Бүгiн, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралдыҚытайдың Нобель сыйлығының лауреаты Мо Ян қазақ жазушысы Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» повесіне жоғары баға бергенімен, оны әзірге әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына ұсына алмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағы жариялаған жазушының жауапхатында айтылды.
Мо Ян «Парасат майданына» жоғары баға берді
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов бұған дейін Қытай жазушысы, әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янға хат жолдап, қазақ жазушысы Төлен Әбдікті Нобель сыйлығына ұсыну мәселесін қарастыруды сұраған еді.
Қазақстан Жазушылар одағы жариялаған жауапхатта Мо Ян Қазақстаннан оралғаннан кейін Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» повесін оқып шыққанын жазған.
Оның айтуынша, шығарманы оқу барысында Лу Шүннің «Есалаңның естелігі», Данте Алигьеридің «Құдіретті комедиясы», Иоганн Вольфганг Гетенің «Фаусты» және Итало Кальвиноның «Қақ бөлінген виконт» шығармалары есіне түскен.
Мо Ян бұл туындыны оқырманды терең ойға жетелейтін, философиялық пайымға бастайтын шығарма ретінде бағалады.
Бұл – оқырманды терең ойға жетелейтін, пайымдау кеңістігін молынан ашатын шығарма, – деп жазды ол.
Сонымен қатар Нобель сыйлығының талаптарына тоқталған жазушы сыйлықтың жеке бір шығармаға емес, автордың тұтас шығармашылық жолына берілетінін атап өтті.
Нобель сыйлығы бір ғана шығарманы емес, жазушының жалпы шығармашылық жетістігін бағалайды. Әрине, кейбір шығармалар қазылар алқасының ерекше назарын аударуы мүмкін, алайда бір ғана повесть арқылы сыйлық алған мысалдар іс жүзінде жоқ деуге болады. Нобель комитеті мүшелерінің басым көпшілігі шығыс тілдеріндегі шығармаларды түпнұсқадан оқи алмайды. Сондықтан жазушының негізгі шығармалары алдымен батыс тілдеріне аударылып, содан кейін ғана оның еңбектері Нобель комитетінің назарына ілігуі мүмкін. Бұл үдеріс біршама ұзақ уақытты талап етеді, – деді Мо Ян.
Сондай-ақ ол соңғы жылдары негізінен қытай жазушыларын халықаралық әдеби кеңістікте насихаттаумен айналысып жүргенін айтып, әзірге Төлен Әбдіктің кандидатурасын ұсына алмайтынын жеткізді.
Уақыты келгенде бұл мәселені қайта талқылай аламыз, – деп түйіндеді Нобель сыйлығының лауреаты.
Төлен Әбдік – қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы
Төлен Әбдік – қазақ әдебиетіндегі көрнекті прозашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1942 жылы 4 қыркүйекте Қостанай облысы Жангелдин ауданындағы Еңбек ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Журналистика факультетін 1965 жылы тәмамдаған.
Еңбек жолында «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, «Жалын» альманағында бөлім меңгерушісі және бас редактордың орынбасары, «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы қызметтерін атқарған. Сондай-ақ Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде, «Қазақ әдебиеті» газетінде, Қазақстан Жазушылар одағында және кейіннен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде жауапты қызметтерде еңбек етті.
Жазушының шығармалары 1964 жылдан бастап жариялана бастады. Оның «Көкжиек», «Күзгі жапырақ», «Ақиқат», «Айтылмаған ақиқат», «Өліара», «Ақшоқыда қыс қатты», «Парасат майданы» секілді туындылары қазақ прозасының алтын қорына енген.
Төлен Әбдік – Халықаралық Кафка сыйлығының, Қазақстандағы PEN клуб сыйлығының және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Оның шығармалары бірнеше тілге аударылып, шетелдік әдеби ортада да жоғары бағаланып келеді.
Бүгiн, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды20 Шілде, 09:39
«Ботаникалық бақта пикник жасауға болмайды»: рейдтен кейінгі көрініс16 Шілде, 17:14
Финалда Испания жеңіске жетеді – сарапшы болжамы15 Шілде, 12:09
Зендеяны стиль иконасына айналдырған адам: Лоу Роуч туралы не білеміз?