл бұрынғы тарихынан сыр шертіп қана қоймай, адамзаттың Айды зерттеуіне де қажет мәлімет береді.

Оқи отырыңыз

{