Торғай өңірінде дүниеге келіп, кейін шетелге кеткен Жәнібекке (Jani Saveliev) қатысты жаңа мәлімет пайда болды. Бұл туралы «Қазақ радиосы» хабарлады.
Редакцияға жолданған хатта Жәнібектің анасы болуы мүмкін әйел туралы тың деректер келтірілген. Ондағы мәліметтер Жәнібектің бұған дейін белгілі болған өмірбаяндық деректерімен сәйкес келетіні айтылған.
Хат авторының жазуынша, күдік тудырып отырған әйел 2002 жылдары Моңғолиядан Арқалық қаласына оқуға келген. Сол кезеңде жүкті болып қалған ол бұл жағдайды ата-анасына айтуға қорқып, перзентханада босанып, ресми түрде қолхат жазып, нәрестеден бас тартқан.
Хатты жолдаған адам бұл әйелдің өзінің қайын әпкесі екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, Жәнібек сол уақытта дүниеге келген бала болуы әбден мүмкін, себебі олардың туған күндері сәйкес келеді.
Сонымен қатар, баласын іздеп жүрген әйел Жәнібектің өзіне қатты ұқсайтынын айтқан. Бұл жағдай күдікті одан әрі күшейте түскен.
Қазақстанда туып, кейін Бельгиядағы бір отбасы асырап алған, қазақстандықтар арасында Жәнібек Савелиев есімімен танымал Мұрат Савелиевке қатысты да осыған ұқсас ақпарат тарады. «Қазақ радиосына» хат жолдаған тыңдарман өзінің қайын әпкесі Жәнібектің анасы болуы мүмкін екенін айтқан.
Хатта келтірілген мәліметте:
Бұл ақпараттың нақты Жәнібекке қатысы бар ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ, бір ақпаратым бар. Менің туған қайын әпкем Моңғолия мемлекетінен 2002 жылы Арқалық қаласына оқуға келген. Сол кезде ол кісінің аяғы ауыр болған екен. Оны ешкімге, тіпті елінде қалған әке-шешесіне де айтпаған. Содан, ол кісі 2002 жылы не 17 қаңтар, не 17 ақпан күні аман-есен босанып, дүниеге ұл бала әкеліпті. Арқалықта ешқандай туысы болмаған соң, бір жағынан өзі студент болғандықтан, ол кісі баланы перзентханаға тастап кетіпті. Және “өз еркіммен баладан бас тартамын” деп қолхат жазып беріпті, – делінген.
Сондай-ақ хат иесі әйелдің қазір баласын іздеп жүргенін атап өткен:
Қазір енді сол баласының қайда екенін іздейді. Білгісі келеді. Кейде Жәнібекті әлеуметтік желіден немесе теледидардан көріп қалғанда, өзіне қатты ұқсатады. Кейде “Жәнібек менің балам емес пе?!» деп ойлайды. Баласы емес пе, жоқ па, соны білу үшін ДНҚ қан тапсыруға дайын, – дейді хат авторы.
«Қазақ радиосы» ұжымы бұл істің анық-қанығын тексеру үшін ДНҚ сараптамасы қажет екенін айтады. Егер Жәнібек келісім берсе, нәтижесі жарияланбақ.
Құрметті оқырман, Торғай топырағында туып, шетел асқан Jani Savelievтің туған анасы болуы мүмкін азаматша туралы хат келді. Хатта айтылған дерек Жәнібектің мәліметіне сай келеді. ДНҚ тест тапсырса, нәтижесін Қымбат Досжан айтады, – деп жазылған радионың ресми парақшасында.
Сондай-ақ редакция Жәнібектің анасын іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын атап өтті:
Жәнібек Қазақстанға келген күннен бері редакция іздеу жұмысын бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Көптеген кедергіге қарамастан, Жәнібектің анасын табу мақсатында барынша жұмыс істеп жатыр. Егер маңызды мәліметіңіз болса, сіз де редакцияға хабарлама жолдаңыз, – делінген хабарламада.
Мәселенің нақты ақ-қарасын анықтау үшін тиісті тексеріс жүргізу қажет екені атап өтілуде.