30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыҚазір блогер болу үшін міндетті түрде қалада тұрып, сәнді жерде контент түсіру керек деген түсінік бар. Алайда ауылда тұрып-ақ жүздеген мың оқырман жинап, өз кәсібін дамытып, еңбегін табыс көзіне айналдырып жүрген әйелдер бар.
Соның бірі – Шарипа Базарбаева. Бір кездері тележүргізуші болған ол бүгінде қала өмірін тастап, жолдасы Өркенмен бірге мал шаруашылығымен айналысады. Ал екінші кейіпкеріміз – Батыс Қазақстанның шалғай ауылында тұратын ұстаз әрі блогер Айнұр Жәкенова. Көпшілік оны Instagram желісіндегі «Тракторшының махаббаты» парақшасы арқылы жақсы таниды.
Екеуінің өмір салты әртүрлі болғанымен, ұқсастығы біреу: олар ауылдағы қарапайым тіршілікті контентке айналдырып, өз аудиториясын қалыптастырған.
Тележүргізушілікті мал шаруашылығына айырбастаған
Шарипа Базарбаева кезінде телеэкраннан көрінген тележүргізуші еді. Кейін ол өмірін түбегейлі өзгертіп, ауылға көшіп, мал шаруашылығына бет бұрды.
Бүгінде Шарипаның Instagram парақшасында 125 мың, TikTok-та 80 мың оқырманы бар. Оның кейбір бейнероликтері 2-3 миллионға дейін қаралым жинайды.
Шарипа – үш баланың анасы. Жолдасы Өркен фермерлікпен айналысады. Ал Шарипа отбасы мен шаруашылықты қатар алып жүріп, ауыл өмірін әлеуметтік желіде көрсетеді.
Оның контенті тек малдың немесе ауыл табиғатының әдемі көріністерінен тұрмайды. Блогер мал шаруашылығына қатысты тәжірибесімен бөлісіп, дәрі-дәрмек, мал күтімі, өндіріс және ауылдағы күнделікті тіршілік туралы пайдалы кеңестер ұсынады.
Шарипа ауылға көшуді сырт көзге көрінетіндей жеңіл нәрсе емес екенін де ашық айтады.
Көп адам маған: «Қаланың өмірін тастап, ауылға көшіп, өзіңе өзің бастық болып, жаның қалаған іспен айналысу қандай керемет!» деп жазады. Мұны айту оңай. Сырт көзге бәрі көңілді әрі жеңіл көрінеді. Бірақ мал бағудың өзі білімді қажет етеді. Оған дайындық керек. Бұл кез келген адамға жарайтын жұмыс емес. Сабыр мен көп еңбекті талап етеді, – дейді ол Хабар арасына берген сұхбатында.
Шарипаның айтуынша, ауылда өмір сүруді бала кезінен армандаған. Алайда алғашқы екі жылы түрлі сынақтарға толы болған. Соған қарамастан, ол бүгінде ауыл тіршілігін өзіне ұнайтын іске айналдырып отыр.
517 мың адамға ауыл өмірін көрсетіп жүр
Ал Айнұр Жәкенованың блогы мүлдем басқа әсер қалдырады. Ол Батыс Қазақстанның шалғайдағы Бөрте ауылында тұрады. Ұстаздық қызметін атқарып, үй шаруасын жасап, бала тәрбиелеп, ауыл тіршілігіне араласып жүріп әлеуметтік желіде танылған.
Instagram-дағы «Тракторшының махаббаты» парақшасының бүгінде 517 мың оқырманы бар.
Айнұрдың ерекшелігі – ол көрерменге мінсіз өмірді көрсетуге тырыспайды. Керісінше, ауылдағы қарапайым үйін, қорадағы малын, сиыр саууын, үй шаруасын, от жағуын, күнделікті күйбең тіршілігін сол қалпында көрсетеді.
Менің мақсатым – ауыл тіршілігін насихаттау, ауыл әйелінің әдемі образын көрсету. Ауылда мал бағып, сиыр сауып, май шайқап жүріп те адал еңбекпен әдемі өмір сүруге болатынын өз тәжірибеммен көрсету. Ауылдың бітпейтін күйбең тірлігімен өздерін ұмытып кететін еңбекқор сіңлілеріме серпіліс беру. Адамдарды ауылға шақырғым келеді, – дейді Айнұр Ernur.kz порталына берген сұхбатында.
Оның бір күні де оңай басталмайды. Таңғы сағат 5-те тұрып, сиыр сауып, сепаратор тартып, бұзауларын суарады. Одан кейін мектептегі жұмысына барады. Жұмыстан келген соң үй шаруасына кіріседі.
Қыста от жағып, тамақ істейді. Яғни ауыл әйеліне тән күнделікті тірліктің бәрін атқарады.
Сонымен бірге Айнұр өзіне де уақыт табуға тырысады. Таңертең сиыр сауып болған соң Бөрте бойымен 30-40 минут жүгіріп, табиғат аясында сергіп алады.
«Тракторшының махаббаты» атауы қайдан шыққан?
Айнұрдың парақшасының ерекше атауы да оқырманның қызығушылығын арттырады.
Оның жолдасы – фермер, трактор айдайды. Сондықтан блогер ерекше әрі есте қалатын атау іздеп, «Тракторшының махаббаты» деген атауды таңдаған.
Көпшілік оны осы атауына байланысты танымал фильммен байланыстырады. Тіпті кейбірі «қаладан ауылға келіп, тракторшы жігітке тұрмысқа шыққан қыздың оқиғасына ұқсайды» деп пікір білдіреді. Алайда Айнұрдың айтуынша, парақшаның фильмге еш қатысы жоқ.
Екі блогердің де аудитория жинаудағы басты ерекшелігі – жасанды образ жасамауында.
Олар аспандағы айды көрсетіп, қолжетпес сәнді өмірді насихаттап отырған жоқ. Бірі мал шаруашылығын дамытып, тәжірибесін бөліссе, екіншісі ауыл әйелінің күнделікті еңбегін көрсетеді.
Айнұрдың контентінен сиыр сауып жүрген әйелді, жайлаудағы тіршілікті, мектепке асыққан ұстазды, үй шаруасындағы келінді көруге болады. Ал Шарипа мал өсірудің қыр-сырын, ауылдағы өндірісті және шаруашылықтың күнделікті жұмысын көрсетеді.
Олардың оқырманын қызықтыратыны да – осы шынайылық.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды