Мемлекеттік қызметші жұмыстан кейін өзін қалай ұстауы керек? Сарапшылар пікір білдірді

Мемлекеттік қызметші жұмыстан кейін өзін қалай ұстауы керек? Сарапшылар пікір білдірді

Аян Қайырбаев
Фото: El.kz архиві

Мемлекеттік қызметші үшін қызметтік әдепті сақтау тек жұмыс уақытындағы міндетпен шектелмейді. Оның қоғамдық ортадағы жүріс-тұрысы, адамдармен қарым-қатынасы мен күнделікті мәдениеті де мемлекеттік қызметтің беделіне әсер етеді. Сарапшылар қарапайым әдеттердің өзі қоғамдағы жалпы мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын айтады.

Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауына ерекше мән беріп келеді. Бұл бағыттағы талаптың негізгі мақсаты — мемлекеттік аппараттағы қызмет мәдениетін арттыру, азаматтармен қарым-қатынаста әдеп пен жауапкершілікті күшейту.

Заңгер Айгерім Құсайынқызы мемлекеттік қызметшінің этикалық жауапкершілігі жұмыс орнымен ғана шектелмейтінін атап өтті.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметші қызмет барысында ғана емес, жұмыстан тыс уақытта да өзінің мәртебесі мен қоғам алдындағы жауапкершілігін ескеруі керек. Себебі мемлекеттік қызметшінің қоғамдық ортадағы кез келген әрекеті оның жеке беделіне ғана емес, мемлекеттік қызмет институтына деген көзқарасқа да ықпал етуі мүмкін.

Жұмыс уақыты кешкі алтыда аяқталуы мүмкін. Бірақ мемлекеттік қызметшіге қатысты репутациялық жауапкершілік тоқтамайды. Сондықтан этикалық кодекстегі іскерлік қарым-қатынас қағидаларын жұмыстан кейін де сақтау маңызды, — деді Айгерім Құсайынқызы.

Ұлтқа қызмет ету этикадан басталады

Профессор, мәдениеттанушы Молдияр Ергебековтің пікірінше, қоғамның тұрақты дамуы адамның кәсіби білімімен қатар оның этикалық мәдениетіне де байланысты.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметте адамның білімі мен кәсіби біліктілігі қаншалықты маңызды болса, мінез-құлқы мен азаматтармен қарым-қатынас мәдениеті де соншалықты маңызды.

Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, этикадан басталады. Егер адамның этикалық мінезі дұрыс қалыптасса, ол өз ұлтына да, қоғамға да жақсы қызмет етеді, — деді Молдияр Ергебеков.

Бұл тұрғыдан алғанда, қызметтік әдеп тек ресми құжаттарда көрсетілген талаптардың жиынтығы емес. Ол күнделікті өмірдегі қарым-қатынастан, өзгені құрметтеуден, жауапкершіліктен және қарапайым мәдени әдеттерден көрінеді.

Амандасу — қоғам мәдениетінің көрсеткіші

Сарапшылар назар аударған тағы бір мәселе — амандасу мәдениеті. Молдияр Ергебековтің айтуынша, бір қарағанда қарапайым болып көрінетін амандасу адамның тәрбиесі мен қоғамдағы өзара сыйластықтың көрінісі бола алады.

Амандасу бір қарағанда өте кішігірім мәселе сияқты көрінуі мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысы неліктен мұндай қарапайым мәселеге арнайы назар аударды деген сұрақ туындауы заңды. Аристотельдің бір сөзі бар — үлкен дүние кішіден басталады. Яғни үлкен өзгерістердің негізі күнделікті қарапайым әрекеттерден қаланады. Сол себепті кішігірім нәрсенің өзіне мән беру маңызды. Өйткені қарапайым әдеттер дұрыс қалыптасса, тұтас қоғамның мәдениетіне де әсер етеді. Амандасу әдебіне мән берудің маңызы да осында, — дейді ол.

Осы тұрғыдан алғанда, амандасу — жай ғана сәлемдесу рәсімі емес, адамдар арасындағы құрмет пен ізеттіліктің белгісі. Әсіресе халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер үшін қарым-қатынас мәдениеті ерекше маңызға ие.

Әдеп — мемлекеттік қызмет беделінің негізі

Мемлекеттік қызметші қоғам алдында мемлекет өкілдерінің бірі ретінде қабылданады. Сондықтан оның кәсіби міндеттерін орындауы ғана емес, азаматтармен сөйлесу мәнері, әріптестеріне деген қарым-қатынасы және қоғамдық ортадағы мінез-құлқы да маңызды. Бұл ретте қызметтік әдепті сақтау жазадан қорқудан емес, ішкі мәдениет пен жауапкершіліктен қалыптасқаны тиімді.

Қарапайым амандасу, үлкенге құрмет көрсету, әріптесті тыңдау, азаматпен сыпайы сөйлесу сияқты әрекеттер қоғамдағы өзара сыйластықты нығайтады. Ал мұндай мәдениет мемлекеттік қызметтің халық алдындағы беделіне де оң әсер етеді.

Сондықтан мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларын сақтауын тек жұмыс уақытымен шектеу дұрыс емес. Мемлекетке қызмет ету — қызметтік кабинеттен басталып, күнделікті өмірдегі жауапкершілік пен мәдениет арқылы жалғасатын ұстаным.

Оқи отырыңыз

{