«Мінсіз күйеу» бақытты отбасының кепілі ме? «Бажа» үлкен экранда

«Мінсіз күйеу» бақытты отбасының кепілі ме? «Бажа» үлкен экранда

Көктем Қарқын
Фото: Salem

Отбасылық өмір, үш бажа және олардың бастан кешкен күлкілі оқиғалары. 2021 жылы веб-сериал ретінде көрерменге жол тартқан «Бажа» жобасы араға жылдар салып, толықметражды фильм ретінде үлкен экранға шықты.

Жаңа туындыда да отбасылық қарым-қатынас, ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік пен орындалған тілектің күтпеген салдары әзіл арқылы баяндалады.

«Бажа» жобасы қалай басталды?

«Бажа» жобасының түсірілімі 2021 жылдың қазан айында басталған. Сол кезде сериалды BAS Production компаниясы қолға алып, режиссерлікке Әлен Ниязбеков тағайындалды. Ол бұған дейін «Бизнес по-казахски в Корее», «Без крыши» және «Каникулы в Таиланде» секілді жобалармен танылған.

Сериалдың сценарийін Марат Оралғазин, Еркебұлан Мырзабек, Медет Аманбаев, Абзал Қамбаров және Еркебұлан Бердалиев жазды.

Оқиға Муха мен Толик есімді екі бажаның айналасында өрбиді. Олар апалы-сіңлілі қыздарға үйленгеннен кейін жақын досқа айналады. Алайда отбасына жаңа бажаның келуі қалыптасқан тіршілікті өзгертіп, кейіпкерлердің басынан түрлі қызықты жағдайлар өтеді.

Фото: Salem

Жобаның басты рөлдерін Марат Оралғазин, Еркебұлан Мырзабек, Шерхан Пірназар, Ұлбосын Шалқарова, Жазира Еркін және Фариза Ескермес сомдады.

Үш маусымдық сериалдан үлкен экранға дейін

«Бажа» веб-сериалы бірнеше маусымға жалғасып, көрерменге таныс кейіпкерлердің оқиғаларын әр қырынан көрсетті. Сериалдың үш маусымы түсірілді. Екінші маусымнан бастап режиссерлік тізгінді Олжас Нұрбай қолға алған.

Фото: Salem

Олжас Нұрбай – «Сәке» комедиялық сериалы, «Мошенники» криминалдық драмасы және «Любовь со второго взгляда» романтикалық комедиясы секілді жобаларға режиссерлік еткен. Оның фильмографиясында комедия мен драманы ұштастырған «Қораға кірдік» фильмі және «Қызым» трагикомедиясы да бар. Режиссер шығармашылығында отбасылық қарым-қатынас, адам мінезі мен қоғамдағы түрлі оқиғалар маңызды орын алады.

Ал 2026 жылғы 29 қазанда «Бажа» толықметражды комедиясы еліміздің кинотеатрларында көрсетіле бастады. Осылайша, көрерменге бұрыннан таныс кейіпкерлер бұл жолы үлкен экрандағы жаңа оқиғаларымен оралды.

Жаңа фильм туралы

Толықметражды фильмде үш бажа – Баха, Муха және Толик отбасылық өмірдің күнделікті күйбеңімен жүреді. Жұмыс пен бітпейтін шаруалардың арасында жұбайларына көңіл бөлуге келгенде ақсап жатады. Мұндай жағдайдан шаршаған үш апалы-сіңлі күйеулерінің өзгергенін қалайды.

Бірі жұбайының өзіне көбірек көңіл бөлгенін армандайды, екіншісі күйеуінің көп ақша тапқанын қалайды, ал үшіншісі үшін адалдық пен өтірік айтпау маңызды. Әйелдер көріпкелге барып, тілектерінің орындалуына үміттенеді. Бірақ оқиға олар ойлағандай өрбімейді.

Фото: Salem

Кейіпкерлердің тілектері орындалған сайын күтпеген жағдайлар туындап, үш бажа тығырықтан шығудың жолын іздейді. Осы оқиғалар фильмнің комедиялық желісін құрайды.

«Бажа» фильмінің ерекшелігі – күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді жеңіл әзілмен жеткізуінде. Жұбайының көңіл бөлгенін күту, қаржылық тұрақтылықты аңсау немесе адалдықты талап ету – көптеген отбасыға таныс тақырыптар.

Алайда адам кейде қолында бардың қадірін дер кезінде бағалай бермейді. Өзгерісті қалағанымен, оның қандай салдарға әкелетінін ойламауы мүмкін. Фильмдегі кейіпкерлердің басынан өткен жағдайлар осы ойды аңғартады.

Фото: Salem

Комедия көрерменді күлдіре отырып, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынастың бір адамның ғана өзгеруімен түзелмейтінін көрсетеді. Отбасындағы түсіністік үшін ашық әңгіме, өзара құрмет пен ортақ жауапкершілік қажет.

Оқи отырыңыз

{