«Мұхиттың түбінде болсын бокстасамын»: Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банктің жекпе-жегі қашан өтеді?

«Мұхиттың түбінде болсын бокстасамын»: Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банктің жекпе-жегі қашан өтеді?

Айзат Айдарқызы
Фото: коллаж AI / El.kz

Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) президенті Густаво Оливьери қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының келесі жекпе-жегі туралы мәлімдеме жасады.  Әлімханұлы супер орта салмақтағы титулдық жекпе-жегін жеңілмеген дат боксшысы Якоб Банкқа қарсы өткізеді.

WBO президентінің айтуынша, қос тарап жекпе-жек турасында келісімге келген. Бірақ көптен күткен кездесудің нақты күні мен өтететін орны туралы хабарламады. Артынша Якоб Банктың менеджері Спенсер Браун The Ring басылымына берген сұхбатында бокс кешінің биыл өтетінін айтқан. 

Якоб Банк пен Жәнібек Әлімханұлы желтоқсан айында Копенгагенде (Дания) супер орта салмақтағы бос тұрған WBO титулы үшін жекпе-жек өткізуге келісті, - деп жазды The Ring басылымы. 

Jacob Bank and Janibek Alimkhanuly have agreed to terms to meet for the vacant WBO super middleweight title in December in Copenhagen, Denmark, Bank’s manager Spencer Brown tells The Ring’s Mike Coppinger. https://t.co/k38IHEEKxT

— Ring Magazine (@ringmagazine) October 7, 2026

Жәнібек Әлімханұлы бұл жекпе-жек турасында 23 қыркүйекте Instgram парақшасында жазба жариялады. 

Қарсылас анықталды! Егер ол да әлсіздің ізін баспай, айқасқа келіссе, алда үлкен шоу күтіп тұр! Жаңа салмақ! Бірден чемпиондық титул! Бұйыртса екі салмақта әлем чемпионы атанамыз! – деді Instagram-да. 

Ал WBO басшысы Густаво Оливьеридің мәлімдемесінен бұрын Instagram Stories-та мынадай жазба қалдырды. 

Жекпе-жек қай жерде өтетініне немесе кіммен жұдырықтасатыныма мән бермеймін! Маған тек сол титул керек. Сол белбеу үшін айдың үстінде немесе мұхиттың түбінде болсын, бәрібір жекпе-жекке шығамын. Маған бәрібір! Менің қарсыласым тіпті бөтен ғаламшардан келген біреу болса да, оған мән бермеймін. Тек титулды бәске қойыңдар!» – деді ол. 

Якоб Банк кім?

Якоб Банк – 25 жастағы дат боксшысы. Ол кәсіпқой бокстағы мансабын 2020 жылы бастаған. Банк әуесқой бокстан кәсіпқой рингке өткеннен кейін қысқа мерзім ішінде өз салмағындағы рейтингтерде жоғарылай бастаған. Оның ресми сайты да боксшының 2020 жылы кәсіпқойға ауысқанын көрсетеді. 

Банктың басты ерекшелігі – кәсіпқой бокста әлі жеңіліп көрмегені. Қазіргі рекорды – 20 жеңіс, 11 нокаут. Яғни өткізген барлық жекпе-жегінде жеңіске жеткен. 

Даниялық боксшы оңқай позициясында жұдырықтасады. Оның нокаутпен жеңу көрсеткіші 55 пайызға жуық. Бұл оның тек төрешілер шешіміне сеніп қоймай, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтай алатын боксшы екенін көрсетеді. 

Банк кәсіби мансабында бірнеше маңызды титулды жеңіп алған. Ол WBO Youth және WBO European белбеулеріне ие болған. Кейін WBO Global Super Middleweight титулын да иеленді. 2026 жылдың қаңтарында Банк бұрынғы әлем чемпионы Уильям Скалмен жұдырықтасып, оны нокаутпен жеңді. Ал сәуірде намибиялық Паулинус Нджолонимумен кездесіп, оны да мерзімінен бұрын ұтты. Дәл осы жеңістен кейін Банк WBC рейтингіндегі позициясын айтарлықтай жақсартып, әлемдік титулға таласуға жақындады.

Биыл 25 шілдеде ол Польша өкілі Павел Аугустпен кездесіп, жекпе-жекті төрешілердің бірауызды шешімімен жеңді. Осылайша өзінің жеңіліссіз рекордын сақтап қалды.

Оқи отырыңыз

{