Мыңжылдығыңмен, Алматы!

19 Қыркүйек 2016, 07:15

Мерейтой

Кеше алматылықтар Алматы қаласының мыңжылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Айтулы мерекеге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысты.

фото М.Золотухинның

Қала күні аясында тұңғыш Президент саябағында «Алма fest-2016» фестивалі өтті. Қала әкімі Бауыржан Байбек 2010 жылдан бері өткізіліп келе жатқан шараның бірте-бірте Алматының брендіне айналып келе жатқанын айтты. Биыл фестивальге 33 шаруашылық иесі жәрмеңкеге 150 тонна алма алып келіпті. Алматы тұрғындары мен қонақтары алманы жәрмеңкеден базардағы бағадан әлдеқайда арзан бағаға сатып алды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан ашылған «Алматы Арена» мұз сарайындағы «Алматының 25 шыңы» шарасына қатысты. Президент Алматыға келген сайын тауға соқпай кетпейтінін атап өтті.

– Алматыға келген сайын тауға барамын. Мұндай сұлулық еш жерде жоқ. Мысалы, Астананың аспаны сондай әдемі. Ал, Алматының тауларына ештеңе жетпейді. Бүгін мен Медеуге бардым. Ол жақта Маңғыстау, Семей, Тараз, Атыраудан жастарды көрдім. Елдің бәрі Алматыға келгісі келеді, Алматыны бір көруді армандайды, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Елбасы мегаполистің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері әрқашан мемлекеттің басты назарында екеніне де тоқталды:  

–  Былтыр қаланың 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы қабылданды. Онда тұрғындардың өмірін, қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, бизнес үшін қолайлы жағдайлар туғызу жөніндегі нақты шаралар қамтылған. Қазіргі Алматы – Қазақстанның батыл әрі қарқынды дамуының көрінісі. Соңғы 5 жылдың өзінде қала аумағы 2 есе өсті. Тұрғындардың жалпы саны – бір миллион жеті жүз адам. Алматы метрополитені қазірдің өзінде 30 миллионнан астам жолаушы тасымалдады. 2017 жылы "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы басталады. Ол "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық магистралінің бір бөлігі болмақ. "Инновациялық технологиялар саябағы" арнайы экономикалық аймағы құрылып, дамып жатыр.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы алдағы уақытта өтетін қысқы Универсиада ойындарына 57 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысатынын, құрылыс жұмыстарына 107 миллиард теңге инвестиция тартылғанын айтты.  Сөз соңында Нұрсұлтан Әбішұлы алматылықтарды сүйікті қалаларының мерейтойымен құттықтады.

Кешкілік Көктөбеде, "Астана" алаңында және "Алматы Арена" мұз айдынында«Apple Fire» мерекелік шоуы ұйымдастырылды.


Суреттер: tengrinews.kz

 

 

Бөлісу: