Кеше, 09:39
«Ботаникалық бақта пикник жасауға болмайды»: рейдтен кейінгі көрінісҚазақстанда бастауыш сынып оқушылары үшін бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалаудан (ТЖБ) біртіндеп бас тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Оның орнына диктант, мазмұндама, шығарма және дәстүрлі бақылау жұмыстарының үлесін арттыру ұсынылуда. Бірі мұны оқушыларға түсетін жүктемені азайтатын қадам деп бағаласа, енді бірі бағалау жүйесі түбегейлі өзгерсе ғана нәтиже болады деп есептейді.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, критериалды бағалау жүйесі білім беру стандартының бір бөлігі болғанымен, қазіргі жағдайда оның кейбір тетіктерін қайта қарау қажеттілігі туындаған.
Қазір біз диктант, шығарма, мазмұндама секілді жеке бақылау жұмыстарын енгізіп жатырмыз. Сол себепті біртіндеп ТЖБ-дан алыстауды ойластырып отырмыз. Бірақ мұның бәрі нақты талдау мен негіздемені қажет етеді, – деді министр.
Министрдің сөзінше, бұл мәселе қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Әсіресе ата-аналар тарапынан БЖБ мен ТЖБ-ға қатысты ұсыныстар мен шағымдар жиілеген.
Сонымен қатар министр қазіргі таңда БЖБ мен ТЖБ тапсырмаларының немесе дайын жауаптарының сатылу фактілері кездесетінін айтып, мұндай әрекеттерге құқықтық баға берілуі тиіс екенін жеткізді. Сондай-ақ көптеген дамыған мемлекеттерде бастауыш сыныптарда бөлімдік және тоқсандық жиынтық бағалау қолданылмайтынын айтып, халықаралық тәжірибе де зерделеніп жатқанын атап өтті.
«Ең маңыздысы – сауатты оқу мен дұрыс жазу»
Астана қаласындағы №116 жалпы білім беретін мектептің директоры Эльмира Ілиясова министрлік бастамасын қолдайтынын айтты. Оның пікірінше, бастауыш мектепте ең алдымен баланың оқу, жазу және ойын жеткізу қабілетін дамыту маңызды.
Бастауыш сынып оқушылары үшін БЖБ мен ТЖБ-ның орнына диктант пен мазмұндама енгізу бастамасын қолдаймыз. Бастауышта ең маңыздысы – баланың сауатты оқуы, дұрыс жазуы және өз ойын жүйелі жеткізе білуі. Диктант пен мазмұндама оқушының шынайы білім деңгейін, тілдік сауаттылығын және ойлау қабілетін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді, – деді мектеп директоры.
Оның айтуынша, мұндай өзгеріс мұғалімдердің қағазбастылығын азайтып, сабақ сапасына көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.
Педагогтер бағалау жүйесінде үлкен тәжірибе жинақтады. Сондықтан мектептер жаңа өзгерістерге бейімделе алады деп есептеймін, – деді Эльмира Ілиясова.
«Бастауышта ең әуелі базалық дағдылар қалыптасуы керек»
Қоянды мектеп-лицейінің директоры Рысжан Шамұратова да бастауыш сыныптар үшін БЖБ мен ТЖБ-дан бас тарту орынды шешім болуы мүмкін деп санайды. Оның айтуынша, бұл жастағы балалар үшін ең маңыздысы – оқу, жазу және ойлау қабілетін қалыптастыру.
Бастауыш сынып оқушылары білімнің іргетасын енді қалап жатқан балалар. Сондықтан бұл кезеңде ең алдымен олардың базалық дағдыларын қалыптастыру маңызды. Диктант, мазмұндама, бақылау жұмыстары осы мақсатқа көбірек қызмет етеді деп ойлаймын, – деді ол.
Мектеп басшысының айтуынша, БЖБ мен ТЖБ енгізілгеннен кейін ата-аналар тарапынан да көптеген сұрақтар туындаған.
Кейбір балалар бағалау кезінде қатты қобалжыды. Ата-аналар да алаңдады. Бұл мұғалімдер үшін де қосымша жүктеме болды. Сондықтан бастауышта баланың психологиялық жай-күйі мен жас ерекшелігі ескерілуі керек, – дейді Рысжан Шамұратова.
Диктант пен мазмұндама қайта оралуы керек пе?
Рысжан Шамұратова бұрынғы дәстүрлі бағалау тәсілдерінің тиімді болғанын айтады.
Біз өзіміз бала кезімізде диктант та, мазмұндама да, бақылау жұмыстары да жаздық. Соның арқасында сөздік қорымыз қалыптасты, ойымызды еркін жеткізуге үйрендік. Сондықтан бұл тәсілдер қайта енгізілсе, білім сапасына оң әсер етеді деп есептеймін, – деді ол.
Сонымен қатар директор бағалау үдерісін цифрландыру қажеттігін де көтерді. Оның айтуынша, Қытай мектептерінде бақылау жұмыстары арнайы аппараттар арқылы тексеріледі. Мұндай жүйе бағалаудың әділдігіне күмән туғызбайды.
Егер бізде де бақылау жұмыстарын автоматты түрде тексеретін жүйелер енгізілсе, бағалаудың ашықтығы артып, мұғалімге де, ата-анаға да күмән азаяр еді, – деді мектеп басшысы.
Кеше, 09:39
«Ботаникалық бақта пикник жасауға болмайды»: рейдтен кейінгі көрініс16 Шілде, 17:14
Финалда Испания жеңіске жетеді – сарапшы болжамы15 Шілде, 12:09
Зендеяны стиль иконасына айналдырған адам: Лоу Роуч туралы не білеміз?14 Шілде, 17:41
ӘЧ-2026: қай құрама финалға жолдама алады?