Жаңалықтар

Midjourney адам ағзасын 60 секундта сканерлейтін аппарат ойлап тапты

24.06.2026 13:42
Мадина Асылбекова
Фото: ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды

Генеративті жасанды интеллект негізіндегі бағдарламаларымен танылған америкалық Midjourney компаниясы күтпеген жаңа жобасын таныстырды.

Компания адам ағзасын небәрі 60 секунд ішінде толық сканерлей алатын медициналық құрылғы әзірлеп жатқанын мәлімдеді.

Жоба аясында арнайы сауықтыру және диагностикалық орталықтар ашу жоспарланған. Сол орталықтарда келушілер жаңа құрылғы арқылы ағзасын толық тексеруден өткізе алады.

Компания өкілдерінің айтуынша, бұл бастама Midjourney-дің осы уақытқа дейін айналысқан қызметінен мүлде бөлек бағыт болып саналады.

Біз магниттік-резонанстық томография (МРТ) секілді қуатты әрі спа-орталыққа барғандай қолжетімді технология жасауды армандадық. Бүгін сол арманға апарар жолды бастап отырмыз, – делінген компанияның ресми мәлімдемесінде.

Жобаның сипаттамасына сәйкес, адам арнайы алтын түстес жарықпен көмкерілген таяз бассейнге кіреді. Кейін суға жартылай батып, денесі су астында орналасқан датчиктер шеңберінен өтеді. Бұл датчиктер эхолокация принципімен жұмыс істеп, ультрадыбыстық толқындарды денеге әртүрлі бағыттан жібереді. Жиналған мәліметтер негізінде ағзаның ішкі құрылымының толық бейнесі қалыптасады.

Компанияның мақсаты – бүкіл тексеру процесін бір минуттан асырмау.

ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды

Midjourney алдағы 12 ай ішінде алгоритмдер мен аппараттық жабдықтарды жетілдіруге басымдық беретінін хабарлады. Осы кезеңде зерттеу сынақтары өткізіліп, жүйенің мүмкіндіктері көрсетіледі. Сонымен қатар құрылғының екінші буыны әзірленіп, алғашқы «зерттеу спа-орталығы» іске қосылады.

Жоспар бойынша алғашқы орталық 2027 жылдың соңына қарай ашылып, нақты пайдаланушылардан алынған деректер негізінде жүйе әрі қарай дамытылады.

Дегенмен компания алдында бірқатар реттеуші талаптар тұр. Құрылғыны толық пайдалануға енгізу үшін АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасының (FDA) мақұлдауы қажет болады.

Ал 2028 жылы Midjourney үшінші буындағы сканерлерді іске қосуды көздеп отыр. Компанияның мәліметінше, жаңа құрылғыларға арналған чиптер арнайы тапсырыспен әзірленеді, ал сканерлеу жылдамдығы мен кескін сапасы қазіргі нұсқамен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болады.

Компанияның ұзақ мерзімді мақсаты да ауқымды. Midjourney 2031 жылға қарай әлем бойынша 50 мыңнан астам сканер орнатуды жоспарлап отыр. Бұл жүйе ай сайын шамамен бір миллиард сканерлеу жүргізуге мүмкіндік береді. Компания осылайша әлем халқының едәуір бөлігін тұрақты медициналық бақылаумен қамтуды көздейді.

ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды

Алайда әзірге бұл технология даму сатысында тұр. Сондықтан оның тиімділігі мен қауіпсіздігі ғылыми зерттеулер мен реттеуші органдардың тексерулерінен кейін ғана нақты бағаланбақ.

Оқи отырыңыз