29.04.2026
14:35
161

Мектепте смартфон ұстауға тыйым салынуы мүмкін

Оқу-ағарту министрлігі мектептердегі смартфонды пайдалану тәртібін айқындайды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында білім беру мәселелері бойынша өзгеріс енгізуді талқылау кезінде депутат Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. 

Қазір мектептерде бірыңғай ереже жоқ. Сондықтан әр мектеп смартфондарды пайдалану саясатын өз бетінше қадағалайды. Тәжірибе жүзінде бұл жағдай мектеп директорларының шешім қабылдаудан қашуына әкеп соғады. Өйткені ата-аналармен пікірталастан, шағымдардан қорқады. Нәтижесінде, бір мектепте телефонға тыйым салынса, көрші мектепте ондай тыйым жоқ, ал үшінші мектепте мүлдем басқа жағдай қалыптасқан. Біз бұл құзыретті Оқу-ағарту министрлігіне беруді ұсынамыз. Министрлік бірыңғай саясатты айқындайды және ол тәртіп еліміздің барлық мектебінде қолданылады, — деді Асхат Аймағамбетов.

Аймағамбетов бұдан бұрын Bilim, Назарбаев Зияткерлік мектептері сынды жетекші білім ошақтарында сабақ уақытында ұялы телефонды қолдануға тыйым салынғанын атап өткен-ді.

- Мен мұны дұрыс деп санаймын. Оқу процесі – бұл оқу процесі. Оқушы мектепке келгенде телефонын қалдырып, сабақтан соң ала алады немесе кнопкалы телефонды қолдануға болады. Сол себепті ұялы телефондарды пайдалануға тыйым салу функциясын әр мектеп деңгейінен министрлікке беру ұсынысы бар. Сол кезде бұл шешімді орталықтандырып қабылдауға болады, - деді депутат ақпанда өткен палатаның жалпы отырысынан кейін.

Асхат Аймағамбетов мектеп басшыларының барлығы бірдей мұндай батыл шешім қабылдай алмайтынын,  шектеу енгізуге ата-аналар мен өзге де факторлар кедергі келтіретінін айтқан еді. 

Англия мектептерінде телефон ұстауға тыйым салынған 

Жақында Англия мектептерінде смартфон ұстауға мемлекет тыйым салды. Арнайы заңмен бекітіліп, оқушылардың телефондарын тәркілеуге, гаджетті жасырған баланы тінтуге рұқсат берілді. Англияда 12 жасқа толған балалардың 97 пайызы смартфон ұстап жүреді. Осыған орай Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер мәлімдеме жасап, гаджетті жиі қолдану онлайн-буллингтің көбеюіне, білім сапасының төмендеуіне әсер ететінін айтты. Балалар әлеуметтік желіде тәуелділік тудыратын контентті жиі көретінін, ғаламторда көбірек уақыт өткізетінін айтып, мұның алдын алу керегін ұсынды. 

Айта кетерлігі, Англияда денсаулығында ақауы бар немесе мүмкіндігі шектеулі жандар мектепте ұялы телефон қолдана алады. мемлекет балалардың санасын улайтын платформалармен күресті бастап кеткен.