Mercedes-Benz Германиядағы зауыттарына инвестиция салуды тоқтатты

Mercedes-Benz Германиядағы зауыттарына инвестиция салуды тоқтатты

Амангүл Тілейқызы
Фото: AI көмегімен жасалды

Германияның ірі автокөлік өндірушілерінің бірі Mercedes-Benz елдегі зауыттарына жаңа инвестиция салуды уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Компания өндіріс шығындарының өсуіне байланысты кейбір кәсіпорындарын жабу мүмкіндігін де қарастырып жатыр. Мұндай жағдайға жұмыс күшінің қымбаттауы және қызметкерлер өкілдерімен келіссөздердің нәтижесіз аяқталуы себеп болған.  

Mercedes-Benz неге шығындарын қысқартпақ?

Bild басылымының хабарлауынша, Mercedes-Benz компаниясының персонал жөніндегі директоры Бритта Зигер бұл шешімді өндіріс шығындарының жоғары болуымен түсіндірген.

Енді концерн Германиядағы зауыттарының қайсысы ұзақ мерзімде табысты жұмыс істей алатынын бағаламақ. Компания басшылығы кәсіпорындарды жабуға жол бермеуге тырысқанымен, қазіргі жағдайда мұндай шешім қабылдануы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Бритта Зигердің айтуынша, қызметкерлер кеңесі және IG Metall кәсіподағымен жүргізілген келіссөздер әзірге нәтиже бермеген. Тараптар шығындарды азайту және жұмысшылардың әлеуметтік құқықтарын сақтау мәселесінде ортақ шешімге келе алмай отыр.

Компанияның мәліметінше, Германиядағы зауыттарда бір сағаттық еңбек шығыны Шығыс Еуропадағы кәсіпорындармен салыстырғанда бес есеге дейін жоғары болуы мүмкін.

Сондықтан Mercedes-Benz басшылығы еңбек жағдайларын қайта қарауды ұсынып отыр. Атап айтқанда, жалақыны көтермей жұмыс уақытын ұзарту мәселесі талқылануда. Сонымен қатар қызметкерлерге берілетін пайдадан үлес, еңбек демалысына байланысты төлемдер мен Рождество мерекесіне арналған сыйақылар қысқартылуы мүмкін.

Бұл ұсыныстар жұмысшылардың наразылығын туғызған.

Германияда екі зауыт жабылуы мүмкін

Mercedes-Benz компаниясының өндіріс жөніндегі басшысы Михаэль Шибе бұған дейін шығындарды қысқарту мүмкін болмаған жағдайда Германиядағы екі зауыттың жабылуы ықтимал екенін мәлімдеген.

Алдын ала жоспар бойынша, мұндай шешім бір автокөлік құрастыру кәсіпорны мен көлік бөлшектерін шығаратын бір зауытқа қатысты болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта Mercedes-Benz-тің Германиядағы негізгі құрастыру зауыттары Зиндельфинген, Раштатт және Бремен қалаларында орналасқан.

Ал автомобильдің қозғалтқышы мен басқа да бөлшектерін өндіретін кәсіпорындары Штутгарт-Унтертюркхайм, Аффальтербах, Берлин, Гамбург, Каменц және Тюрингия өңірінде жұмыс істейді.

Әзірге нақты қай зауыттардың жабылуы мүмкін екені жарияланған жоқ.

Германияның автокөлік өнеркәсібінде қиындық күшейді

Mercedes-Benz-тің мұндай шешім қабылдауына өндіріс шығындарымен қатар, соңғы жылдары автокөлік сатылымының төмендеуі мен компания табысының азаюы да әсер еткен.

Осындай қиындықтарға Германияның басқа да ірі автокөлік өндірушілері тап болып отыр. Volkswagen және оның құрамындағы Audi компаниялары да шығындарды азайту және жұмыс орындарын қысқарту жөніндегі ауқымды бағдарламаларын жариялаған.

Автомобиль саласының сарапшысы Фердинанд Дуденхёффердің пікірінше, бұл жағдай Германияның автокөлік өндірісіндегі бәсекеге қабілеттілігіне қатысты бұрыннан қалыптасқан мәселелерді көрсетеді.

Оның айтуынша, өндіріс шығындарын түбегейлі қайта қарастырмаса, Германияның автомобиль өнеркәсібі халықаралық нарықтағы артықшылықтарынан айырылуы мүмкін.

Қазір Mercedes-Benz басшылығы өндіріс шығындарын төмендетуге күш салып жатыр. Ал қызметкерлер кеңесі мен IG Metall кәсіподағы жұмыс орындарын және еңбек келісімдерінде қарастырылған әлеуметтік кепілдіктерді сақтап қалуды талап етуде. Тараптардың қашан ортақ келісімге келетіні әзірге белгісіз.

Оқи отырыңыз

{