Мүгедектігі бар мыңдаған адам қажетті көмекті ала алмай отыр: министрлік деректі жариялады

Мүгедектігі бар мыңдаған адам қажетті көмекті ала алмай отыр: министрлік деректі жариялады

Асқар Таудай
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтардың протездік-ортопедиялық көмекке деген қажеттілігі 66,1 пайызға ғана орындалған. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. 

Қазан айының екінші жексенбісінде атап өтілетін мүгедектігі бар адамдар күніне орай министрлік азаматтарды оңалту құралдарымен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету көрсеткіштерін жариялады.

Ведомство мәліметінше, 1 қазандағы жағдай бойынша мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етуге қатысты жалпы қажеттілік 574 097 іс-шараны құраған. Оның 462 280-і орындалып, жалпы көрсеткіш 80,6 пайызға жеткен.

Атап айтқанда:

Министрліктің мәліметінше, 2025 жылғы 1 қазанмен салыстырғанда орындалған іс-шаралар саны 27 785-ке артқан. Ал қажеттіліктерді қамтамасыз етудің жалпы көрсеткіші 80,3 пайыздан 80,6 пайызға көтерілген. Яғни бір жылдағы өсім небәрі 0,3 пайыздық тармақты құрады.

Қазақстанда 756 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 120 мыңы – балалар, ал 636 мыңы – ересектер.

Елімізде мүгедектігі бар азаматтарды қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі саналады. Бұл бағытта әлеуметтік төлемдер тағайындау, оңалту қызметтерін көрсету, техникалық құралдармен қамтамасыз ету және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары жүзеге асырылып келеді.

Аталған жұмыстар Қазақстан Республикасының 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында жүргізіледі. Құжат мүгедектігі бар адамдардың құқықтарының теңдігін қамтамасыз етуге, олардың дербестігін арттыруға және қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасауға бағытталған.

Айта кетейік, Қазақстанда Мүгедектігі бар адамдар күні жыл сайын қазан айының екінші жексенбісінде атап өтіледі. Бұл күн қоғам назарын тең мүмкіндіктер қалыптастыруға, қолжетімді орта құруға және әр азаматтың өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау мәселелеріне аударады.

Оқи отырыңыз

{