NASA Марстың алғашқы таңғы суретін көрсетті

NASA Марстың алғашқы таңғы суретін көрсетті

Көктем Қарқын
Фото: NASA

NASA-ның Curiosity марсоходы Марс бетінде таң атқан сәтті түсіріп, Қызыл ғаламшардың бұрын-соңды ерекше көріністерінің бірін көрсетті.

Кадр күн шыққаннан шамамен бір сағат өткен соң түсірілген. Суреттен желдің әсерінен ерекше пішінге енген үшкір жартас түзілімдерін – ярдангтарды көруге болады. Ғалымдардың пайымынша, бұл жыныстар орналасқан қабат шамамен 3 миллиард жыл бұрын қалыптасқан.

Ярдангтар – жел эрозиясының нәтижесінде пайда болатын жартас пішіндері. Марста атмосфера өте жұқа болғанымен, ондаған, тіпті жүздеген миллион жыл бойы соққан жел тау жыныстарын біртіндеп мүжіп, осындай ерекше ландшафт қалыптастырады.

Curiosity марсоходы 2012 жылы Марстың Гейл кратеріне қонған. Оның негізгі міндеттерінің бірі – кратердегі тау жыныстары мен топырақты зерттеп, Марстың ежелгі кезеңдерінде тіршілікке қолайлы жағдай болған-болмағанын анықтау. Марсоход 2014 жылдан бері осы аймақта ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

NASA алдағы жылдары ярдангтар орналасқан аумақты да зерттеуді жоспарлап отыр. Мамандар Curiosity бұл жерге 2027 немесе 2028 жылдары жетуі мүмкін деп есептейді. Ғалымдар жартас түзілімдерін зерттеу арқылы Марстың геологиялық тарихы мен оның климатындағы өзгерістер туралы көбірек ақпарат алуды көздейді.

Қызығы, Марстағы бұл пейзаж Жердегі Аризона штатының әйгілі Монумент алқабын еске түсіреді. Алайда екі ғаламшардың аспанындағы көрініс айтарлықтай өзгеше. Марста күндіз аспан қызғылт-сары реңкте көрінсе, күннің шығуы Жердегідей қызыл емес, көгілдір түске жақын болып байқалады.

Мұның себебі – Марс атмосферасындағы ұсақ шаң бөлшектерінің күн сәулесін шашырату ерекшелігі. Сондықтан Қызыл ғаламшардағы күннің шығуы мен батуы Жердегіден мүлде бөлек көрінеді.

Curiosity жобасының жетекшісі Эшвин Васавада бұл көріністі Жердегі табиғи ландшафттарға ұқсас болғанымен, бірден Марс екенін аңғартатын ерекше пейзаж деп сипаттаған.

NASA-ның жаңа суреттері Марстың қазіргі бет-бейнесін ғана емес, миллиардтаған жыл бұрынғы геологиялық процестердің іздерін де көруге мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз

{