Жаңалықтар

Мемлекеттік рәміздерге 34 жыл: көпшілік біле бермейтін деректер

04.06.2026 09:05
Ажар Лаубаева
Фото: коллаж El.kz

Қазақстанның мемлекеттік рәміздері – ел тәуелсіздігінің, егемендігі мен ұлттық бірегейлігінің басты нышаны. Көк Ту, айшықты Елтаңба және асқақ Әнұран – әрбір қазақстандықтың мақтанышы әрі мемлекеттің әлем алдындағы бет-бейнесі. Бүгін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 34 жыл толып отыр. Осы датаға орай мемлекеттік рәміздердің тарихына үңіліп, олардың мағынасы мен көпшілік біле бермейтін қызықты деректерге тоқталдық.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы рәміздері қалай қабылданды

1992 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасы ресми түрде бекітілді. Ал сол жылдың 11 желтоқсанында алғашқы Мемлекеттік Әнұран қабылданды. Кейін 2006 жылы қазіргі қолданыстағы Әнұран бекітілді.

Бүгінде мемлекеттік рәміздер Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі мәртебесін айқындап қана қоймай, халқымыздың тарихын, мәдениетін, дүниетанымын және болашаққа деген ұмтылысын бейнелейді.

Оқи отырыңыз:

Фото: El.kz 

Мемлекеттік Тудағы нышандар нені білдіреді

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының авторы – суретші Шәкен Ниязбеков. 1992 жылы өткен байқауға Қазақстаннан ғана емес, Моңғолия, Германия, Түркия және басқа елдерден де мыңнан астам жоба ұсынылған. Солардың ішінен дәл бүгінгі көк байрақтың эскизі үздік деп танылды.

Тудың негізгі түсі – көгілдір. Бұл түс ежелгі түркі халықтарының дүниетанымында адалдықтың, тұрақтылықтың, сенімділік пен бірліктің белгісі саналған. Сонымен қатар ашық аспан бейбіт өмір мен татулықты білдіреді.

Тудың ортасында орналасқан алтын түсті күннің айналасында 32 сәуле бар. Сәулелердің бидай дәніне ұқсатып салынуы – тоқшылық пен молшылықтың нышаны. Ал күннің астындағы қыран бүркіт еркіндікке, тәуелсіздікке және биік мақсаттарға ұмтылысты білдіреді.

Тудың сол жағындағы ұлттық ою-өрнек қазақ халқының мәдени мұрасын, салт-дәстүрін және эстетикалық дүниетанымын көрсетеді.

Қазақстан туы ғарышта, полюстерде және Эвересте желбіреді

Қазақстан туы тек елімізде ғана емес, әлемнің ең шалғай әрі ерекше нүктелерінде де желбіреген.

1994 жылдың 1 шілдесінде ғарышкер Талғат Мұсабаев Қазақстан туын алғаш рет ғарышқа алып шықты. Кейін 2015 жылы Айдын Айымбетов ғарыш сапары кезінде көк байрақ Жерді шамамен 150 рет айналып өтті.

Қазақстан туы әлемнің ең биік шыңы – Эвересте бірнеше мәрте желбіреді. Сонымен қатар Антарктидадағы Оңтүстік полюсте, Арктикадағы Солтүстік полюсте және әлемдегі ең биік жанартаулардың бірінде де тігілген.

Еліміздегі ең үлкен Мемлекеттік Ту Астанадағы Мемлекеттік рәміздер алаңында орналасқан. Ту тұғырының биіктігі 111 метрге жетеді, ал тудың өзі 15 метрге 30 метр көлемінде жасалған.

Қазақстан туы әлемдегі ең әдемі ту атанды

Қазақстанның Мемлекеттік Туы тек еліміз үшін ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып келеді. 2025 жылы Reddit платформасындағы r/flags қауымдастығы ұйымдастырған «Flags of the World» атты ауқымды онлайн-турнирде Қазақстанның көк байрағы әлемдегі ең әдемі ту деп танылды.

Фото: El.kz 

Байқауға әлемнің барлық ресми танылған мемлекеттерінің тулары қатысқан еді. Финалда Қазақстан туы Океаниядағы Кирибати мемлекетінің туынан басым түсіп, бірінші орынды иеленді. Үздік төрттікке сондай-ақ Бутан, Кирибати және Сейшель аралдарының тулары енді.

Елтаңбадағы шаңырақ нені білдіреді

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы да 1992 жылғы 4 маусымда қабылданды. Оның авторлары – сәулетшілер Шот-Аман Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков.

Елтаңба байқауына шамамен 300 жоба ұсынылған. Жандарбек Мәлібековтің жеңімпаз атанған макеті сол кезде Ташкенттен Алматыға арнайы жеткізілгені туралы дерек бар.

Фото: El.kz 

Елтаңбаның негізгі пішіні – шеңбер. Көшпелі халықтардың түсінігінде дөңгелек пішін мәңгіліктің, өмірдің және үздіксіз қозғалыстың белгісі болып саналады.

Ортасында орналасқан шаңырақ – Қазақстандағы барлық этностардың ортақ үйінің символы. Ол ел ішіндегі бірлік пен татулықты білдіреді. Шаңырақтан тараған уықтар күн сәулесін елестетіп, мемлекеттің тұрақтылығы мен беріктігін көрсетеді.

Қазақстан Елтаңбасындағы ерекше белгілер

Көпшілік біле бермейтін деректердің бірі – Елтаңбадағы шаңырақты көтеріп тұрған 72 уықтың болуы. Бұл элементтер халықтың бірлігі мен ортақ мақсатын бейнелейді.

Шаңырақтың екі жағындағы қанатты тұлпарлар батырлықтың, еркіндіктің және күш-қайраттың символы саналады. Олардың мүйіздеріндегі жеті сақина қазақ халқы үшін қасиетті саналатын «жеті ата» ұғымымен байланыстырылады.

Елтаңбаның жоғарғы жағындағы бес бұрышты жұлдыз болашаққа ұмтылуды, ашықтықты және әлем халықтарымен ынтымақтастықты білдіреді.

2018 жылдан бастап елтаңбадағы «Қазақстан» жазуы латын графикасымен «QAZAQSTAN» түрінде жазыла бастады.

Қазақстанның Әнұраны екі рет қабылданған

Тәуелсіз Қазақстан тарихында Мемлекеттік Әнұран екі рет бекітілді.

Фото: El.kz 

Алғашқы Әнұран 1992 жылы қабылданды. Оның мәтінін Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жазды. Ал музыкасының авторлары – Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди және Евгений Брусиловский.

Жаңа Әнұранды қабылдау үшін жарияланған байқауға 750-ге жуық шығарма ұсынылған.

«Менің Қазақстаным» қалай Әнұранға айналды

2006 жылғы 6 қаңтарда Қазақстан Парламентінің бірлескен отырысында қазіргі Мемлекеттік Әнұран қабылданды.

Оның негізіне халық арасында кең танымал «Менің Қазақстаным» әні алынды. Бұл шығарманы композитор Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған.

Кейін ән мәтініне өзгерістер енгізіліп, оған Мемлекеттік Әнұран мәртебесі берілді. Бүгінде «Менің Қазақстаным» еліміздің ең маңызды ресми іс-шараларында шырқалып, қазақстандықтардың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен елге деген мақтанышын білдіретін басты рәміздердің бірі саналады.

Оқи отырыңыз