08.05.2026
18:18
678
Жаңалықтар

NASA спутнигі дабыл қақты: Мехико неліктен жер астына кетіп барады

Мексика астанасы Мехико біртіндеп жер астына кетіп барады. Ғалымдардың айтуынша, кей аудандар жылына 35 сантиметрге дейін төмендеп жатыр.

NASA мен Үндістанның ғарыштық зерттеулер ұйымы (ISRO) бірлесіп ұшырған NISAR спутнигінің жаңа бақылау деректері осындай нәтиже көрсеті отыр.

NISAR – жер бетіндегі өзгерістерді жоғары дәлдікпен бақылайтын ең қуатты радиолокациялық спутниктердің бірі. Ол 2025 жылдың 30 шілдесінде ғарышқа жіберілген. Спутник жердің шөгуі, мұздықтардың еруі, тектоникалық плиталардың қозғалысы мен табиғи апаттарды нақты уақыт режиміне жақын форматта тіркейді.

Мехикодағы басты мәселе – жерасты суларының шамадан тыс сорылуы. Сарапшылар мәліметінше, қала ауызсудың шамамен 60 пайызын жер астындағы су қорларынан алады. Соның салдарынан жер астындағы бос қабаттар сығылып, топырақ төмен қарай шөге бастаған.

Мәселені урбанизация одан әрі ушықтырып отыр. Миллиондаған тұрғыны бар мегаполисте жаңа ғимараттар мен инфрақұрылым нысандарының салмағы жұмсақ сазды топыраққа қосымша қысым түсіреді.

CNN мәліметінше, Мехикодағы жердің шөгуі алғаш рет 1920-жылдары тіркелген. Содан бері қала тұрғындары оның зардабын күнделікті сезініп келеді. Қазірдің өзінде жолдар жарылып, үйлер қисайып, теміржол жүйесі зақымданып жатыр. Кей аудандарда су құбырлары да істен шыға бастаған.

Әуежай да зардап шекті

Ең көп зардап шеккен нысандар қатарында Бенито Хуарес халықаралық әуежайы бар. Спутник түсірген суреттерге сәйкес, 2025 жылдың қазанынан 2026 жылдың қаңтарына дейін әуежай орналасқан аумақ айына шамамен екі сантиметрге төмендеген. Бұл жылына 24 сантиметрден асады.

Мехиконың басты символдарының бірі – Тәуелсіздік періштесі монументі де жердің шөгуінен зардап шегіп отыр. Биіктігі 36 метр болатын ескерткіш 1910 жылы салынған. Содан бері оның айналасындағы жер төмендей бергендіктен, тұғырына қосымша 14 баспалдақ орнатуға тура келген.

Ғалымдардың айтуынша, бүгінде Мехико – әлемдегі ең жылдам шөгіп жатқан астаналардың бірі. NASA-ның жаңа радиолокациялық жүйесі қала ай сайын орта есеппен 1,3 сантиметрге төмендеп жатқанын анықтаған.

NISAR спутнигінің басты ерекшелігі – синтезделген апертуралы радар (SAR) технологиясын қолдануы. Бұл жүйе жер бедеріндегі өте ұсақ өзгерістерді де анықтай алады. Тіпті қалың құрылыс немесе өсімдік жамылғысы бар аумақтарды да жоғары дәлдікпен бақылауға мүмкіндік береді.

NISAR / © NASA / JPL–Caltech / David Bekaert

Спутник түсірген суреттерде Мехико көк, жасыл және сары түсті дақтар түрінде көрінеді. Көк түстер – ең қатты шөккен аймақтар. Ғалымдар мұндай технология болашақта басқа елдердегі ұқсас процестерді де ерте анықтауға көмектеседі деп отыр.

Өзге елдің астаналарына да қауіп төніп тұр

Айта кетейік, жердің шөгуі тек Мехикоға тән мәселе емес. Мысалы, Иран астанасы Тегеранның кей аудандары жылына 25-30 сантиметрге дейін төмендеп жатыр. Ал Индонезия астанасы Джакарта жыл сайын орта есеппен 15 сантиметрге шөгеді. Соңғы жылдары жағдайдың күрделенгені соншалық, Индонезия билігі астананы жаңа қалаға көшіру туралы шешім қабылдаған.

Мамандар пікірінше, егер Мехикода жерасты суын шамадан тыс пайдалану тоқтамаса, қала болашақта «нөлдік күнге», яғни ауызсу қоры толық сарқылатын кезеңге жақындауы мүмкін.

Бүгінде шамамен 20 миллион адам тұратын Мехико Латын Америкасының мәдени астанасы саналады. Алайда ғалымдар ескерткендей, табиғи ресурстарды бақылаусыз пайдалану бұл алып мегаполистің болашағына үлкен қауіп төндіріп отыр.